"Жарылыс болса, қаланың тең жартысы кетер еді". Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы апаттың салдары

"Атырау мұнай өңдеу зауытынан" шыққан түтін. 3 шілде 2023 жыл

3 шілдеде Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы (МАЭК) апат облысты біраз әуре-сарсаңға салды. Атырау облысындағы бірнеше аудан мен ауыл, Атырау қаласындағы көптеген шағын аудан мен ауылында жарық өшіп, ауыз су тоқтады. Көшелердегі бағдаршамдар істен шығып, көлік кептелісі болды. Комбинаттағы апаттан "Атырау мұнай өңдеу зауытында" (АМӨЗ) электр қуаты өшіп, соның салдарынан бір мұнарада өрт шығып, қою қара түтін ауаға тарады. Кейін зауытта да апат болып, жұмысын мәжбүрлі түрде тоқтатты. Атырауда не болды? Қазіргі жағдай қалай?

Атырау қаласы маңындағы Томарлы ауылының тұрғыны Алма Қалусариева кеше, 3 шілде кешкісін АМӨЗ жақтан шыққан қызыл жалынды көргенде бойын қорқыныш билеген. Басында "зауытта ғана бір жағдай болса керек" деп топшылаған тұрғын жұмыстан үйіне қайтқанда қалада жарық жоқ екенін аңғарған.

- Жұмыстан кептелісте тұрып қалмайын деп ертерек 17.30-дан кете шығып едім, көше қиылысына келгенде бағдаршам өшіп тұрғанын көрдім. Көліктер кептеліп, жүре алмай қалды. Сосын жүргізушілер өздері көліктерінен шығып, көлік қозғалысын реттеді. Реттеуші де жоқ. Сол жерде полицияға хабарласып, жолды реттейтін жол полиция қызметкері керек деп айттым, - дейді ол.

Ал қаланың тағы бір тұрғыны Арман Алмұханов Атырау жұрты үлкен бір апаттан аман қалды деп топшылайды.

- "Атырау мұнай өңдеу зауытында" бір-екі сағат тоқ болмаса, жарылыс болып, қаланың тең жартысы кетер еді. Зауыттың факелі босқа жанып кетті, оны тоқ ретінде пайдалануға болар еді. Қазір технология дамып кетті. Зауыттың өзін тоқпен қамтамасыз ету керек. Атырауда неше жылдан бері уланып жатырмыз. Ештеңе шешілмейді. Алматыға көшіп кетеміз бе деп жүрміз, - дейді ол Азаттыққа.

Your browser doesn’t support HTML5

"Жағдай қиындай береді". Маңғыстаудағы апат салдары әлі реттелмеді

3 шілдеде апаттан Атырау облысындағы Жылыой, Исатай, Қызылқоға, Мақат, Махамбет аудандары және Атырау қаласының сол жақ жағалауындағы 26 ықшам ауданда жарық сөнгенін айтады. Энергетика министрлігі 11 мың адам жарықсыз қалғанын хабарлады.

3 шілде кешкісін тиісті мекемелер жарықсыз қалған тұрғындарға біртіндеп жарық беріліп жатыр деген, бірақ жұрт жарықтың бір өшіп, бір жанып тұрғанын айтқан еді. Ал бүгін, 4 шілдеде Атырау облысы мен Атырау қаласының тұрғындары, жарық берілгенін жеткізді. "Атырау жарық" мекемесі қала мен аудандардағы барлық тұрғын үйге жарық берілгенін, ірі кәсіпорындарды электр энергиясына біртіндеп қосып жатқанын мәлімдеді.

МАЭК ПЕН АМӨЗ: ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ ҚАЛАЙ?

Маңғыстау облысын ғана емес БҚО, Атырау облысының бір бөлігін электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған МАЭК-те 3 шілде 17:30-да қазандыққа келіп тұратын тоқтың күрт өсуіне байланысты №1 энергия блогы істен шыққан. Кейін Атырауда, басқа да елдімекендерде жарық өшіп, ауыз су тоқтады. "Атырау мұнай өңдеу зауытында" электр қуатының азаюынан бір мұнарада өрт шығып, аспанға қою түтін көтерілген. Зауыт "қондырғылардағы шамадан тыс қысым факелге жіберілгендіктен өрт болды" деген.

"Атырау мұнай өңдеу зауыты" кешені.

Комбинаттағы апатқа байланысты Маңғыстау және Атырау облыстарындағы "Өзенмұнайгаз", "Маңғыстаумұнайгаз", "Қаражанбасмұнай", "Ембімұнайгаз" кен орындарында мұнай өндіру жұмысы жартылай және толық тоқтатылды. Ұңғымалардағы жұмыс электр қуаты қосылғанда қайта басталатыны айтылады. АМӨЗ жұмысы әлі тоқтап тұр, зауыт 6 шілдеде біртіндеп қосылатыны хабарланды.

"Атырау мұнай өңдеу зауытында" өрт болған соң билік елде жанармай қоры жеткілікті екенін, Шымкент пен Павлодар облысындағы мұнай өңдеу зауыттары жұмысын жалғастырып жатқанын айтты. АМӨЗ баспасөз қызметі "жинақталған қор есебінен мұнай өнімдерін жөнелту жалғасып жатыр" деп отыр.

3 шілде түнде Ақорданың телеграм-каналы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың МАЭК пен АМӨЗ-дағы апатқа байланысты мемлекеттік комиссия құруды және "кінәлілерді заңға сай жауапқа тартуды" тапсырғанын хабарлады. Ақорда үкіметке екі кәсіпорындағы жұмысты қысқа мерзімде қалпына келтіруді де тапсырған.

"ТОЗҒАН КОМБИНАТ, ЕСКІРГЕН ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ"

4 шілдеде үкіметте Маңғыстау мен Атырауда болған жағдай талқыланып, премьер-министр Әлихан Смайылов та "кінәлілер жауапқа тартылады" деді. Үкімет басшысы "қолда бар отын қоры бүкіл елге жетеді, елдегі мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы тоқтайды деген алып-қашпа әңгімелер шындыққа жанаспайды, жағдай бақылауда" деп сендірді.

Смайылов энергетика министрлігіне апаттың себебін тексеру үшін комиссия құруды, оның құрамына ҰҚК, бас прокуратура, KEGOC, "Самұрық-Энерго", "ҚазМұнайГаз" өкілдері мен тәуелсіз сарапшыларды енгізуді тапсырған.

МАЭК қазір толық Маңғыстау облысы әкімдігінің балансында. Облыс әкімдігі апаттан кейінгі жағдайды қалпына келтіріп, жөндеу жұмыстары үшін бюджеттен 4.9 млрд теңге сұрап отыр. Ал энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев аса маңызды стратегиялық объектінің қараусыз қалғанын мойындайды. Ол апатты тарифтердің төмендігімен де байланыстырды.

- Бұл апат - кәсіпорынды ұзақ уақыттан бері қаржыландырмаудың салдары. Әбден тозығы жеткен. Тарифтердің жетіспеушілігінен толық жөндеу жасалмаған. Жалақының төмендігінен кәсіби мамандардың жетіспеушілігі тағы бар. Осының бәрі №1 блоктағы ааптқа алып келді. Бұл апат ертең (5 шілде) кешке дейін қалпына келеді деп жоспарлап отырмыз, - деді министр.

Ал KEGOС компаниясының бұрынғы басшысы, кәсіби энергетик Әсет Наурызбаев Батыс аймақтағы электр желілері ескі екенін айтады.

- Батыстағы Орал, Атырау, Ақтаудағы электр желілері совет одағынан қалған ескі. Қазір тұтыну көлемі өскен. Сондықтан Батыс аймақта жаңадан электр желілерін салу керек. Сонда мұндай мәселелер болмайды. KEGOC пен энергетика министрлігі бұл мәселеге назар аудармады. Мұнайдан көп пайда түскенде де бұл іс неге атқарылмағаны түсініксіз, - дейді сарапшы.

Апат болған МАЭК-те былтырдан бері жұмысшылар бірнеше рет ереуілге шығып, еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көтеруді де талап еткен еді. Қызметкерлер құрал-жабдық тозғанын да көтерген. Бірақ кәсіпорын басшылығы ереуілді басып тастағаны айтылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Энергетика министрі Сәтқалиев: МАЭК қызметкерлері еңбегіне лайық ақы алуға тиіс екенін түсініп отырмыз