Биыл күзде Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесіне байланысты референдум өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 27 маусымда БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, АЭС бойынша соңғы шешімді халық қабылдайды.
Президент "экономиканы дамыту үшін тұрақты энергия көзі керек" дейді. Тоқаев атом электр станциясын салу мәселесін пысықтауға нақты тапсырма бергенін айтты.
"Қазір жан-жақты талқы болып жатыр. Әртүрлі пікір айтылып жатыр. Бұл үдеріске бұқаралық ақпарат құралдары да белсене атсалысуы керек. Шын мәнінде, елімізде атом энергетикасын дамытуға зор мүмкіндік бар. Оны дұрыс, яғни тиімді пайдаланған жөн" деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, референдум нақты қашан өтетінін үкімет анықтайды.
Қазақстан билігі Балқаш көлі маңына атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Тоқаев қоғам сынынан соң АЭС салу мәселесі бойынша түпкілікті шешім референдум арқылы қабылданатынын айтқан.
Ресми Астана "АЭС Қазақстанды энергетика дағдарысынан құтқарады" десе, экологтар "суы онсыз да тартылып жатқан Балқашқа атом станциясын салу қауіпті" дейді.
"АЭС салуға қолайлы орын" деп танылған Алматы облысы Үлкен ауылында былтыр тамызда АЭС бойынша жария талқы өтіп, қарама-қайшы көзқарастағы адамдардың айқай-шуымен аяқталған. Шарадан кейін энергетика министрлігі "Үлкен ауылының тұрғындары АЭС-ті қолдайды" деп мәлімдеді. Ал оған қатысқан өзге өңірлерден барған экологтар, белсенділер "АЭС салу мәселесін тек Үлкен емес, тұтас республика халқы шешуі керек" деп айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақстан емес, АЭС салуға Ресей ынтық". Сарапшымен сұхбат