Журналист Думан Мұхаммедкәрім "бейбіт жиын тәртібін бұзды" деген айыппен 25 тәулікке қамалды. Бұл жөнінде адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.
Сот шешімі 2 мамырға қараған түні Қонаев сотында оқылды.
Прокурор сотта журналистің 30 сәуір күні таратқан видеосында митингіге шақыру туралы "жасырын үндеу" барын айтқан. Ал адвокат Ғалым Нұрпейісов видеода автор митингіге шақырған жоқ деп отыр. Ол шешімді апелляцияға беретінін де жеткізді.
"1 мамыр – қазақты мазақ қылу мерекесі. Үйден шықпаңыздар, диваннан тұрмаңыздар, ал мен шығамын" атты видеода журналист Қазақстанда аталып өтетін Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін сынап, Қазақстан халқы ассамблеясы қазақ халқының мүддесіне қайшы әрекет етіп отыр деп есептейтінін айтты.
Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, Думан Мұхаммедкәрімнің үстінен 405-бап бойынша ("тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") да қылмыстық іс қозғалған. Журналистің статусы – қорғалуға құқығы бар куәгер. Істі Іле аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.
– 405-баптың 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 25 тәуліктен кейін Думанды қамауға алуы мүмкін. Сараптаманы тездетіп жатыр. Мақсаты – Думанның аузын жабу, – деді Ғалым Нұрпейісов.
Полиция іске қатысты түсініктеме бермеді.
"Не дейді?" (ND) арнасының авторы Думан Мұхамедкәрім шамамен екі апта бұрын 25 күндік әкімшілік қамаудан босап шыққан. Мәжіліске кандидат болған ол сайлау нәтижесіне келіспейтінін айтып, жұртты бейбіт наразылыққа шақырған еді. Ізінше "бейбіт жиын тәртібін бұзғаны үшін" 25 күнге қамалды.
Адвокат Ғалым Нұрпейісов бұған дейін шешімді кассацияға бергенімен, шағымы қаралмағанын айтты.
– Жоғарғы сот шағымды қабылдады. Сосын бір аптадан кейін "қызметтік куәлікті тіркемедің" деп маған қайтарып жіберді. Негізі, біз қызметтік куәлікті кірген кезде ғана көрсетеміз. Біз электрон тізімде бармыз ғой. Кез келген адвокатты тексеру оңай. Бірақ олар осыны желеу етіп, қайтарды, – дейді Ғалым Нұрпейісов.
Қазақстанда құқық қорғаушылар билікті "бейбіт жиын өткізіп, пікірлерін ашық айтқысы келгендерді, билікке наразыларды қудалайды" деп жиі сынайды. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.
Елде бұған дейін жүздеген белсенді "тыйым салынған ұйымның ісіне қатысы бар" деген айыппен қылмыстық жазаға тартылған. Бұл бап бойынша сотталған белсенділердің көбі шетелде тұратын экс-банкир Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы мен "Көше партиясына" қатысы бар деп айыпталған. Астана соты аталған екі ұйымды "экстремистік" деп танығанымен, Еуропарламент оларды "бейбіт оппозициялық қозғалыстар" деп атайды.
ПІКІРЛЕР