Accessibility links

ҰҚК өкілі ШҚО-дағы Ресеймен "шекара сызығы әлі белгіленбеген" аумақ туралы айтты


Қазақ-орыс шекарасы.
Қазақ-орыс шекарасы.

ҰҚК шекара қызметінің басшысы Ерлан Алдажұмановтың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысындағы Ресеймен шекарада демаркация жасалмаған шамамен 300 шақырым жер бар. Бұл жерде Ресеймен шекара сызығын белгілеу жұмыстарының баяу жүруіне табиғи жағдайлар кедергі жасап отыр.

"Қазіргі кезде Қазақстанның мемлекеттік шекарасында даулы аумақтар жоқ. Қытай Халық Республикасымен арада мемлекеттік шекара мәселесі толық шешілген. Қырғызстанмен арада да мәселе жоқ. Түркіменстанмен барлық мәселе шешілгенімен, ратификация ғана қалды. Ресеймен арада мәселелер шешіліп жатыр. Ол жерде Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандары ғана қалды. Ол жерде әзірше жұмыс істеу қиын. Бірақ жұмыс жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Уақытында аяқталады деп ойлаймын" деді 16 ақпанда Астанада журналистердің сұрақтарына жауап берген Ерлан Алдажұманов.

Оның айтуынша, ШҚО-да "жұмыстың шамамен 50 пайызы аяқталған".

"Негізі жұмыс екі кезеңнан тұрады: бірінші кезеңде мемлекеттік шекараға жазбаша сипаттама беріледі. Екінші кезеңде мамандар сол мемлекеттік шекараға барып, сызықтарын анықтайды. Яғни сызық өтетін жерлер белгіленеді. Сол себепті климат пен аумақ рельефін ескере отырып, жұмыстар біртіндеп жүріп жатыр. Былтыр Шемонаиха ауданындағы жұмыстар аяқталған. Одан кейін Семей облысында (Абай облысы – ред.) тәмамдалды. ШҚО бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жұмыстың шамамен 50 пайызы қалды" деді Ерлан Алдажұманов.

Қазақстан мен Ресей шекарасының ұзындығы – 7598,8 шақырым. Бұл – әлем бойынша құрлықтағы ең ұзын шекара.

Екі жыл бұрын Атырау облысы Көптоғай ауылында жергілікті халық қазақ-орыс шекарасындағы қоршау орнату жұмыстарына наразылық білдірген. Тұрғындар жұмыс заңға қайшы жүргізіліп жатқанын алға тартып, өзенге жол жабылғанына да шағымданған. Интернетте ара-тұра "кейбір аумақтың Ресей жағына қарай өтіп кеткені" туралы да сыбыс тараған. Ізінше Қазақстан ҰҚК шекара қызметі "ешкімге жер берілген жоқ, өзенге баратын жол сақталды" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG