19 маусымда Алматының Медеу аудандық полициясы қоғам белсендісі, тарихшы Есенғазы Қуандыққа "тіркелмеген ұйым жиынына қатысты" деп, 200 мың теңгеге жуық айыппұл салған. Белсенді айыпқа келіспей, прокуратураға шағымданатынын айтты.
Медеу аудандық полиция бөлімшесі қызметкерінің айтуынша (есімін айтпады), белсенді 29 сәуірде Алматыдағы кафелердің бірінде рұқсат етілмеген жиынға қатысқан.
-Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 489-бабы, 10-бөлігі бойынша айыппұл салынды. Біз тек орындаушы органбыз, жоғары жақтан жиынға қатысқан адамдардың тізімі беріледі, соларға хаттама толтырамыз, - деді полиция қызметкері Азаттыққа.
Есенғазы Қуандықтың сөзінше, полиция айтқан "рұқсат етілмеген жиын" - 19 наурызда мәжіліс пен мәслихатқа өтпеген кандидаттардан және қоғам белсенділерінен құрылған "Халық парламентінің" жиыны.
Есенғазы Қуандық бұл жиынға сарапшы ретінде азаматтық құқық туралы пікір бөлісуге барғанын айтады.
"Полицияның мені аңдып жүргеніне бір жұма болды. Маған "түсіндірме жұмысын жүргіземіз" дейді. Бүгін үйге келіп, айыппұл салып кетіпті. Мен ол жиынға сарапшы, ғалым ретінде пікір айтуға бардым. Бұлар конституцияның 32-бабындағы бейбіт жиынға қатысу құқығымды бұзып отыр. Мен еш ұйымға тіркелмегенмін", - деді Есенғазы Қуандық.
29 сәуірдегі "Халық парламентінің" жиынын ұйымдастырған белсенді Батыр Адайбаевтың айтуынша, қазірге дейін жиынға қатысқан кемі төрт адамға айыппұл салынған. Жиында бірнеше мәселе көтерілген.
- Білуімше, сол жиында микрофон алып сөйлегендердің бәрін шетінен қудалап жатыр. Жиынның басты тақырыбы 19 наурызда өткен парламент сайлауындағы заң бұзушылық пен Қазақстан - Қытай арасындағы визасыз режим болды, - деді Адайбаев.
«Халық парламенті» 19 наурызда өткен сайлаудың ресми нәтижесімен келіспеген белсенділердің бастамасымен құрылған. Олар бұған дейін "халық сайламаған" Астанадағы парламентке балама ретінде жұмыс істейтінін, қоғамдағы көкейтесті мәселелерді қозғап, талқылайтынын айтқан.
Осыған дейін "Халық парламентінің" екі жиынына қатысқан белсенділер әкімшілік жазаға тартылған. Арасында Рысбек Сәрсенбайұлы, Мұхтар Тайжан, Әлнұр Ілияшев, Инга Иманбай және өзге белсенділер бар.
Қазақстанда құқық қорғаушылар билікті "бейбіт жиын өткізіп, пікір айтқысы келгендерді, наразыларды қудалайды" деп жиі сынайды. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Халық парламентінің" жиыны: Активті өз еркімен тапсыру туралы норма – ұрланған байлыққа амнистия жасаумен пара-пар