"Қонаев қаласындағы екі полиция қызметкері қызмет өкілетін пайдаланып, 14 жастағы мектеп оқушысымен жыныстық қатынасқа түскен және ол әрекеттерін видеоға жазып алған". 17 қарашада "НеМолчи.kz" қорының басшысы Дина Смайылова Facebook парақшасына осындай жаға ұстатар мәлімдеме жариялады. Ол бұл ақпаратты дереккөзге сүйеніп таратқанын айтт. Ол күдік екі қызметкер де қамауға алынып, жұмыстан босатылды деп хабарлады.
Сол күні Алматы облыстық полиция департементінің баспасөз қызметі кәмелетке толмаған қыз баланың анасы жазған арыз бойынша сексуалдық сипаттағы зорлық зомбылық жасаған деген күдікке ілінген екі адамның ұсталғаны туралы ақпарат таратты. Департамент қамауға алынғандардың қайда қызмет істейтінін көрсетпеген. Бірақ ақпарат агенттіктері олардың полиция қызметкері екенін хабарлады: ҚазТАГ агенттігі мен Informburo.kz басылымы қылмыс жасалған кезде екеуі де полиция қызметкері болған және олар жағымсыз әрекеті үшін жұмыстан шығарылған деп жазды.
Айналасы бір аптаның ішінде полиция қызметкерлері сексуалдық зорлық-зомбылық жасады деген күдікке осымен екінші рет ілікті. 13 қарашада Талдықорған полициясының бастығы Марат Күштібаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Оған қызмет кабинетінде басқармаға жеткізілген қызды зорлаған деген айып тағылды. Полицейлердің қамалғаны туралы жаңалық қоғамда қызу талқыланып, қазақстандық әйелдер зорлық-зомбылыққа жиі ұшырап жатыр деген пайымды күшейте түсті: осы айдың басында Астанада бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелінің өліміне күдікті ретінде қамауға алынған. Бұл қылмыс қоғамда үлкен резонанс тудырып, артынша ел президенті ішкі істер министрі, бас прокурор, Жоғары сот өкілінің қатысуымен өткен жиналыста мемлекеттік органдарды "әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-злмбылықтың кез келген түрімен түбегейлі күрес жүргізу керегін" айтқан.
Бірақ дәл осы күрестің нысанына әлгіндей зорлық-зомбылық көрген адамдардың құқығын қорғайтын ұйым іліккенге ұқсайды. 22 қарашада Дина Смайылова әлеуметтік желіде Өскемен қаласының Ертіс полиция бөлімшесі өзіне және күйеуі Алмат Мұхаметжановқа қатысты қылмыстық іс қозғағанын жазды. Оның сөзінше, полицейлер "НеМолчи.kz" қорына қайырымдылық қаражатын аударған қазақстандықтарды куәгер ретінде шақыртып, Смайылованың үстінен алаяқтық жасады деп арыз жазуға көндіруге тырысқан.
ІС АШЫЛДЫ, РЕСМИ ЕСКЕРТУ ЖОҚ
Екі жылдан астам уақыт шетелде тұрып жатқан Дина Смайыловаға Азаттық тілшісі телефон шалып хабарласты. Ол өзіне тағылған айыптың буллингке ұшырап, соққыға жығылған қыздың кейсіне қатысы барын айтты. Көктемде әлеуметтік желіде жоғары сыныпта оқитын қыз баланың құрдасын ұрып-соғып, шешіндіргені түсірілген видеожазба тараған.
– Біз зәбір көрген қызды қорғау барысында үнемі балаларды ұрып-соғатын, ақша бопсалайтын жасөпірімдердің қылмыстық тобы барын анықтадық. Іске қатысты айғақ-дәлелдер жиналды, үш қызға айып тағылды. Сөйтсек, олардың бірі Өскемен қалалық білім басқармасындағы ықпалды шенеунік әйелдің қызы екен, – деді Дина Смайылова.
Жәбірленушінің адвокаты мен баланың заңды өкілі ретінде сотқа қатысқан әпкесіне ақы төлеу үшін "НеМолчи.kz" қоры жұрттан қаражат жинайтынын жариялаған. Қайырымдылық мақсатқа аударылған барлық ақша банк қосымшасындағы "қайырымдылық" қызметі арқылы түседі.
– Маған жәбірленуші қыздың әпкесі қоңырау шалып, үстімнен іс қозғалып жатқанын жеткізді. Бізді қызға көмектеспедіңдер, ал көмек картасына адвокатқа деп жиналған қаражатты төлемедіңдер деп кінәлапты. Бірақ біз төледік, қолымызда түбіртектері бар. Оны жарияладым. Адвокатқа екі миллионнан [теңге] астам ақша төленді, – дейді Дина Смайылова. – [Полицияға] жәберленуші қыздың әпкесін шақыртқан. Ол барып, айтқандарын естіп қатты таңғалған. Содан соң қорға ешқандай шағымым жоқ деп түсініктеме жазып берген.
Смайыловаға қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны туралы ресми ескертпе келмеген. Адвокаты Гүлнар Жуаспаева 24 қараша күні Алматыдан Өскеменге ұшып, Ертіс полиция бөлімшесіне барғанымен іс материалдарымен таныса алмаған.
– Жұма күні барғанымда істің қағазға жазылған нұсқасы туралы білетін тергеуші кезекшіліктен кейін демалысқа кетіпті, ал бөлім басшысы жаназада жүр деді. Тергеу тобының мүшесі, тағы бір тергеуші қолында материал жоғын айтты. Өскеменде тағы бір күнге қалайын деп шештім, өйткені [полициядағылар] мені сенбі күні таңертең бәрі қызмет орнында болады деп сендірді, – деді адвокат Азаттыққа.
Алайда Жуаспаеваның айтуынша, ертесіне де тергеуші ұзақ уақытқа іссапарға кетіп қалды деп естіген. Бөлім басшысы адвокатты қабылдаудан бас тартыпты.
– Маған әлгі арызды "бұзақылық жасады" деп айыпталған кәмелетке толмаған бір қыздың адвокаты берді дегенді ауызша ғана айтты. Арыздың өзін көрген жоқпын, көруге рұқсат етпеді. Негізі, бұл қылмыстық іс бойынша тергеу электрон нұсқада жазылып жүргізіліп жатыр, сондықтан тергеу бөлімі бастығының орынбасарына сол іспен танысайын деп өтініш айттым. Бірақ олар сол күйі ештеңе көрсеткен жоқ, – дейді Гүлнар Жуаспаева.
Азаттық Өскеменнің Ертіс полиция бөлімшесіне хабарласып, Дина Смайыловаға қатысты қылмыстық істің жай-жапсарын білуге тырысты. Бөлім басшысының орынбасары Ақыл Бекқалиев телефонмен:
– Мені мазаламаңыздар. Жұмысқа барған соң хабарласыңыздар, қылмыстық іс аясында ғана бұған қатысты пікір айта аламын. Қазір менен не керегін түсінбедім... алыста отырып алып. Оның үстіне, кім екеніңізді білмеймін. Не үшін пікірім қажет, түсінбедім, – деп жауап берді.
Одан соң басшылықпен кеңесуім керек деді, ал кейінірек "тергеу құпиясын жариялауға" құқығым жоқ деп жауап берді.
– Сондықтан мен ештеңе айтпаймын, мені мазаламаңыздар, – деп Бекқалиев тұтқаны тастай салды.
Ішкі істер министрлігіне жазған редакцияның сауалына осы мақала жарияланғанға дейін жауап келген жоқ.
Дина Смайылова мен Гүлнар Жуаспаева қорға донат аударғандарды қазір полицияға шақыртып жатыр дейді.
– Донат берушілерге әлі күнге қоңырау шалып, Смайылова ақшаны жұмсап жіберді, ол алаяқ деп айтатын көрінеді. Енді оларды оның үстінен арыз жазуға көндіруге тырысып жатыр, – дейді адвокат.
Смайылованың айтуынша, 2023 жылғы 18 шілде мен 14 тамыз аралығында қаражат аударғандарды ғана полицияға шақыртқан. Оны донат берушілердің өзі де растады.
"Мен Ақтау қаласынанмын. Мені шақырды. Енді мазаламасын деп, қорға ешқандай шағымым жоқ деп жазып бердім. Кел де кел деп, шақырып алды", – деп жазған донат берушілердің бірі әлеуметтік желіге.
"Түсінсем бұйырмасын, мен Атырауданмын, маған жергілікті ІІБ хабарласты. Сіздерге ғана емес, басқа да қайырымдылық ұйымдарға қалағанымша ақша аударып тұрамын, сондықтан ешқандай куәлік бермеймін деп айттым", – деп мәлімдеді қорға ақша аударған келесі бір адам.
"Бүгін қоңырау шалған соң үйіме келді. Олармен сөйлеспеймін дедім. Табалдырықта тұрып алды. Бірнеше минут. Сосын ұрсыстым. "Ақша аудардым, тағы да аударамын. Өз ақшам, өзім білемін" деп айттым", – дейді тағы бір донат беруші.
– Іс ашылған, бірақ жәбірленуші болмағандықтан, "жәбірленушілер" іздеп әлек. Себебі қыздың әпкесі шағымым жоқ деп, екі қағазға қол қойған. Сол себепті осындай ақылға сыймайтын жолмен іздеуге көшкен: банк картасын алып, мәліметтерді қағазға шығарып алып, бізге донат жіберушілердің бәріне шетінен хабарласып жатыр. Ол дегеніңіз жеті мың адам, – дейді Смайылова.
"ҚУДАЛАУДАН ЗӘРЕЗАП БОЛДЫМ"
Дина Смайылованың айтуынша, Өскемен полициясы ашқан іс – құқық қорғаушыға қатысты қозғалған қылмыстық істердің үшіншісі. Алдымен 2017 жылы, одан кейін 2020 жылы тергеу амалдары жүргізілген. 2021 жылдың сәуірінде "НеМолчи.kz" қорының иесі елден кетіп тынған.
– Қудалаудан зәрезап болдым. Оның үстіне бізді жақында Грузияға кіргізбей қойды, Қазақстан ІІМ-нің жасырын нұсқауы бойынша, – дейді Смайылова.
Қыркүйекте Грузия байыбын түсіндірместен Смайылованы елге кіргізбей қойған. Қор жетекшісі күйеуімен бірге Түркияға барып, танысының қолынан қаза тапқан болуы мүмкін деген болжам айтылатын қазақстандық әйелдің туыстарына заң тұрғысынан көмек көрсеткен. Грузияға қайта оралған кезде Тбилиси оны "персона нон грата" ретінде қара тізімге енгізгенін естіген.
Қазақстан полициясының сұрауы бойынша қордың шоттары бұғатталған, қазір ұйымның болашағына қауіп төніп тұр.
Дина Смайылова өзін қудалаудың мақсаты – оның беделіне нұсқан келтіру, зорлық-зомбылықтың күшейгені мен жазадан сытылып кететіндер көбейгенін айтып, мәселе көтеріп жүрген қордың аузын жабу деп есептейді.
Бұл жөнінде басқа да қазақстандық құқық қорғаушылар мәлімдеді. "Қадір-қасиет" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Анар Ибраева да Смайылованы қудалау "НеМолчи.kz" қорының қызметімен байланысты деп біледі.
– "Дина не істеп жүр?" деген сұраққа жауап іздеп, ой жүгіртсек, оның заңды жұмыс істетіп жүргенін көреміз. Мақсаты – қылмыс жасағандарға бұлтартпас жаза қолдануға қол жеткізу. Заң жұмыс істеуге және бәріне бірдей қолданылуға тиіс. Олай болмаса, елді бассыздық пен бейберекеттік, теңсіздік пен кемсіту жайлайды, – дейді Анар Ибраева.
Зорлық-зомбылыққа ұшырағандар күштік құрылымдарды ешқандай әрекет етпейді деп сынайды, ал сондай кезде "НеМолчи.kz" қоры мемлекеттік органдарды өз қызмет міндетін атқаруға мәжбүр етеді деп есептейді құқық қорғаушы. Сондықтан кейінгі жылдары зорлық-зомбылықтан зардап шеккен қазақстандықтар полицияға арыз бергеннен гөрі, қорға жүгінгенді жөн көреді. Мұның бәрі зәбір көріп, жапа шеккен мыңдаған жанға қол ұшын беріп келе жатқан қор жұмысының тиімділігін көрсетеді дейді ол.
– Әдетте, егер құқық қорғау қызметі нәтижелі болып жатса, оған кедергі жасағысы келетіндер де табылады. Кейбіреулер көпке жария болып, жұртқа танылуды қаламайды, – дейді Анар Ибраева.
"Ар.Рух.Хақ" құқық қорғау қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Дина Смайыловаға қарсы іс билікке қызмет етпейтін және жақпайтын қоғам белсенділерін қудалаудың кезекті эпизоды болуы мүмкін екенін айтады.
– Құқық қорғау қызметімен айналысатындарға көмектескендерді, айыппұлын төлеп бергендерді немесе Динаның жағдайы сияқты, адвокатқа ақша жинағандарды [полицияға] шақыртқан кезде осындай әдіске тап болғанбыз, – дейді Бақытжан Төреғожина. – Өкінішке қарай, қазір Қазақстандағы шынайы жағдай осындай. Билік үйдегі зорлық-зомбылық, әйелдерге әңгіртаяқ ойнату проблемасын шешуге құлықсыз, онысы сол зорлыққа жанама түрде қатысы барын байқатады. Сондықтан олардың заңға қатысты түсінігі, жалпы әйелдерге қатысты көзқарасы кереғар болып жатады.
25 қарашада "Бір кірпіш" құқық қорғау жобасының сайтында президенттің, бас прокурордың және адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына Дина Смайылованы қылмыстық қудалауды тоқтатуды, ол басқаратын қордың банктегі шоттарын бұғаттан босатуды, "НеМолчи.kz" құрылтайшысының және "адамның жеке өміріне және тиімді құқық қорғау құралдарын пайдалану құқығына кепілдік беретін Қазақстан Республикасы Конституциясын басшылыққа ала отырып, қайырымдылық жасағандардың" құқығын қалпына келтіруді талап жазылған үндеу жарияланды. Қоғам қайраткерлері Зәуреш Батталова, Ирина Мельникова, Фатима және Жанар Жандосова, белсенді Макс Бокаев, журналистер Лұқпан Ахмедьяров, Айсана Әшім және басқалар бастаған петицияға қазірге дейін алты мыңнан астам қол жиналды.
ПІКІРЛЕР