Алматы облысында бірнеше елді мекеннің совет кезінен қалған атауы өзгерді. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен облыстық мәслихат төрағасы Талғат Байеділов қол қойған қаулы Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкіне жарияланған.
Іле ауданының Энергетический ауылдық округі Өтеген батыр ауылдық округі, Энергетический ауылдық округінің Покровка ауылы Кенен Әзірбаев ауылы, Чапаев ауылдық округі және Чапаево ауылы Байкент ауылдық округі және Байкент ауылы, Междуреченск ауылдық округі және Междуреченск ауылы Ақсай ауылдық округі және Ақсай ауылы, Талғар ауданындағы Панфилов ауылдық округінің Қызыл-Ту-4 ауылы Жібек жолы ауылы болып өзгерген.
Сонымен бірге, Іле ауданына қарасты КазЦИК ауылдық округінің Комсомол ауылы Жайнақ ауылы, КазЦИК ауылдық округі мен КазЦИК ауылы Асқар Тоқпанов ауылдық округі және Асқар Тоқпанов ауылы болып өзгерген.
Кеген ауданының Жалаңаш ауылдық округі мен Жалаңаш ауылының аты Жалағаш ауылдық округі және Жалағаш ауылы болып түзетілген.
Қазақстанда елді мекендердің "идеологиялық тұрғыдан ескірген" атауларын өзгертудің 2022-2025 жылдарға арналған "жол картасы" жасалған.
Былтыр жазда Ақмола облысы Державинск қаласының әкімдігі қаланы Кенесары деп атау туралы қаулыны тоқтатқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Уақыт тоқтаған қала. Державинск атауын өзгертуге кім және не үшін қарсы?