Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) парламенттік ассамблеясы Ресейдің "Вагнер" жеке әскери компаниясын террор ұйым деп танитын резолюция қабылдады. Құжат ассамблея сайтында жарияланған.
"Ресей үкіметінің мүддесіне әрекет ететін "Вагнер" тобы мәні мен мазмұны тұрғысынан террор ұйым ретінде сипатталады, сондықтан "Вагнер" тобын ұлттық биліктердің террор ұйым ретінде тануына негіз бар" дейді құжатта.
Резолюцияда "Вагнер" тобы Ресей мүддесіне әрекет еткенін өткен аптада Владимир Путин де растап, толығымен мемлекет қаржыландырғанын мойындағаны да айтылған. "Бұл - Вагнер тобының шетелдегі әрекеттеріне Ресей жауап береді дегенді білдіреді" деп көрсетілген.
Ассамблея "Вагнерді" қолдағаны және Балтық елдерінің қауіпсіздігіне қатер төндіріп, өз жерінде жалдамалыларға база салуға рұқсат еткені үшін Беларусьті айыптаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Беларускі Гаюн": Пригожиннің ұшағы Минск түбіндегі әуежайға қонды23-24 маусымдағы Пригожин бүлігінен кейін Александр Лукашенконың араласуымен "Вагнер" Беларуське ауысқаны белгілі болған.
Парламенттік ассамблея ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің бәрін қолдарындағы құқықтық құралдарды пайдаланып, "Вагнер" әскери жеке компаниясының жолын кесуге, террор ұйым деп тануға шақырған.
Биыл сәурде Еуропа одағы "Вагнер" тобын "Ресейдің Украинаға басқыншылығына белсенді қатысқаны үшін" санкция тізіміне қосқан.
ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының сессиясы 30 маусым мен 4 шілде аралығында Канаданың Ванкувер қаласында өткен. ЕҚЫҰ-ға мүше 57 елдің елуі қатысқан.
Қазіргі уақытта ЕҚЫҰ Украина, Ресей және АҚШ мүше саналатын Еуропадағы қауіпсіздік бойынша жалғыз ұйым.
Былтыр қараша айында Украина Ресейді мүшеліктен шығармаса, парламенттік ассамблея отырысына бойкот жариялайтынын мәлімдеген.
ЕҚЫҰ бас хатшысы Хельга Шмид келіссөз арнасын сақтап қалу үшін Ресейдің бұл ұйымда қала бергені жөн деген пікір айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Генерал Суровикин және басқалар. Ресейде "Пригожин бүлігінен" кейінгі тазарту басталып кетті ме?