Еуропа соты Әзербайжанның Азаттық сайтын бұғаттау шешімі конвенцияны бұзады деп шешті

Страсбургтегі Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты.

Страсбургтегі Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты (ECHR) Әзербайжан үкіметінің Азаттықтың Әзербайжан қызметі – Азадлыг радиосы сайтын бұғаттау туралы шешімі адам құқықтарын қорғау жөніндегі конвенцияны бұзады деп ұйғарды.

Қаулыға сәйкес, Әзербайжан үкіметі залал мен басқа шығындарға өтемақы ретінде өтініш түсіргендердің әрқайсына 6000 еуро (6500 доллар) төлеуге тиіс.

2017 жылы Баку соты Азаттықтың Әзербайжан қызметінің сайтын бұғаттауға пәрмен берген. Сот сайтта "зорлық-зомбылық пен діни экстремизмді насихаттайтын және жаппай тәртіпсіздіктерге үндейтін" контент жарияланды деген.

Бұдан бөлек, Әзербайжандағы тағы төрт БАҚ – "Азадлыг" газеті және "Мейдан ТВ", "Тұран ТВ", "Әзірбайжан сааты" телеарналары бұғатталған. Әзербайжан билігі оларды "жалған, жаңылыстыратын және жала жабатын ақпарат" жариялады деп айыптады.

Сот шешіміне шағымданғандар сайттарды бұғаттауға үкіметті сынау және сыбайлас жемқорлық туралы айту себеп болды деп есептейді.

Азаттықтың Әзербайжан қызметінің сайты ел президенті Илхам Әлиевтің отбасы мен жақындарының қатысы бар заңсыз қаржы операциялары туралы жазған соң қысымға ұшырай бастаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Азат Еуропа - Азаттық радиосы Бакудегі бюросын жаптыӘзербайжан соты Азаттық сайтын бұғаттауға үкім еттіАЕ/АР басшысы Әзербайжан сотының тыйым салу шешіміне қынжылды