Бүгін, 15 маусымда Швейцарияда Украинадағы соғысты тоқтату жолдарын талқылауға арналған халықаралық конференция басталады. Оған 92 мемлекет пен сегіз үкіметаралық ұйым өкілдері қатысады деп хабарлады Швейцария үкіметі.
"Бейбітшілік саммиті" аталатын бұл жиынға қатысатындар арасында 57 елдің мемлекет және үкімет басшылары бар. Жиынды сенбі күні Швейцария президенті Виола Амхерд ашады.
Екі күндік саммит Люцерн кантонындағы Бюргеншток курортында өтеді. Ресейдің Украинадағы агрессиясына қарсы тұру және бейбітшілікке қол жеткізу жолдарын талқылайтын бұл халықаралық жиынды Швейцария Киевтің бастамасы бойынша ұйымдастырып отыр. Жиынға қатысушылар Украина президенті ұсынған 10 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарын талқылайды. Жоспарда Ресей Украинаның 1991 жылы белгіленген жерінен әскерін түгелдей шығаруға, 2014 жылы аннексиялаған Қырым түбегін Украинаға қайтаруға және репарация төлеуге тиіс деп көрсетілген.
Бұған қоса саммитте бейбітшілік процесінің өзге де мәселелері талқыланбақ. Олардың арасында азық-түлік қауіпсіздігі, соның ішінде Украинадан ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқа жөнелту, ядролық қауіпсіздік, Ресейге заңсыз әкетілген украин балаларын Отанына қайтару, екі тарап арасында тұтқын алмасу және өзге де гуманитарлық мәселелер бар.
Швейцариядағы саммитке Франция, Германия, Ұлыбритания, Польша, Жапония, Канада, сонымен бірге Африка мен Латын Америкасындағы бірқатар елдердің басшылары қатысады. АҚШ атынан бұл жиынға вице-президент Камала Харрис пен президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан қатысады.
"Бейбітшілік саммитіне" 160-қа жуық мемлекет пен ұйым шақырылған.
Кездесуге қатысудан бас тартқан елдер қатарында Қытай, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері және Мәскеумен жақсы қарым-қатынастағы Иран, Пәкістан сияқты елдер бар. Ал Үндістан, Сауд Арабиясы, Израиль бұл жиынға елшілерін немесе кеңесшілерін жіберді, Бризилия мен Ватикан өкілдері бақылаушы ретінде қатыспақ.
Жұма күні Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысты тоқтату бойынша өз шартын айтқан. "Украина Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарындағы әскерін толығымен шығарып, НАТО-ға кіруден бас тартқанын мәлімдесе ғана Мәскеу атысты тоқтатады және бейбіт келіссөздер бастауға дайын болады" деп мәлімдеді ол. Киев Путиннің бұл сөзін "қабылдауға болмайтын ультиматум" деп атады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путин Украинадағы соғысты тоқтату бойынша өз шартын ұсынды