Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ресей аумақтық талап қояды деп қауіптенбейді деп мәлімдеді. Бұл туралы ол Германияға ресми сапары кезінде айтты.
"Ресей мен Қазақстанның шекарасы делимитацияланып, едәуір дәрежеде демаркацияланған. Екі елдің парламенттері бекітіп, ратификациялаған. Сондықтан Ресей аумақтық талап қояды деген қауіп жоқ", - деді Тоқаев.
Тоқаев сонымен бірге Астана Батыстың Ресейге қарсы санкция ережелерін бұзбайды деп мәлімдеді.
"Біз санкция режимін сақтау бойынша тиісті ұйымдармен хабарласып отырмыз. Неміс тарабы санкция режимін айналып өтуге бағытталған қимыл-әрекет болады деген қауіптенбесе болады" деді Тоқаев.
28 қыркүйекте Қазақстан президенті Германияға ресми сапармен барған. Сапар барысында ол федералдық канцлер Олаф Шольцпен кездескен. Ақорданың хабарлауынша, келіссөз кезінде екіжақты қарым-қатынасты дамыту және қазақ-неміс қатынасын кешенді түрде дамыту мәселелері сөз болған.
Қазақстан мен Ресей делимитациялау келісіміне 2005 жылы қол қойған. Бірақ іс жүзінде шекараны демаркациялау әлі толық аяқталмаған. 2021 жылы Атырау облысының Көптоғай ауылында жергілікті тұрғындар шекара бағандарын орнатуға қарсылық білдірген. Олар бұл су алуға кедергі болатынын айтқан. Қазақстанның шекара қызметі ешкімге жер берілмегенін, өзенге баратын жол сақталатынын мәлімдеген.
2023 жылдың ақпан айында Қазақстанның шекара қызметі елдің шығысындағы 300 шақырым жерде Ресеймен шекара сызығына әлі баған орнатылмағанын айтқан.
Ресейлік саясаткерлер оқтын-оқтын Қазақстанға "аумақтық талап" қойып келеді. Әсіресе, Украинада соғыс басталғаннан кейін бірқатар ресейлік саясаткерлердің арандату сипатындағы мәлімдемелері жиілеген, кейбір қазақстандықтар мұны республиканың территориялық тұтастығына қол сұғу деп бағалаған.
Қазақстан мен Ресей шекарасының ұзындығы – 7598,8 шақырым. Бұл – әлем бойынша құрлықтағы ең ұзын шекара.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ҰҚК өкілі ШҚО-дағы Ресеймен "шекара сызығы әлі белгіленбеген" аумақ туралы айтты