Қазақстандық "Аспан Арба", "Da Group 22" және өзбекстандық Mvizion компаниялары Еуроодақ әзірлеп жатқан Ресейге қарсы кезекті санкция тізімінде бар. Бұл құжатпен Азаттық танысты.
Мамыр айында халықаралық зерттеушілер санкцияланған тауарларды Ресейге тасымалдайтын компаниялар арасында Aspan Arba, Da Group 22 барын анықтаған. Бұл екі компания да Қазақстанда 2022 жылдың көктемінде – Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін тіркелген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанға қашан жанама санкция салынады? Оған кімдер ілігеді?Қазақстанның сауда деректеріне қарағанда, Aspan Arba Ресей армиясы пайдаланатын қытайлық DJI компаниясының дрондарын импорттаған. DroneAnalyst зерттеу ұйымының мәліметінше, DJI – Қытайдағы ең ірі дрон құрастырушы компания. Әлем нарығындағы дрондардың 90 пайызынан астамы осы компанияның үлесінде. Зерттеушілердің айтуынша, "Аспан Арба" Мәскеудегі "Небесная механика" компаниясына дрондар жіберген. Ал ол өз кезегінде оларды ресейлік әскери-өнеркәсіп кешенімен байланысты ұйымдарға жеткізіп отырған.
Ақпаратқа қарағанда, Da Group 22 бір жыл ішінде Қазақстаннан Ресейге мыңдаған микрочип жеткізген. Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) дерегінше, компанияның Германияда бизнеспен айналысатын ресейліктерге қатысы бар. OCCRP мәліметінше, 2022 жылы және 2023 жылдың басында Da Group батыс өндірушілерінен құны 800 мың доллар болатын микросхема және жартылай өткізгіштер алған.
Санкция тізіміне енуі мүмкін компаниялардың арасында Ташкенттегі Mvizion компаниясы да бар – қарашаның басында бұл компания АҚШ-тың санкциясына да ілінген. АҚШ сауда министрлігінің мәліметінше, фирма санкция салынған ресейлік компанияға электронды компоненттер мен бағдарламалар жеткізген.
Соғыс басталғалы бері Орталық Азиядан, әсіресе Қазақстаннан Ресейге қос мақсаттағы тауарлар импорты күрт өсті. Шілде айында Өзбекстанның Alfa Beta Creative және GFK Logistic Asia компаниялары ЕО-ның Ресейге салған 11-ші санкция пакетіне енді.
Еурокомиссияның ресми сайтында жарияланған баяндамасына сүйенсек, бұл екі компания Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенін демеген, атап айтқанда, Батыстан Ресейдің қорғаныс өнеркәсібі үшін тауарлар сатып алуға тырысқан деген күдікке ілінген.
Биыл сәуірде Open Dialogue халықаралық құқық қорғау ұйымы баяндамасын жариялаған. Онда Қазақстаннан Ресейге әскери өнеркәсіпте қолданылатын тауарлар, соның ішінде мылтық, радиолокациялық және навигациялық жабдықтар экспортының артқанын атап көрсеткен.
Еурокомиссия өкілінің айтуынша, жоғарыда аталған құжаттар осы аптада қарала бастайды. Жаңа пакет ұйымның 14-15 желтоқсанында Брюссельде өтетін саммит кезінде қабылдануы тиіс.
Еурокомиссия құжаты әлі толығуы мүмкін.
Азаттықтың биыл маусым айындағы зерттеуінде де бірқатар қазақ және қырғыз компанияларының электроника тауарларын Ресейге жөнелтіп жатқаны көрсетілген.
Ресейге қарсы санкция және оны айналып өту амалдары ЕО басшыларының Орталық Азия елдері жетекшілерімен келіссөзі кезінде талқыланған. Қыркүйек айында Германия канцлері Олаф Шольц Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлинге сапары кезінде осы мәселені қозғаған. Сол кезде Қазақстан президенті Астананың санкция режимін бұзбайтынын және шектеулерді айналып өту жолдарын іздемейтінін мәлімдеген. Франция президенті Эммануэль Макрон қараша айының басында Қазақстан мен Өзбекстанға сапары кезінде аймақтағы компаниялардың санкциядан жалтаруына қарсы белсендірек қимылдауға үндеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыс және санкция: Қазақстан фирмалары Ресей шабуылына қалай көмектесіп жатыр?