Қазақстан ішкі істер министрлігі #НеМолчиKZ қорының негізін қалаушы Динара Смаиловаға (Дина Таңсәрі) іздеу жариялады деп хабарлады жергілікті БАҚ.
Ақпаратқа қарағанда, іздеу жариялау ісін 2023 жылы 27 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысында полиция басқармасы тіркеген.
Бұған дейін Смаиловаға қарсы "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқаны хабарланған еді.
Биыл күзде Дина Смаилованы Грузияға өткізбей қойған. Белсенді ол жақта кейінгі екі жылдан бері отбасымен тұрып келген. Смаилова Грузия ішкі істер министрлігінің шешіміне Қазақстан билігінің ықпалы болды деп санайды. Оның сөзінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесетін құқық қорғау қорының болғанын билік қаламайды. Қазір Еуропа елдерінің бірінде тұрып жатқан Смаилова саяси баспана беру туралы өтінішіне шешімді күтіп жатыр.
Дина Смаилова жетекшілік ететін "НеМолчи.kz" қоры тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің құқығын қорғайды. Биыл ол Грузияда "Немолчи" атпен ресми түрде тіркелді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Іс қозғап, шотын бұғаттады. "НеМолчи.kz" қорының аузын жабу әрекеті ме?