АҚШ заңсыз кірген 119 өзбек азаматын еліне қайтарды

АҚШ үкіметі Ташкентке Өзбекстанның 119 азаматын қайтарды. Бұл адамдар АҚШ-қа заңсыз кірген. Сыртқы еңбек миграциясы жөніндегі агенттік 21 желтоқсанда осындай мәлімет таратты.

Агенттіктің хабарлауынша, олардың дені АҚШ-қа Мексика арқылы кірген.

Елге оралғандардың бірінің айтуынша, ол биыл 3 қыркүйекте АҚШ-қа Мексика арқылы заңсыз кірген, 110 күн қамауда отырған. Мигрант Мексика арқылы АҚШ-қа өту үшін отыз күн уақытын кетірген. Сол үшін ол Мексикадағы адамдарға 5000 доллар берген.

13 қазанда Fox News телеарнасы кейінгі екі жылда АҚШ шекарасынан заңсыз өтетіндер арасында өзбек азаматтары үшінші орында тұрғанын хабарлаған. Телеарна мәліметінше, кейінгі екі жылда 13 624 өзбекстандық АҚШ-қа заңсыз кірмек болған.

Қарашаның аяғында АҚШ-тың Ташкенттегі елшілігі АҚШ енді елге Мексика арқылы келетін өзбек азаматтарын кіргізбейтінін хабарлады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Үміт жетегінде. Мигранттар мен босқындардың хикаялары