Швейцарияда ондаған елдің басшылары Украинада бейбітшілік орнату жайын талқылап жатыр

"Бейбітшілік саммитіне" қатысушылар. Бюргеншток, Швейцария, 15 маусым, 2024 жыл.

Швейцарияда Украинадағы соғысты тоқтату жолдарын талқылауға арналған халықаралық конференция өтіп жатыр. басталады. Киевтің бастамасы бойынша ұйымдастырылған "Бейбітшілік саммитіне" Ресей шақырылмаған.

Жиынға 90-нан астам мемлекет пен халықаралық ұйымдар қатысып отыр. Олардың арасында 50-ден аса елдің мемлекет және үкімет басшылары бар. Саммитке негізінен Еуропа одағы елдері, сонымен бірге Латын Америкасы, Африка және Азияның бірқатар мемлекетінен делегациялар барды.

Колумбия президенті Густаво Петро саммит басталар қарсаңда оған қатысудан бас тартып, "Швейцариядағы жиын Ресей мен Украина арасындағы бейбітшілік жолын талқылайтын еркін форум" емес деп мәлімдеді. Ол "НАТО-ны Ресейден алшақ қылатын ядросыз аймақ" құрған жөн деп айтты.

"Бейбітшілік саммитіне" қатысудан бас тартқан елдер қатарында Қытай, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері және Мәскеумен жақсы қарым-қатынастағы Иран, Пәкістан сияқты елдер бар. Ал Үндістан, Сауд Арабиясы, Израиль бұл жиынға елшілерін немесе кеңесшілерін жіберді, Бразилия мен Ватикан өкілдері бақылаушы ретінде қатысады.

Украина президенті Владимир Зеленский саммит ашылар алдында Швейцария президенті Виола Амхердпен келіссөз жүргізді. Одан бөлек, жиынға АҚШ делегациясын бастап келген вице-президент Камала Харриспен кездесті. Харрис АҚШ Украинаға энергетика саласын қолдауға, гуманитарлық қажетін өтеуге және бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін нығайтуға 1,5 миллиард доллар бөлетінін жария етті.

800 миллион доллардан астам қаржы соғыс салдарынан бүлінген энергетика инфрақұрылымын қалпына келтіруге және оны қорғауға жұмсалмақ.

Зеленскийдің сөзінше, кездесуге Украинаға жаңадан Patriot әуе шабуылынан қорғаныс кешендерін беру мүмкіндігі де талқыланған.

Сенбінің кешінде саммиттің алғашқы жалпы отырысы өтті. Онда Швейцария мен Украина президенттері сөйледі.

Конференция барысында бұған дейін Зеленский ұсынған Бейбітшілік формуласы талқыланбақ. Украина президентінің ұсынысы 10 тармақтан тұрады. Олардың арасында Ресей Украинаның 1991 жылы белгіленген жерінен әскерін түгелдей шығаруға, 2014 жылы аннексиялаған Қырым түбегін Украинаға қайтаруға және репарация төлеуге тиіс деп көрсетілген. Осы тізімдегі гуманитарлық мәселелерге, мысалы, қақтығысқа қатысушы екі тараптың тұтқын алмасуы, Украинадан заңсыз әкетілген балаларды Отанына қайтару, сондай-ақ энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі үш тармақ – талқыланатын негізгі мәселелердің бірі болады деп хабарланған.

Швейцария сыртқы істер министрі Иньяцио Кассис өз елі Киев пен Мәскеуге қақтығысты шешуге көмектеседі деп үміттенетінін айтты.

"Біз бұл оңай болмайтынын түсіне отырып, [жанжалды] реттеу процесін бастауға тырысамыз", – деді Кассис. Осы саммитке қатысып жатқан кейбір елдер сияқты, Швейцария да келіссөздердің белгілі бір кезеңінде оған Ресей де қосылғаны жөн дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Швейцарияда 100 ел мен халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен "Бейбітшілік саммиті" ашылады

Швейцарияда саммиттің қорытынды коммюникесінің мазмұны жөнінде пікірталас болып жатыр. Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак құжат жобасы конференцияға қатысушыларға таратылып берілгенін, көпшілігі оған қосылады деп үміттенетінін айтқан. Бұған дейін БАҚ әр мемлекет құжатты мақұлдай ма, жоқ па, онысын көрсете алады деп жазған. Ресейді нақты айыптайтын қазіргі жобаны жиынға қатысып жатқан кейбір бейтарап елдер құптамауы мүмкін.

ВВС-ге берген сұхбатында Андрей Ермак Киев елдің егемендігі мен жерінің тұтастығы мәселесіне келгенде ешқандай мәмілеге бармайды деді.

Швейцариядағы саммитке Ресейді шақырған жоқ. Мәскеу өзі қатыспаған іс-шараның мәні болмайтынын мәлімдеп, шақырса да бармас едік деген. Мұндай іс-шараға қақтығысқа қатысушы екі тарап та қатысуы керек дегенді бұған дейін Қытай да айтқан.

"Бейбітшілік саммиті" басталған соң Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков жиынға қатысушыларға Ресейдің айтары жоқ деп мәлімдеді.

"Оларға ештеңе айтқымыз келмейді . Біз келесі жолы бұдан анағұрлым мазмұнды әрі үміт күттіретін іс-шараға қатыссақ дейміз", – деген Песков.

Саммит басталатын күннің қарсаңында Ресей президенті Владимир Путин "Украина Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарындағы әскерін толығымен шығарып, НАТО-ға кіруден бас тартқанын мәлімдесе ғана Мәскеу атысты тоқтатады және бейбіт келіссөздер бастауға дайын болады" деп мәлімдеген. Киев Путиннің бұл сөзін "қабылдауға болмайтын ультиматум" деп атады.

Швейцариядағы "Бейбітшілік саммиті" жексенбі, 16 маусым күні жалғасады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Путин Украинадағы соғысты тоқтату бойынша өз шартын ұсындыБайден, Макрон және Шольц Украинаны қолдайтынын тағы мәлімдедіГермания канцлері Мәскеуге НАТО өзін қорғауға дайын деп ескертті