Freedom House халықаралық адам құқықтары ұйымының "Әлемдегі еркіндік" деп аталатын жылдық есебі жарық көрді. 2023 жылды қамтыған есебінде ұйым Қазақстанды тағы да "еркін емес ел" қатарына қосқан.
Саяси еркіндік пен азаматтық еркіндік бойынша жеті тармақтан тұратын есепте Қазақстанға жүздік өлшеммен 23 ұпай берілген. Оның ішінде саяси еркіндік бойынша 40-тан 5, азаматтық құқық бойынша 60-тан 18 ұпай белгіленген. Алдыңғы жылдардың нәтижесі де осындай еді.
"Қазақстан заңнамасы еркін әрі ашық сайлауды қамтамасыз етуге қауқарсыз"
Сайлау құқығы туралы бөлімде Freedom House 2023 жылғы наурызда өткен парламент сайлауын талдаған. Кезектен тыс сайлауда билік партиясы "Аманат" 98 мандаттың 62-сін алған. Парламентке одан бөлек "Ауыл", Respublica, "Ақ жол", "Қазақстан халық партиясы" және ЖСДП партиялары, жеті тәуелсіз кандидат өткен. Ұйым зерттеушілерінің жазуынша, мәжіліске көбірек партия өткенімен олардың ешқайсысы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігіне елеулі қарсылық білдіре алмайды, ал жеке мандат бойынша түскен тәуелсіз кандидаттар түрлі кедергіге тап болған.
"Қазақстан заңнамасы еркін әрі ашық сайлауды қамтамасыз етуге қауқарсыз, ал заңда жазылғаны іске дұрыс асырылмайды. Сайлау заңнамасы оппозициялық партиялардың парламентте өкілдік етуін қиындатады" дейді авторлар.
Сондай-ақ есепте президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптардың ауыр екені де жазылған. Кемі бес жыл мемлекеттік қызмет өтілі жеке кандидатқа сайлауға түсуге жол бермейді, ал бұл ЕҚЫҰ стандарттарына сай емес делінген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ескі әдіс". Тәуелсіз кандидаттарды сайлаудан шеттетудің астарында не жатыр?"Оппозициялық партияларды тыйып тастады не антиэкстремизм заңымен маргинал етті"
2022 жылы Қазақстан Конституциясына түзетулер енгізіліп, партия тіркеуге қажет қол саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайтылғанымен, партия тіркеу әлі де қиын; билік түрлі тетікті пайдаланып, тіркемей қояды, не процесті созбақтайды дейді Freedom House.
"Заң әлі де ұлтқа, дінге және гендерге негізделген партияларға тыйым салады. Оппозициялық партияларды тыйып тастады не антиэкстремизм заңымен маргинал етті; олардың лидерлері қылмыстық қудалауға тап болып, жақтастарының әрекетіне тыйым салынды.
Бұл тұжырымның дәлелі ретінде авторлар Қазақстан әділет министрлігінің бірталай өтініш берген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын тіркемей қойғанын мысал еткен. Ал оның лидері Марат Жыланбаев былтыр мамырда қамауға алынып, күзде тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысына қатысты деп жеті жылға сотталған. Бұдан бөлек, тіркеле алмай жүрген партиялар қатарында Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі қазақтардың құқығын көтеретін "Атажұрт" пен лидері Жанболат Мамай шартты жаза алған "Қазақстан демократиялық партиясы" да аталған.
Зерттеушілер сондай-ақ Қазақстанда 2019 жылы гендерлік квота енгізілгеніне қарамастан, парламенттің төменгі палатасында әйелдер үлесі 18,4 пайыз ғана екенін; президенттікке үкіметкерлерді қазақ тілі тестінен өтуді міндеттеу этникалық азшылық құрайтын топтар мен орыстілді азаматтардың құқығын шектейтінін жазады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шамына тигеннің бәрін тұқырту". "Экстремизмді қаржыландыру" бабын қалай және кімге қолданып жүр?Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік
Freedom House ұйымының бағалауынша, Қазақстанда мемлекет саясатын толықтай атқарушы билік анықтайды, ал парламент пен сот билігі Конституцияда көзделген рөлдерін атқара алмай отыр. Ел президенті әлі де премьер-министрді, бас прокурорды, ҰҚК басшысын, облыс әкімдерін және де өзге ірі лауазым иелерін тағайындайды дейді авторлар.
Зерттеушілердің айтуынша, елде жемқорлық кең тараған, ал элита саналатын мемлекеттік қызметкерлер жауапқа сирек тартылады, тек 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін ғана бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың серігі саналатын, ірі лауазымдарды атқарған азаматтардың үстінен іс қозғала бастады.
Freedom House сөзіне қарағанда, Қазақстан өкіметі бюджет мәселесінде және өзге де шешімдерінде ашықтық танытпайды, бұл процеске бұқаралық ақпарат құралдары мен азаматтық қоғамды араластыра бермейді.
Азаттық радиосына жасалған "троттлинг" шабуылы
Есептің азаматтық еркіндік туралы тармағын сөз еркіндігінен бастаған Freedom House Қазақстанда баспасөз құралдарының жұмысы шектелгенін айтады.
"Тәуелсіз баспасөз құралдары мен журналистер әдетте не жауып тастайты не оларды үркітеді. Өзін-өзі цензуралау кең тараған. Жала жабу – қылмыстық құқықбұзушылық, қылмыстық кодекс президент пен өзге лауазым иелерін қорлауға тыйым салады" дейді зерттеушілер.
Ұйым сондай-ақ Азаттық радиосының сайты "троттлинг" шабуылына ұшырап отырғанын да атап өткен. Қазақстанда 2022 жылғы күзден бастап Азат Еуропа/Азаттық радиосының сайттары баяу ашылады. Содан бері оқырмандардың Азаттық радиосы Қазақ қызметінің және Current Time жобасының хабарларына оқу мүмкіндігі шектеліп отыр. Әлемдегі интернет-цензураны бақылайтын Open Observatory of Network Interference (OONI) осы жағдайды сараптап, Азаттық сайты "бұғаттаудың жымысқы әдісіне ұшыраған" деді.
Your browser doesn’t support HTML5
Былтыр Тоқаев онлайн платформалар жайлы заңға қол қойған еді. Ол заңда жалған ақпарат таратқандарға жаза қарастырылған. Freedom House зерттеушілері "Шекарасыз тілшілер" ұйымының осы заңды сынға алғанын атап өткен. Ұйым ол кезде бұл заң журналистер мен блогерлерге әкімшілік жаза қаупін төндіріп, цензураны күшейтеді деген.
Есепте сондай-ақ мемлекеттің тіркелмеген ұйымдарға тыйым салатыны, ал тіркелгендерді қатаң бақылауда ұстайтыны; дәстүрлі емес діни топтардың қудаланатыны; академиялық еркіндіктің шектелгендігі, интернет қолданушылары үстінен "ұлтаралық араздық" ісі жиі қозғалатыны жазылған.
Бейбіт жиын, заң үстемдігі және әйел құқығы
Америкалық ұйымның жазуынша, Тоқаев 2020 жылы бейбіт жиын өткізу туралы заңды түзеткенімен, азаматтар мен түрлі ұйымдардың митинг, шеру өткізу құқығы әлі де шектеліп отыр. Бұдан былай тек хабарлау сипатында болады деген бейбіт жиынға әлі де жергілікті биліктің рұқсаты керек. Олай болмаған жағдайда әкімшілік жаза қолданылады. Мұндай жаза тіпті ереуілге шыққан жұмысшыларға да қолданылған дейді Freedom House былтыр сәуірде ереуілге шыққан Жаңаөзен мұнайшыларының мысалын келтіріп.
Есепте парламент сайлауына түсу мүмкіндігінен айырылған журналист Думан Мұхамедкәрімнің "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны" үшін 25 тәулікке қамалғаны да жазылған. Кейінірек журналист қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтан сұхбат алып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Билік оны "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты", "экстремизмді қаржыландырды" деп айыптап, қамауға алды. Қазақстан соты Мұхтар Әблязов бастамашыл болған "ҚДТ" қозғалысы мен "Көше партиясын" экстремистік ұйым деп таныған, Еуроодақ бұл екі ұйымды бейбіт деп атаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Думан Мұхаммедкәрім деген кім? Неліктен оған экстремизмге қатысты айып тағып жатыр?Freedom House Қазақстанда қызмет атқаратын үкіметтік емес ұйымдардың қысым көретініне де назар аударған. Зерттеушілердің есебінше, мемлекет мұндай ұйымдардың жұмысын шектейтін ережелерді күшейткен.
Қамау орындарындағы адам құқығының бұзылуы, түрмедегі азаптау мәселелері де Қазақстандағы еркіндік ахуалының көрсеткіштеріне айналған.
Бұдан бөлек, зерттеушілер жыныстық және гендерлік шеттету мәселесін де сөз еткен.
"1998 жылы [Қазақстанда] жынысы бір адамдардың неке құруы декриминализацияланғанымен, LGBT+ адамдар әлі де дискриминация мен харрасментке тап болып отыр. LGBT + мәселелерін талқылауды шектейтін үндеулер қалыпты жағдайға айналды. 2023 жылғы сәуірде мәжіліс мүшесі Ардақ Назаров "LGBT + идеологиясына" тыйым салуға шақырды" дейді Freedom House.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандар жазасыз қалып, полиция жағдайға араласуға құлықсыз екенін атап өткен зерттеушілер бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың әйелін өлтіру күдігімен қамауға алынғанын мысал еткен. Экс-министрдің азаматтық некедегі әйелі делінетін Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін басталған петицияға 150 мыңнан астам қол жиналды дейді зерттеушілер Қазақстан әйел құқығының сақталмай отырғанын баяндап.
Есепке қарағанда, 2023 жылғы елеулі өзгерістердің қатарында Астана мен Пекин арасында Қытайдан келген қазақтар жайлы келісім бар. Бұл келісім бойынша, екі ел азаматтары жөнінде ақпар алмасады. 2023 жылғы қазанда Қазақстан парламенті ратификациялаған бұл келісім Қытайдан қашқан қандастарды Пекиннің сұрауымен кері қайтарылуына әкелуі мүмкін дейді Human Rights
Freedom House – 1941 жылы құрылған америкалық үкіметтік емес ұйым. Оны АҚШ өкіметі қаржыландырады. Ұйым 1972 жылдан бастап әлем елдеріндегі еркіндік ахуалын бақылап отырады. Қазіргі бағалау жүйесінде елдерді еркін, жартылай еркін және еркін емес деп үшке бөледі.
2023 жылға арналған биылғы есепке қарағанда, әлемдегі еркіндік ахуалы 18 қатарынан құлдырап келеді. 2023 жылы әлемнің 52 елінде саяси және азаматтық еркіндік ахуалы нашарлап, тек 21 мемлекетте ғана жақсару байқалған.
Ұйым зерттеуін 195 мемлекетке және 15 аумаққа арнаған. Бұл жердегі аумақ дегені – қандай да бір мемлекеттік бақылауы орнамаған, бірақ тәуелсіз мемлекет болып танылмаған жерлер. Есепке 132 сарапшы, 40 кеңесші жұмылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Серік Бейсембаев: Авторитар жүйеге кез келген азаматтық мобилизация – қауіп