Accessibility links

"Халық парламентінің" жиыны: Активті өз еркімен тапсыру туралы норма – ұрланған байлыққа амнистия жасаумен пара-пар


“Халық парламенті” жиыны. Алматы, 10 маусым 2023 жыл.
“Халық парламенті” жиыны. Алматы, 10 маусым 2023 жыл.

"Заңсыз алынған активтерді елге қайтару" туралы заң жобасын талқылаған "Халық парламентінің" жиынына жиналғандар "құжат мемлекетті тонағандарға жауаптан жалтаруға мүмкіндік береді, тіпті заңсыз алған активтерін заңдастыруға жағдай жасауы мүмкін" деген қауіп айтты. Жиында бұған қоса, Ресейдің ҰҚШҰ әскерін пайдалану ықтималдығы, Қытаймен әріптестік мәселелері айтылды.

10 маусымда Алматыда «Халық парламентінің» үшінші жиналысы өтті. Оған 20-ға жуық адам жиналды. Жиын болады деген ғимараттың артында ондаған полиция қызметкері мен кемі үш автозак тұрды.

Жиынға қатысқан қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, сенбі күні ұйымдастырушылардың бірі Жарқын Күрентаевты полиция үйінен ұстап әкеткен. Әзірге қайда, не себептен алып кеткені себебі белгісіз. Азаттық белсендіге хабарласа алмады.

"Халық парламентінің" жиыны өтетін ғимарат алдында тұрған полицейлер. Алматы, 10 маусым 2023 жыл.
"Халық парламентінің" жиыны өтетін ғимарат алдында тұрған полицейлер. Алматы, 10 маусым 2023 жыл.

Жиналыста үш тақырып күн тәртібіне қойылды: "Шетелге заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң жобасы, Қазақстан әскерін ҰҚШҰ құрамында Ресейде пайдалану мүмкіндігі, Қазақстан мен Қытай арасындағы келісімшарттар (визасыз режим).

Жиында 19 наурызда мәжіліс және мәслихатқа өтпей қалған заңгерлер Батыр Адайбаев пен Олжас Әбілқайыр және «Атажұрт» тіркелмеген партиясының белсендісі Гүлжан Тоқтасын тақырыпқа сай баяндама оқыды.

Заңгер Батыр Адайбаев шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң жобасын сынға алды. Оның айтуынша, жоба қазіргідей мазмұнда қабылданып кетсе, заң нәтиже бермейді.

– Заңсыз шығарылған активтерге қатысты істерді тергеуге шетелдік мамандарды да шақыру қажет, - деді ол жиында.

Оның ойынша, заң жобасындағы “активтерді өз еркімен тапсыру” туралы норманы алып тастау керек. "Активтерді өз еркімен тапсыру туралы норма бұл амнистиямен пара-пар" деді ол.

Бұған дейін жобадағы осы норманы "Елге қайтару" қорының өкілдері де сынаған еді.

Қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбай активтерді қайтарумен айналысатын Қазақстанның бас прокуратурасына сенімсіздік білдірді. Ол заң жобасы қайта жазылуы қажет және жобаны әзірлеуге қоғамдық ұйымдар мен қорларды, осы іске мүдделі белсенді адамдарды қатыстыру қажет деп санайды.

Оның айтуынша, мысалы заң жобасында "заңсыз алынған байлық" деген ұғымның өзіне де дұрыс анықтама берілмеген.

– Мына заң жобасы мүлде жарамсыз. "Заңсыз алынған байлық" дейді. Қандай байлық? Заңбұзушылық неден болды? Сыбайлас жемқорлықтан, қызметтік лауазымын асыра пайдаланудан, алаяқтықтан болды. Бұның әрқайсысы жеке-жеке қылмыс, арнайы қылмыстық баптары бар, бәлен жылға дейін бостандығынан айыру не шектеу деген жаза қарастырылған. Сондықтан заңсыз алынған байлық деген анықтамасы жайма-шуақ беріле салмауы керек. Байқасаңыз, қылмыстық деген сөзді қоспайды, қылмыстық тексеру, қылмыстық зерттеу, қудалау деген заңды терминдер жоқ. Ешқандай жаза жоқ, - деді қоғам белсендісі жиында.

Жуырда парламентке "Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң жобасы түскен. Депутаттар жобаның кей тұсын сынағанымен, оны алғашқы оқылымда мақұлдаған.

Көктемде Алматы қалалық мәслихатына өте алмай қалған белсенді, заңгер Олжас Әбілқайыр сенбі күнгі Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан (ҰҚШҰ) қауіп көретінін айтты. Оның айтуынша, Қазақстан Ресейдің саяси құралына айналмауы керек.

– Қайбір күні қорғаныс министрінің орынбасары бір сұхбатында: біз ҰҚШҰ құрамында бітімгерлік күштерді орыстың басшылығымен пайдалануға келісімшартқа қол қойдық деді. Енді әскерді аттандыру парламенттің құзырында дегенді айтты. Ресеймен жасалған қай келісімшартты алып қарасаңыз да, басында аталған және соңғы нәтиже екеуі бір-біріне байланысы болмайды. Кедендік одақты алып қараңыз, автоөнеркәсіпті дамыту бағыты, атом, химия, мұнай өндірісі саласындағы келісімнің бәрінің басында айтылған бағыты ақыр аяғында өзгеріске ұшырайды. Бұдан қауіп көру керек, - деді Олжас Әбілқайыр.

7 маусымда қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстан әскері Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдерге жіберілмейтінін айтқан. "Қазақстандық әскерилер тек БҰҰ бітімгершілік күштерінің құрамында ғана болады. Ешкім ҰҚШҰ-на мүше елдерінің аумағына жіберілмейді" деген.

Жиын соңында Рысбек Сәрсенбай қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім негізсіз, заңсыз қудаланып жатқанын айтты. Ол журналисті қорғайтын комитет құруды ұсынды. Комитет құрылса, прокуратураға, тергеу орындарына барады, жиындар, баспасөз мәслихатын өткізеді, халықаралық ұйымдармен байланысады деді.

Белсенді Астанада қамалған «Алға Қазақстан» тіркелмеген партиясының белсендісі Марат Жыланбаевты, жемқорлық бабымен қамалған Нұржан Әлтаевты негізсіз қудаланып жатыр деп санайды.

– Соттатып қойып, қарап отыра алмаймыз. Билікке сенбейміз. Күресе береміз, - деді Рысбек Сәрсенбай.

'Халық парламенті" көктемдегі парламент сайлауынан кейін оның ресми нәтижесімен келіспеген белсенділердің бастамасымен құрылған. Олар бұған дейін "халық сайламаған" Астанадағы парламентке балама ретінде жұмыс істейтінін, қоғамдағы көкейтесті мәселелерді қозғап, талқылайтынын айтқан.

Осыған дейін "Халық парламентінің" екі жиынына қатысқан белсенділер әкімшілік жазаға тартылған. Арасында Рысбек Сәрсенбайұлы, Мұхтар Тайжан, Әлнұр Ілияшев, Инга Иманбай және өзге белсенділер бар.

Қазақстанда құқық қорғаушылар билікті "бейбіт жиын өткізіп, пікір айтқысы келгендерді, наразыларды қудалайды" деп жиі сынайды. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG