Ақмола облыстық соты 2019 жылы Ұлытау облысы Атасу кентінде оқ тиіп қаза тапқан белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өліміне кінәлі деп танылған төрт адамға шыққан айыптау үкімін күшінде қалдырды.
Сот алқабилердің үкімді өзгертпеу туралы шешімін 11 маусымда жариялап, сотталғандар мен олардың адвокаттары түсірген апелляциялық шағымдарды қанағаттандырмады. Олар үкімнің күшін жоюды және істі сотта жаңадан қарауға жіберуді өтінген. Ал жәбірленуші тарап үкімді өзгертпеуді сұрады.
Сот актілері заңды күшіне енді, оған сәйкес, айыптау үкімі күшінде қалды: тергеу, айыптау тарапы мен сот "пайда көздеп, адам өлтіруге берілген тапсырысты орындағаны" және Бақтыбаевты қаза тапқанға дейін "ұрып-соққаны" үшін кінәлі деп таныған Иман Мияшов 16 жылға бостандығынан айырылды. Сот оның іс-әрекетінде қауіпті қылмыс қайталанды деді. Мияшов осы сот аясында басқа да істер бойынша, соның ішінде қару-жараққа байланысты қылмыстар үшін кінәлі деп танылды.
Сот "Бақтыбавты өлтіруге және ұрып-соғуға тапсырыс берді" деп айыпталған бұрынғы полиция қызметкері Ғалым Ахметжанов пен кәсіпкер Азамат Бөкенаевты 15 жарым жылға түрмеге кесті. Сот бұған дейін полиция қызметкерін подполковник шенінен айырған.
Тағы бір айыпталушы Елдар Жәкенді "белсендіні ұрды" деген айыппен үш жылға соттады. Бірақ ол "жазасын өтеу мерзімі аяқталуына байланысты" жауапкершіліктен босады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Белсенді Бақтыбаевты өлтіруге миллион теңге ұсынғанКейінгі бірнеше айда сот алқасы сотталғандар мен олардың адвокаттары түсірген апелляциялық шағымды қарады. Олар бұған дейін айыптау үкімі шыққан сот процесінде конституциялық құқықтары мен қылмыстық іс жүргізу заңының нормалары бұзылды деп мәлімдеген.
Бұл іс бойынша осымен үшінші рет үкім шығып отыр, белсенді өлімінен кейінгі бес жылға жуық уақыт ішінде істі әртүрлі сот қарады. Осы уақытта алқабилер соты екі рет ақтау үкімін шығарды, бірақ істегі екі айыпталушыны белсендіні ұрғаны үшін кінәлі деп тапқан. Жәбірленуші тарап пен прокурорлар бұған келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Үшінші рет басқа соттағы алқабилер айыпталушыларды кінәлі деп тапты.
Бұған дейін істі қарау кезінде сотталушылар 2019 жылғы президент сайлауы қарсаңында туындаған резонанс салдарынан полиция халықтың қысымымен асығып, адам өлтіру ісінің басқа себептерін елемеді деп мәлімдеді. Жәбірленуші тарап дәл осы адамдардың сотталғанына сенімді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Белсенді өлімінен кейін шыққан үкім күшін жойды. Ақталғандар қайта сотқа тартылмақ- 59 жастағы Ғалы Бақтыбаевты 2019 жылғы 28 мамырда Атасудағы (ол кезде бұл кент Қарағанды облысының құрамында болған) өз үйінің босағасында біреулер атып кеткен еді.
- Бақтыбаев әлеуметтік мәселелерді көтеріп, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы жемқорлықты зерттеумен әйгілі болған. Оның қазасы қоғамда қызу талқыланып, құқық қорғаушылар белсендіні өлтіргендерді тез арада табуды талап еткен.
- Transparency Kazakhstan ұйымы Астананы істі бейтарап әрі ашық тергеуге үндеген. АҚШ мемлекеттік департаменті 2021 жылғы 30 наурызда жарық көрген әлемдегі адам құқықтары туралы есебінде де Ғалы Бақтыбаевтың қазасын атап өткен.