Абақтыдағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің аштық жариялағанына 20 күн болды

Думан Мұхаммедкәрім

Журналист, YouTube желісіндегі Ne deidi арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрімнің аштық жариялағанына 20 күн болды.

25 шілдеде журналист қамауда отырған Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторына барған адвокат Ғалым Нұрпейісов Думан Мұхаммедкәрім азып кеткенін айтты.

- Салмағы 80 келіден асатын, бүгін өлшегенімізде 60 келі болды. Қан қысымы өте төмен. Кездесуге әрең келді. Аштықты шілденің бесіне жариялаған. Талабым орындалмайынша тоқтатпаймын деп, тек су ішіп отыр. Медицина қызметкерлері дәрі бергенімен, тамақ ішпегендіктен дәріні қабылдаудан да бас тартқан. Изолятор басшылығы Думанның камерасы үнемі бақылап отыр, - деді адвокат.

Адвокаттың сөзінше, Думан Мұхаммедкәрім екі талап қойған, бірі – әкесін қоғамдық қорғаушы деп тану, екіншісі – өзін Алматыдағы №72 тергеу изоляторына ауыстыру. Алғашқы талабы орындалған. Қоғамдық қорғаушысы деп танылған әкесі Думан Мұхаммедкәріммен кездесе алады. Екінші талабына бойынша әлі жауап келмеген.

- Думанды Алматы облысы Талдықорған қаласындағы изолятордан Алматыдағы изоляторға ауыстыру туралы өтінішімізге әлі жауап жоқ. Арызымызды Алматы облысының прокуратурасы Жетісу ауданына жібереді, ол жақ Іле аудандық прокуратураға бұрады, ондағылар кері қайтарады,- деді Ғалым Нұрпейсов.

Нұрпейсов бұған дейін Думан Мұхаммедкәрімді үй қамаққа ауыстыруды да сұраған, алайда ол өтініші орындалмаған. Оның сөзіне Думанның да үйқамаққа шыққысы жоқ, өзін жазықсыз деп санайтын журналист тағылған айыпты "алып тастамаса, соттасын" деген.

Думан Мұхаммедкәрім Қылмыстық кодекстің "тыйым салынған ұйым ісіне араласу" (405-бап, 2-бөлім) және "экстремизмді қаржыландыру" (258-бап, 1-бөлім) баптары бойынша күдікті деп танылған. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Думан Мұхаммедкәрім деген кім? Неліктен оған экстремизмге қатысты айып тағып жатыр?

Журналистке қылмыстық іс ашылғаны биыл 2 мамырда белгілі болды. Ол кезде Мұхаммедкәрім "бейбіт жиын тәртібін бұзды" деген айып бойынша әкімшілік жазаға тартылып, қамауда отырған еді.

Әуелі ол 405-бап бойынша қылмыстық істе "қорғануға құқығы бар куәгер" атанды. Көп ұзамай "экстремизмді қаржыландыру" бабы да қосылып, екі істе де күдікті статусына өтті. 22 маусымда Думан Мұхаммедкәрім тергеу сотының шешімімен екі айға қамалды.

Your browser doesn’t support HTML5

Қамаудағы 90 күн. Журналист Думан Мұхаммедкәрім қалай істі болды?