Бас прокуратураның орынбасары Әсер Шындалиев экc-президент Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының щартты түрді түрмеден босап шығуға өтініш беру құқығы шектелмегенін, оның басқа сотталушылармен құқығы тең екенін мәлімдеді.
Бұған дейін "40 млрд теңгені талан-таражға салды" деп алты жылға сотталған Қайрат Сатыбалды шартты түрде түрмеден босап шығуға өтініш берді деген ақпараттар тараған.
Шындалиев Сатыбалды түрмеден босап шығу туралы өтініш берсе, оны сот қарайтынын айтады.
"Егер ол сотқа өтініш берсе, бірден босатады дегенді білдірмейді. Сот шартты жазамен босатуы да мүмкін, өтінішін қабылдамауы да мүмкін. Жазадан сытылып кетті деген сөзжоқ. Бірақ ол кешірім сұрап, жазасын жеңілдетуді сұрай алады. Бұл – кез келген сотталушының құқығы, түсінесіздер ме? Бізде балаларды зорлағандар, көп адамның өліміне әкелген терроризм және экстремизм қылмысымен сотталғандар ғана шартты жазамен босап шыға алмайды. Басқа сотталушылар шартты жазаға өтініш бере алады" деді прокурор мәжіліс кулуарында.
Қайрат Сатыбалды 2022 жылы наурызда қамауға алынған. Оған "Алдау немесе сенімге кіру арқылы мүліктік зиян келтіру" және "Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ұрлау" баптары бойынша айып тағылды. Оған тағылған айып "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларымен байланысты. Ол аталған компаниялардың ірі көлемдегі қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген.
2022 жылы қыркүйекте сот оны алты жылға бас бостандығынан айырды. Ол қауіпсіздігі орташа колонияға жіберілген.
Қазір түрмеде отырған Қайрат Сатыбалдыға қатысты салықтан жалтару және қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру сияқты өзге эпизодтар бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Назарбаевтың немере інісі Forbes Kazakhstan тізімі бойынша елдегі ең ықпалды кәсіпкерлер қатарына кіреді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Түрмедегі Қайрат Сатыбалды сарайын Назарбаевқа қалай сыйға тартты?Агенттік Сатыбалдыға тиесілі компания Hilton қонақүйін сатып алғаны жөнінде: Нысан мемлекетке өтіп жатырЭкс-президенттің немере інісінің бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды жеті жылға сотталды