Қазақстан мен Хорватия Қазақстан мұнайын тасымалдау бағыты бойынша келіссөзге кіріседі. Мұны Қазақстан сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Вдеомство жазуынша, Қазақстанның Хорватиядағы елшісі Ақылбек Камалдинов Jadranski naftovod (JANAF) компаниясының басшысы Степан Аданичпен кездескен.
"Қазақстан мұнай экспортының 70%-ы Еуропа одағына жіберілетінін ескере отырып, Еуропа одағы мен Хорватияға өз экспортын кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруға және жаһандық энергетикалық дағдарысты жеңілдетуге үлес қосуға дайын. JANAF басшылығы "Адриа" Хорват мұнай құбыры арқылы Балқан және Шығыс Еуропа елдеріндегі тұтынушыларға қазақстандық мұнай экспортының көлемін кеңейтуге қызығушылық білдірді, - дейді Қазақстан сыртқы істер министрлігі.
Екі тарап осы бағытта жұмыс тобын құруға келіскен.
Хорватияның JANAF компаниясы Крк аралындағы мұнай терминалы мен Риекадағы мұнай өңдеу зауытын және Хорватия жеріндегі Адрия мұнай құбырын басқарады. Бұл мұнай құбыры жылына 34 миллион тонна мұнай өткізе алады.
Омишаль мұнай терминалынан басталатын Адрия құбыр желісі Хорватияны, Сербия мен Венгрияны, әрі қарайғы тармақтары Словения, Босния мен Герцоговинаны қамтиды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, Қазақстан 2023 жылдың алғашқы кварталында Еуропа одағына айдайтын мұнайын былтыр сол уақыттағымен салыстырғанда 65 пайыз көбейткен.
Ресей Украинаға басып кіріп, санкция салынған соң Қазақстан Ресейді айналып өтетін жол іздестіруге тырысып жатқаны байқалады. Былтыр Ресей Қазақстан мұнайын Батысқа айдайтын Каспи мұнай құбыры консорциуымының жұмысын төрт рет кейде ішінара, кейде толық тоқтатқан.
Биыл тамыздың соңында Bloomberg басылымы Қазақстан Ресейді айналып өту үшін танкер сатып алуға кірісті деп хабарлаған. Мұнайын Каспий теңізі арқылы тасымалдау үшін Қазақстан әрбірі 80 мың тонна жүк көтеретін екі танкер сатып алған. Тағы да екі танкерді Қара теңіз арқылы тасымалдау үшін сатып алуды жоспарлап отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан мұнайы тасымалданатын Новороссийск портында ірі өрт болды