Пригожиннің қазасынан туған 5 сұрақ

"Вагнер" жалдамалы жауынгерлер тобының жетекшісі Евгений Пригожин. 21 тамыз 2023 жыл.

"Вагнер" жалдамалы әскер тобының басшысы Евгений Пригожиннің әуе апатынан қаза тапқаны айтылды. Мұның артында Кремль тұрған болуы мүмкін. Бұл жағдай Ресейге, Путин мен Украинада соғыс жүргізіп жатқан генералдарға қалай әсер етеді? Пригожинсіз "Вагнердің" ендігі тағдыры қалай болады?

Евгений Пригожинге тиесілі делінген Embraer 600 ұшағы құлағаннан кейін төрт күннен соң Ресей билігі "Вагнер" тобының басшысы қаза тапқанын растады.

27 тамызда Тергеу комитеті мәлімдеме жасамай тұрып, Ресей президенті Владимир Путин Пригожин өлді дегенге келтірген. Ол 24 тамызда Пригожин туралы өткен шақта сөйлеп, 1990-жылдары онымен Санкт-Петербургте қалай танысқанын еске алып, оның іскерлік қабілетін мақтап, өмірде үлкен қателіктер жасағанын айтқан.

Пригожиннің қазасы расталғанымен, бұл жағдай Ресейге, Путинге, Украинадағы соғыс пен "Вагнер" әскери тобының болашағына қалай әсер ететіні белгісіз. Алда мынадай бес мәселеге назар аудару керек болады.

ПУТИН КҮШЕЙДІ МЕ, ӘЛСІРЕДІ МЕ?

Маусымда Евгений Пригожин Мәскеуге қарсы "бүлік" шығарып, Владимир Путин билікте отырған тұста оған төнген ең үлкен қауіп сәті туды. АҚШ Орталық барлау басқармасының директоры бұл оқиғаны "Путин билікте отырған 23 жылдағы Ресей мемлекетіне жасалған бірінші тікелей шабуыл" деп бағалады.

Путин бүлікшілерді сатқындар деп атап, Пригожинді ту сыртымнан пышақ ұрды деп айыптағанымен, оны жазалаған жоқ. Бірнеше күннен кейін Пригожин мен бүлікшілерді Кремльде қабылдады. Пригожин ештеңе болмағандай, Ресейге емін-еркін кіріп-шығып, Беларусь пен бизнес империясы бар Африкаға сапарлады.

Ресей президенті Владимир Путин және Евгений Путин. 2010 жыл.

Пригожин бірнеше ай бойы Путин тағайындаған әскери командирлерді келеке етіп келді. Көп адам Александр Литвиненко мен Сергей Скрипальді еске алып, жауларын аямайтын Путиннің Пригожинге келгенде жұмсақтық танытып отырғанын әлсіздікке балады.

24 тамызда Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының сарапшысы Александр Баунов "Пригожиннің жазасыз қалуы жүйенің әлсіздігі мен қауқарсыздығын көрсетіп отыр" деп жазды.

Енді Пригожин жоқ. Оған у бермеді, атпады, көлігін жармады. "Вагнер" басшысы әуе апатынан қаза тапты. Кремль апатқа қатысы барын жоққа шығарды. Ұшақта болған 10 адам түгел опат болған.

– Мафия туралы фильмдерге ұқсайды. Өзара жау топтар мен олардың басшылары жиналып, қалғандарын торттың ішінен шығып атып тастайды немесе "Өкіл әке" фильміндегідей татуласып, кейін өлтіреді, – дейді Баунов.

Путинге қауіп жойылған жоқ. Ресейлік элита арасында оның Украинаға басып кіру шешіміне және соғыс жүргізу тәсіліне қатысты күмән күшейіп келеді. Әскери шығындар есебінен ғана аяқта тұрған Ресей экономикасында қиындықтар байқала бастады. Наурызда өтетін сайлауда Путин тағы алты жылға президент болып сайланады, бірақ соғыстағы сәтсіздіктер мен болашаққа деген сенімсіздікке байланысты бұл жолғы науқан қиын болады деп күтіліп отыр.

Путинге қарсы шыққан адамның аяқ асты қаза табуы – президентке көңілі толмайтындарға жақсы белгі. Бұл әзірге "төңкерістен қорғану" болғанымен, ұзақ мерзімде – құны жоғары шешім.

– Путин Пригожинді өлтіру арқылы ел ішіндегі билігін нығайтып, қысқамерзімді жеңіске жетті. Бірақ ұзақмерзімді перспективада бұл шешімнің кері салдары болады. Бұл Путиннің сыртқы саясаттағы, әсіресе, Украинадағы мақсаттарына әсер етеді, – дейді АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы елшісі Майкл Макфол.

– Путиннің, арнайы және әскери қызмет өкілдерінің көзқарасымен қарасақ, Пригожиннің өлімі оның ізін жалғағысы келгендердің бәріне сабақ болуға тиіс, – деп жазды Ресей саясаты бойынша сарапшы Татьяна Становая.

Сарапшы Telegram-жазбасында: "Пригожиннің қазасынан кейін онымен соңына дейін бірге болған немесе ашық түрде қолдаған адамдарға қауіп төніп тұр. Бұл оларды наразылыққа итермелеудің орнына қорқытары анық. Сондықтан ешқандай реакция күтудің қажеті жоқ. Өкпе-реніш пен сын-пікір айтылады, бірақ ешқандай саяси салдар болмайды" деді.

СОҒЫС – ТАМҰҚ. АРНАУЛЫ ӘСКЕРИ ОПЕРАЦИЯ ШЕ?

Украинада соғыс жүріп жатқан 18 айда "Вагнер" тобының жауынгерлері біраз шайқаста шешуші рөл атқарды. "Вагнер" күштері 2022 жылы көктемде Мариупольді қоршауға қатысып, 10 ай бойы Бахмут қаласы үшін күресті. Бахмут мамырда құлап, Ресей әскерінің қолына өтті.

Пригожин "Вагнер" тобының соғыстағы жетістіктері, құрбандар саны, өзі майданға тартқан мыңдаған тұтқын туралы ақпарат беріп отыратын. Жалдамалы әскер жүздеген мың ресейлік жауынгердің аз ғана бөлігін құрайды. Қазір Ресей әскері Украинаның баяу, бірақ аяусыз қарымта шабуылына төтеп беруге тырысып жатыр. Киев қазіргі қимылдар соғыс барысын өзгертеді деп үміттенеді.

Сарапшылар "Вагнер" тобына қатысты белгісіздік Ресейдің әрекетіне қатты әсер ете қоймайды дейді. Кремль топты қорғаныс министрлігінің бақылауына бермек.

– Ресей басшысы 18 ай бойы соғысып, Украина аумағының көп бөлігін азат етуге жол бермеді. Бұл – Вагнердің емес, көп ресурстың, Ресей экономикасының тұрақтылығын сақтап отырған адамдардың, Путин ұстанған позицияның арқасы, – деп жазды Берлиндегі Карнеги атындағы орталықтың директоры Александр Габуев Financial Times газетіне.

Валерий Герасимов, Владимир Путин және Сергей Шойгу В.П. Чкалов атындағы мемлекеттік ұшу-сынақ орталығында. 2019 жылғы мамыр.

Пригожиннің қазасы қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Бас штаб басшысы, генерал Валерий Герасимовты күшейтеді. "Вагнер" тобының негізін қалаған Пригожин аталған тұлғаларды Украинадағы соғысты дұрыс жүргізе алмай отыр деп сынаған. Жағдайды сырттай бақылаушылар Пригожиннің сөзінің жаны бар дейді.

БИЛІККЕ ҚАРСЫЛАРҒА НЕ БОЛАДЫ?

Пригожин Шойгу мен Герасимовты сынады. Жалдамалы әскер басшысы Ресейдің әскери құрылымдарындағы институционалды мәселелерден зардап шеккен жауынгерлердің шағымын жеткізген.

Кремль Ресейдің Украинадағы соғыс қимылдарын сынаған адамдарға "Ресей Федерациясының қарулы күштерінің беделіне нұқсан келтіру" деген бап енгізіп, қылмыстық жауапкершілікке тарта бастады. Соғысқа қарсылық білдірген немесе әскери тақырыпта сын айтқан ондаған ресейлік түрмеге жабылды. Бірақ Пригожинге ештеңе болған жоқ.

Вагнердің қазасымен бірге ең үлкен қоғамдық сынға нүкте қойылды. Бірақ Шойгу мен Герасимовқа қатысты күдік азайған жоқ. Украина қарымта шабуылында біраз жетістікке жетсе, бұл күмән одан әрі күшейеді.

Пригожин – әскерге қатысты шағым айтқан жалғыз адам емес. Барлау қызметінің бұрынғы офицері, Нидерланд сотының шешімімен 2014 жылы Украинада малайзиялық MH17 ұшағын құлатуға қатысты деп танылған Игорь Гиркин ресейлік командирлер мен Путинді жалпыұлттық мобилизация жариялап, Украинаға қарсы көп күш қолдануға шақырған. Шілдеде Гиркин Путинді "еш пайдасы жоқ қорқақ" деп атады.

Игорь Стрелков Мәскеудегі сот отырысында. 21 маусым 2023 жыл.

Пригожин сияқты Гиркиннің де аузы жабылды. Ол Путинге қарсы мәлімдемесінен кейін бірнеше күннен соң экстремизм бабы бойынша ұсталды. Қазір ол Мәскеудегі атышулы Лефортовский түрмесінде сот процесін күтіп отыр.

24 тамызда Гиркиннің Telegram-арнасында жұмбақ хабарлама шықты. Онда тұтқын Пригожинді Ресейдің жауы деп атап, саяси дүмпу болуы мүмкін екенін ескертеді.

– Көңілім қалды дей алмаймын, өйткені Пригожин менің ғана емес, бүкіл Ресейдің жауы еді. Бірақ болған жағдайға қуана да алмаймын. Бұл Ресейдегі наразылықтың тереңдеп бара жатқанын көрсетеді, – деп жазды Гиркин.

"ВАГНЕР" ТОБЫ ЖОЙЫЛА МА?

Ресей заңнамасы бойынша жекеменшік жалдамалы әскерге тыйым салынған. Бірақ қолынан іс келетін адамдар арнайы қызметтің бақылауымен немесе қаржыландыруымен әскери топтар құрды.

Олардың ішіндегі ең танымалы – "Вагнер" тобы. Топ жауынгерлері Украинаны санамағанда, Мали, Орталық Африка Республикасы, Судан, Ливия, Сирия сияқты елдерде әртүрлі қақтығыстарға қатысқан.

"Вагнер" тобы Орталық Африка Республикасында алтын өндіріп сатумен айналысатын коммерциялық кәсіпорындардан мол табыс алып отырды. Олар Сириядағы режимге тиесілі мұнай-газ нысандарын қорғау сияқты қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесімен айналысты.

"Вагнер" жауынгерлері Малидің солтүстігінде.

Бұл Мәскеудің басқа елдердегі ықпалын арттырып, АҚШ пен Францияға бәсекелес етті. Сондықтан көп сарапшы Пригожиннің қазасынан кейін "Вагнер" тобы жойылады дегенге сенбейді. Топ жауынгерлері жоғары әскери қабілеттерімен және асқан қатыгездігімен көзге түскен.

Украинада әскери құрылымдар қорғаныс министрлігіне қарайтыны сияқты "Вагнер" тобы да Ресейдегі арнайы қызметтің не мемлекеттік органдардың бақылауына өтеді.

Бірақ Пригожинсіз "Вагнер" тобы бұрынғыдай мықты болмайды. Бұл кейінгі жылдары құрылған, мемлекетпен тығыз байланысты жекеменшік әскери топтарға жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруы мүмкін.

ГЕНЕРАЛ СУРОВИКИННІҢ ЖАЙЫ НЕ БОЛАДЫ?

Шекспир драмасындай оқиғадағы тағы бір маңызда тұлға – былтыр бірнеше ай бойы Украинадағы Ресей әскеріне қолбасшылық еткен генерал Сергей Суровикин.

Әуе-ғарыш күштерін басқарған Суровикин аяушылықты білмейтін қатыгез қолбасшы еді. Осы себептен Пригожин мен Гиркин Украинадағы әскери қимылдарды Суровикин басқарғанын қалады.

Ресейдің Украинадағы оккупациялық әскеріне жетекшілік еткен Сергей Суровикин. 16 желтоқсан 2022 жыл.

Ол қазанда қолбасшылық қызметіне кіріскеннен кейін Ресей әскеріне Украинаның энергожүйесі мен азаматтық инфрақұрылымын бомбалауды тапсырды. Ол бейбіт халыққа террор ұйымдастырып, Киев билігін тізе бүктіргісі келді.

Пригожин мен Суровики 2010-жылдардың ортасында жақын араласа бастаған. Ол кезде Суровикин Сириядағы Ресей әскерін басқаратын. Ал "Вагнер" тобы Сирияда мұнай-газ нысандарын қорғаумен айналысты.

Украинада қолбасшы болғанына екі ай өткен соң, Путин Суровикинді қызметінен босатып, орнына Пригожин әжуалап жүрген Герасимовты қойды.

Ресейдің қорғаныс жүйесінде Суровикиннің жақтастары көп еді. Осының арқасында Пригожин Бахмут түбінде шайқасып жатқан әскерінің керек-жарағын өтеймін деп ойлады. Көктемде Пригожин оқ-дәрі жетпей жатыр деп шағынды.

23 маусымда Пригожин Мәскеуге қарсы "бүлік" бастағанда Суровикин видео жариялап, "Вагнер" жауынгерлерін кері шегінуге үндеді. Кей бақылаушылар видеоның шынайылығына күмән келтіріп, Суровикинді осылай айтуға мәжбүрлеген деп топшылады. АҚШ-тың анонимді өкілдері Суровикин бүлік туралы алдын-ала білген болуы мүмкін деген болжам айтты.

Бүліктен кейін Суровикин қоғам назарынан жоғалып кетті. Генерал үйқамақта не түрмеде отыр деген қауесет тарады.

Ресейдің әскери басшылығы мен барлау қызметінде Пригожиннің жоспарын біліп, оны іштей қолдаған адамдар болған деген күдік те бар. 22 тамызда ресейлік ақпарат құралдары Суровикин әуе-ғарыш күштерінің қолбасшысы қызметінен босатылғанын, бірақ қорғаныс министрлігінде қалғанын жазды. Соған қарағанда, генералды басқа қызметке ауыстыруы мүмкін.

Расталмаған ақпаратта генералдың әскерден босатылғаны, түрмеге жабылғаны немесе қызметі төмендегені нақты көрсетілмеген. Суровикин туралы хабар шыққан күннің ертеңіне Пригожиннің ұшағы апатқа ұшырады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пригожин, Лебедь, Боровик. Ресейдегі күмәнді әуе апаттарына шолу