Құқық қорғаушы Махса Әминидің өлімінен кейінгі қарсылық акциялары туралы жазғаны үшін көп жылға сотталған екі журналист апелляциялық сот қарауына дейін уақытша босатылды. Мұны Азаттықтың Иран қызметі хабарлады.
14 қаңтарда екі журналист қыз Тегерандағы әйелдер түрмесінен шыққан. Иран билігі олар кепілге зат қойған соң уақытша босатылғанын, ел аумағынан шығуға тыйым салынғанын хабарлады.
31 жастағы Нилуфар Хамеди мен 36 жастағы Элахе Мохаммади былтыр қазанда 13 және 12 жылға сотталған. Оларды "ұлттық қауіпсіздікке қарсы жұмыс істеді", "АҚШ үкіметімен ынтымақтасты" деп айыптаған. Тағылған айыпты журналистер мойындамаған.
"Хамеди мен Мохаммади соты — сайқымазақ сот, сөз еркіндігіне тыйым салудың айқын көрінісі" деп мәлімдеді Халықыралық журналистерді қорғау комитетінің Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка бойынша үйлестірушісі Шериф Мансұр.
22 жастағы Махса Әминиді 2022 жылы Иранның әдеп полициясы "хиджабды дұрыс кимеді" деп ұстап, кейін ол ауруханада қаза болған. Жақындары полиция Әминиді ұрды деп санайды. Осыдан кейін Иранда жаппай наразылық акциясы басталып, бірнеше айға созылған. Билікпен қақтығыс кезінде жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған адам қамалды, кейбірі дарға асылды.
Нилуфар Хамеди Тегеран ауруханасында ес-түссіз жатқан қыздары Махсаны құшақтаған ата-анасын суретке түсіргені үшін қамалған. Оның бұл суреті Махса Әмини туралы Иран баспасөзінде жарияланған алғашқы хабар болатын. Әминиді жерлеу сәтін көрсеткені үшін кейін Элахе Мохаммадиді де ұстаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сахаров сыйлығы Иранда қаза тапқан Махса Әмини мен "Әйелдер, өмір, бостандық" қозғалысына берілді