ҰШТЫ-КҮЙЛІ ЖОҒАЛУ
Өзіне бағынышты жалдамалы әскерді Ресей астанасына жорыққа бастаған "Вагнер" жеке меншік әскери компанияның жетекшісі Евгений Пригожиннің "бүлігінен" соң бірнеше күн өткенде танымал әскербасылар мен қоғам қайраткерлері көзге түспей кетті.
Президент Владимир Путин билік басындағы 23 жылда өзіне төнген ең үлкен қатер болған "бүліктен" кейін өз режимін олигарх Пригожинмен жасырын немесе ашық одақ құрған әскери басшылардан және өзге адамдардан тазартатынын мәлімдеген. Бұған қоса "бүлікке" жол бергендерден де, немесе Украинадағы сәтсіздіктер үшін жауап беруге тиіс деп білетін адамдардан да арылуды ұйғарған болуы мүмкін.
"Вагнер" жеке меншік әскер тобының қарулы бүлігі Ресей қарулы күштерін кең көлемді тазартудан өткізуге ілік болды", – деп жазды Ресей қорғаныс министрлігінің бұрынғы шенеунігімен байланысы бар "Рыбарь" telegram-каналы.
Армия қатарын тазарту жүргізілетін болса, нысанаға кімдер ілінуі мүмкін, Пригожин қорғаныс министрлігінде, күш құрылымдарында немесе өзге ұйымдарда кімдерге арқа сүйеген – ол жағы әзірше белгісіз. Көптің назарынан жым-жылас болғандардың кейбірі басымды аман сақтап қалам ба деп үмітпен бұйрық бойынша немесе өз ақылымен дағдарыс басылғанын күтіп, көзге күйік болмай тыныш жатуды ұйғарса керек.
Ресейлік саяси талдаушы Татьяна Становая Путиннің кеңесшілерінен немесе өзге де ықпалды адамдардан кімдер қызметтен кетірілетіні және ауыс-түйіс көлемі қандай болатыны әзірше айқын емес деп есептейді.
"Қазіргі ахуалдың ерекшелігі сол, Путин ішкі мәселелерді шешуде тізгіннен біртіндеп айырыла бастады, – деп жазды ол Twitter’де. – Эмоцияға ерік беруі оны манипуляцияға тез көнгіш қылады. Қазір Путин режиміндегі жаңа кезеңге – оның іс-әрекетінің траекториясын қалыптастыруға төңірегіндегілердің белсенді араласа бастағанына куә болып отырған сияқтымыз".
Көптің назарынан кімдер жым-жылас жоғалып, кімдер көзге түсіп жатыр? Соған тоқталайық.
СУРОВИКИН
Іске аспай қалған "бүліктен" соң Пригожиннен кейін көптің назары ауған екінші адам – ресейлік таблоидтар "генерал Армагеддон" деп атайтын генерал Сергей Суровикин болды.
Былтыр қазан айында Путин Суровикинді Украинаға қарсы соғысып жатқан Ресей әскерінің бас қолбасшысы етіп тағайындаған. Бірақ кейін ол орыннан ысырып, Ресей әскери-ғарыш күштерінің қолбасшысы етіп қойған.
Ол кезде Ресей армиясы сәтсіздікке ұшыраған еді: Украина қарулы күштері елдің солтүстік-шығысындағы Харьков облысында шабуылға шығып, басқыншыларды есеңгіретіп тастаған. Суровикин Украинаның электр желісі мен азаматтық инфрақұрылымын ракетамен атқылауды бұйырды. Украина әскерінің шабуылы оны Ресей әскерін Днепрдің оң жағалауынан оңтүстікке, Херсон облысына әкетуге мәжбүр етті.
Путиннің Суровикинді бас қолбасшы етіп тағайындауын Кремльді Украинаға қарсы соғысты бұдан да қатаң жүргізуге үндеп жүрген Пригожин мен өзге де радикал ұлтшылдар қуана құптаған. 2010 жылдардың аяғында Ресей Сириядағы жанжалға араласқан кезде Суровикин мақсатына жету жолында аяушылықты білмейтін қатыгез басшы ретінде аты шыққан. Оның Пригожинмен байланысы да Сирияда жүрген кезде нығайған тәрізді.
"Суровикин қатыгез, бірақ ресейлік қолбасшылар арасында қабілеті артық", – деп жазған еді Лондон корольдік колледжінің әскери зерттеу жөніндегі құрметті профессоры Лоуренс Фридман Twitter’де.
Бірақ Украинадағы соғыста Суровикин бас қолбасшы қызметінде үш-ақ ай отырды: биыл қаңтарда Путин оны төмендетіп, орнына Ресей қарулы күштерінің бас штабын бұрыннан басқарып келе жатқан сенімді серігі генерал Валерий Герасимовті тағайындады.
"Бүлік" басталған алғашқы сағатта "Вагнер" жеке меншік әскер тобының жауынгерлерін райынан қайтуға үндеген Суровикиннің сөзі жазылған видео тарады. Бірақ кейбіреуге видеодағы Суровикиннің іс-қимылы күмәнді көрініп, оны осылай сөйлеуге мәжбүрлеген жоқ па деген сұрақ пайда болды.
Әлгі видеодан кейін Суровикинді ешкім көрген де, естіген де жоқ.
Financial Times, Moscow Times және Ассошиэйтед Пресс Суровикин бүлікті тергеу аясында ұсталған болуы мүмкін деп хабарлады. Бірақ (егер бұл хабар рас болса) ол күдікті ме, әлде куәгер ме деген сұраққа да жауап жоқ.
Ресей билігі жауып тастаған "Эхо Москвы" радиосының бас редакторы Алексей Венедиктов 28 маусымда Telegram-да Суровикин кейінгі үш күннен бері отбасына хабарласпаған деп жазды.
29 маусымда тергеу абақтылары мен түрмелердегі жағдайды бақылайтын Мәскеу қоғамдық қадағалау комиссиясы басшысының Telegram-да жариялаған посты қоғамда сауалды одан сайын көбейтті.
"Лефортовода" да, басқа тергеу абақтыларында да ол жоқ", – деп мәлімдеді Алексей Мельников. "Лефортово" – мемлекетке опасыздық жасау және тыңшылық қылмыстарына күдіктілер қамауда ұсталатын Мәскеудің қатаң режимдегі атышулы түрмесі.
ПРИГОЖИН
Дауысы "Вагнер" жалдамалы әскер тобы басшысының үніне ұқсайтын адамның сөзі жазылған 11 минуттық аудио 26 маусым кешке, "бүлік" басылғаннан соң 48 сағат өткенде Пригожиннің telegram-каналында жариялағаннан кейін одан басқа хабар болмады.
"Біз әділетсіздікке бола жорық бастадық, – деп мәлімдеді ол. – Қазіргі режим мен заңды сайланған билікті төңкереміз деген мақсат қойған жоқпыз, ол туралы көп айтылды. Орыс сарбазының қанын төкпеу үшін кері қайттық".
Бірақ бұл аудиода қашан, қай жерде жазылғаны көрсетілмеген, Пригожиннің қайда екені де айтылмайды.
Пригожинмен мәміле жасалғаны, енді ол Беларуське кететіні, ал "Вагнер" жауынгерлеріне өз басшысымен бірге сол елге кету немесе Ресей қорғаныс министрлігімен келісім-шартқа отырудың бірін таңдау ұсынылғанын бірінші болып Александр Лукашенко (Беларусьтің авторитар билеушісі – ред.) мәлімдеді.
27 маусымда Лукашенко "Пригожин Минскіге келді" деп айтқанымен, оның сөзін растайтын ешқандай дәлел болмады. Әуе қозғалысын бақылау жүйесінің деректері бойынша, Пригожинге тиесілі жеке меншік компанияның ұшағы сол күні Беларусь астанасына қонып, ертесіне Санкт-Петербургке оралған. Бірақ ұшақта Пригожин болды ма, жоқ па – ол жағы белгісіз.
Путиннің "бүлікшілер" туралы сөзі – Ресей президенті олардың қылығын "сатқындық" және "арқадан пышақ салу" деп атаған – Пригожин мен оның одақтастары енді тұтқындалады немесе одан да жаман нәрсеге ұшырайды деген болжамдарға түрткі болды.
27 маусымда Ресей федерациялық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) бүлікшілерге қатысты қозғалған қылмыстық іс доғарылғанын жариялады. Бірақ кейін "Коммерсантъ" басылымы мен мемлекет бақылауындағы тағы бірнеше ақпарат агенттігі іс жабылған жоқ деп хабарлады.
ШОЙГУ
Ресей қорғаныс министрі 68 жастағы Сергей Шойгу – президент Путинге ең жақын және бұрыннан сеніміне кірген серіктерінің бірі. Оның Украинаға басып кірген Ресей әскерін басқару әдіс-тәсілін Пригожин, ресейлік өзге де радикал ұлтшылдар мен әскери блогерлер талайдан бері қатты сынап-мінеп келді, кейде расистік астары бар айыптау да айтылатын.
Былтыр жазда Ресей әскері Украинада сәтсіздікке тап болғаннан кейін Пригожин Шойгуды сынауды жиілеткен, кейде оның жеке басына тиісіп, "Вагнер" жеке меншік әскер тобына соғысуға қажет қару-жарақты бермей отыр деп айыптаған. "Вагнер" ол кезде қазір жер бетінен жойылған Украинаның Бахмут қаласын ала алмай, қиян-кескі шайқас жүргізіп жатқан.
Шойгу Пригожинге сенбейтінін көпшілікке білдірмейтін. Бірақ өткен айда Ресей қорғаныс министрлігі "Вагнер" тобы осы министрліктің қарамағына ресми түрде қосылуға тиіс деген бұйрық шығарды. Өзіне бағынышты әскери күштен айырылғысы келмеген Пригожиннің төзімін тауысқан да сол деген болжам бар.
Жеке меншік әскери компания басшысының "бүлігі" басылғаннан кейін қорғаныс министрлігі таратқан видеода Шойгу Ресей әскерінің жағдайымен танысып, әлдебір жерде жауынгерлерге медаль тапсырып жүр. Бұл видео "бүлік" басталмай тұрып түсірілген сияқты.
"Бүлік" кезінде Пригожинге бағынышты әскер Дондағы Ростов қаласында орналасқан Ресей армиясының Оңтүстік әскери округі басшылығын бақылауға алып, қорғаныс министрлігі офицерлерімен тікелей тайталасқа барды. 24 маусым күні таңертең Telegram-да тараған тағы бір видеода Пригожиннің Ресей қорғаныс министрінің орынбасары генерал-полковник Юнус-Бек Евкуровпен және Бас штаб бастығының орынбасары генерал-лейтенант Владимиром Алексеевпен кездесіп, сөйлесіп отырғаны жазылған.
"Біз Бас штабы бастығы мен Шойгуды қолға түсіргіміз келеді, – дейді Пригожин. – Олар келгенше, біз осы жерде тұрамыз, Ростов қаласына тосқауыл қойып, Мәскеуге аттанамыз".
"Сіз осы істеп отырғаныңызды дұрыс деп есептейсіз бе?" – деп сұрақ қояды Евкуров Пригожинге.
"Дұрыс екеніне нық сенімдімін. Біз Ресейді құтқарамыз", – деп жауап береді Пригожин.
26 маусымда Путин өткізген Қауіпсіздік кеңесіне Шойгу де қатысып отырғаны көрсетілді. Ертесіне Путин Кремльде өткен шарада сарбаздар мен күш құрылымдарын және "бүлікшілердің жолын кескен" өзге де адамдарға алғыс айтқан кезде де Шойгу көзге шалынды.
"Бүліктен" кейін Ресей қорғаныс министрі ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ, журналистерге сұхбат бермеді.
ГЕРАСИМОВ
Пригожин сөзбен "түйреген" тағы бір генерал – Бас штаб бастығы, Ресейдің жоғары шенді офицері Валерий Герасимов.
Шойгу сияқты, 67 жастағы Герасимов те Путинге шын берілген, адал тұлғалардың бірі, ал Ресей президенті адамдарды сондай қасиетіне қарап бағалайтыны мәлім.
Байсалды әрі білікті стратег ретінде танылған Герасимов 2022 жылдың көп бөлігін Украинадағы соғыс операциясы кезінде қосалқы роль атқарумен өткізді. Бірақ ақпанда толық көлемді шабуыл басталған кезде және Ресей әскері үлкен жеңілістерге ұшыраған шақта оны отставкаға жіберуді талап еткен сынаушылардың үні жиі және қатты шыққан.
Биыл қаңтарда Путин Суровикинді төмендетіп, оның орнына Герасимовті Украинадағы біріккен әскери топтың бас қолбасшысы етіп тағайындады.
Батыс сарапшыларының бірі әскери басшылықтағы ауыс-түйісті "билікке талас, егес пен іштарлық" деп сипаттаған.
Бұқаралық ақпарат құралдарына ешқашан сұхбат бермеген Герасимовті бүлік басталғалы ешкім көрген де, естіген де жоқ. Ол 27 маусымда Путин мен Шойгу қатысқан Кремльдегі шара кезінде де көрінбеді.
ЗОЛОТОВ
Кей әскербасылар мен шенеуніктер кейінгі күндері көпшілікке көрінбей кетсе, Путиннің бұрынғы оққағары, онымен Санкт-Петербургтен бірге жұмыс істеп келе жатқан Виктор Золотов керісінше, ескі әдетінен жаңылып, жұрт алдына жиі шығатын болды.
Путин өзіне берілген Золотовты 2016 жылы жаңадан құрылған ұлттық гвардияның бірінші басшысы етіп тағайындаған. Преториан гвардиясы (Рим империясы тұсындағы императордың жеке күзеті – ред.) іспетті ұлттық гвардия уақыт өте келе 300 мың адамнан тұратын күшке айналды, оған ішкі істер министрлігі, ФСБ және өзге ведомстволармен бірлесіп, Ресейдің ішкі тұрақтылығын қамтамасыз ету міндеті жүктелген.
Золотов – көзге түспей шаруа тындырғанды жөн көретін адам. Оны медиаға шығып сөйлеуге мәжбүр еткен оқиға 2018 жылы болған. Оппозиционер Алексей Навальныйдың Жемқорлықпен күрес қоры зерттеуінде Золотовты Ұлттық гвардияға керек-жарақ алуға бөлінген қаржыдан 30 миллион долларға жуық ақша жымқырған деп айыптаған.
"Сізді жекпе-жекке шақырамын: ринг бола ма, татами ме, бәрібір. Бірнеше минутта сізді жақсылап тұрып жаныштап шығуға уәде етемін", – деген ол Навальныйға қарата.
Путин 27 маусымда Кремльде сарбаздармен бірге Ұлттық гвардияға да "бүлікшілерге тойтарыс бергені" үшін алғыс айтқан рәсімге Шойгумен қоса Золотов та қатысты.
Бірақ Шойгу ол жолы ләм-мим деп тіс жармаса, Золотов шарадан кейін журналистердің сұрағына жауап беріп, өзіне бағынышты әскер ауыр қару-жарақтар, соның ішінде танкілер алатынын мәлімдеді.
"Бүкіл күшімізді Мәскеудің түбіне жұмылдырдық, – деді Золотов журналистерге мақтанышпен. – Өйткені егер топтарды шашыраңқы ұстасақ, олар ["Вагнер"] май кескен пышақтай тіліп өтер еді".
"Бүлікшілер Мәскеуді ала алмас еді", – деп мәлімдеді ол.
ӨЗГЕ ДЕ ТҰЛҒАЛАР
Бұған қоса, егер қандай да бір тазарту жүргізілетін болса, ол қай бағытта өрбитінін бағдарлау үшін көпшілік аса біле қоймайтын кейбір адамдарды да назарда ұстаған артық болмас.
Өткен аптада ресейлік әскери блогерлер Ресей әскери-ғарыш күштерінің қолбасшысы генерал Суровикиннің орынбасары генерал-полковник Андей Юдин ұсталған деп хабарлаған. Бірақ кейінірек Юдин өзіне телефон шалған кремльшіл Ura.ru жаңалықтар сайты журналисіне: "Демалыста жүрмін, үйдемін" деп айтқан.
Генерал-полковник Михаил Мизинцев биыл мамырдың басында "Вагнер" жеке меншік әскери компаниясы басшысының орынбасары болып тағайындалған. Содан бірнеше күн бұрын ол қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен алынған еді.
Былтыр Азов теңізінің жағасында орналасқан Украинаның портты қаласын қоршауға және нысанаға алғанның бәрін жермен-жексен қылған шабуылға тікелей қатысып, "Мариуполь қасапшысы" деген атқа ие болған Мизинцев қорғаныс министрлігінде логистика мен жабдықтауды басқарған. Яғни "Вагнер" тобы мен армия бөлімдерін қару-жарақпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған адам.
Пригожинмен бірге видеоға түскен қос генерал – Евкуров пен Алексеев те содан бері көрінбей кетті.
ПІКІРЛЕР