Accessibility links

"Қазақстанға АЭС қажет емес, бірақ Ресей салуға ынтық". Сарапшы Владимир Сливякпен сұхбат


Владимир Сливяк – ресейлік экобелсенді, атом энергиясы бойынша сарапшы, The Right Livelihood Award ("Дұрыс өмір салты үшін") экологиялық жүлдесінің иегері. Ол бірнеше жылдан бері әлемде атом электр станцияларын салуға қарсы күресіп жүр. Сливяк Азаттыққа сұхбатында Қазақстандағы АЭС құрылысы, Балқаштың жайы және "Росатомның" мүддесі туралы айтты.

"АТОМ ЭНЕРГИЯСЫ ЕҢ ҚЫМБАТ ЭНЕРГИЯ"

Қазақстан – халқы аз, өндірісі дамыған мемлекет. Түркия, Франция не Жапония сияқты көп энергия тұтынбайды. Соған қарамастан, АЭС салуды қолдайтын тарап Қазақстанға атом энергиясы керек дейді. Мұндай пікірге не түрткі болып отыр?

– Менің ойымша, Қазақстанға АЭС керек емес. Елде қазірдің өзінде энергияның 6 пайызы жаңартылатын қуат көздерінен (күн және жел) алынады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 15 пайызға жетуі мүмкін. Оны ары қарай да дамыта беруге болады. Сондықтан АЭС салу – саяси шешім. Экономикалық факторды алсақ, жаңартылатын және атом энергия көздерін бір желіге біріктірудің мәні жоқ. Энергияға қажеттілікті өтеу үшін АЭС салса, күн, су, жел энергиясын шектеуге тура келеді. Мысалы, энергия тұтыну деңгейі төмен, бірақ елде АЭС жұмыс істеп тұр делік.

Экобелсенді Владимир Сливяк
Экобелсенді Владимир Сливяк

– Қазақстан күн мен желден кенде емес, бірақ жаңартылатын энергия көздерінің кемшілігі де бар. Мысалы, бұл энергия көздері тұрақсыз (жел болмаса – энергия жоқ), ал станция салу қымбатқа түседі.

– Кейде күн, енді бірде жел болмайды деген мәселені ақылды желілердің көмегімен және электр энергиясын дұрыс бөліп, жинау арқылы шешуге болады. Әлемде артық өндірілген энергияны жинауға баса мән беріліп отыр. Атом энергиясымен салыстырғанда, жаңартылатын энергия көздері саласында технологияларды жетілдіруге бағытталған инвестиция көп. Жыл сайын жаңа бір тиімді, қолайлы технологиялық шешім шығады.

Экономикаға келсек, атом энергиясы ең қымбат энергия көзі саналатынын білесіз бе? Германия 20 жыл бұрын АЭС-тен бас тартты. Өйткені үкіметте "жасылдар" пайда болды, олар бүкіл шығынды есептеп, атом энергиясы қымбатқа түсетінін анықтады.

Берлиндегі АЭС-тің жабылуына арналған митингіде тұрған экобелсенді. Бранденбург қақпасы маңы, Германия, 15 сәуір, 2023 жыл
Берлиндегі АЭС-тің жабылуына арналған митингіде тұрған экобелсенді. Бранденбург қақпасы маңы, Германия, 15 сәуір, 2023 жыл

Әлемде жаңартылатын энергия көздері дамыған сайын, бағасы арзандады. Ал атом реакторлары қымбаттап жатыр. Бүкіл шығынды ескерсек, атом энергиясы ең қымбат саналады. Осы тұста АҚШ-тағы NuScale шағын реакторын мысалға келтіруге болады. Бұл атом энергиясы саласындағы ең ірі жобалардың бірі деп таныстырылған, бірақ шығыны көп болғандықтан, аяқсыз қалды. Ұмытпасам, Қазақстанда да осы реактор салынады деп еді.

Ескі жүйе кезінде тәрбиеленген энергетиктерді көп көрдім. Олардың көбі жаңартылатын энергия көздері жоқ кезде білім алған. Ол кезде ешкім күн, жел энергиясы дегенге сенбейтін. Оны дамытуға ешкімнің құлқы болмады, өйткені бәрі өз біліміне ғана сүйенді. Алайда кейінгі 20 жылда әлем қатты өзгерді. Сондықтан Қазақстанда білікті энергетиктер мен мамандар "көп энергия көзі керек", "күн, жел, су жеткілікті көлемде энергия бере алмайды" деген ескі стереотиптерді өзгертуі тиіс. Бұл стереотиптер расталмады. Ниет болса, аталған мәселені шешуге болады.

Желден қуат өндіретін станцияның түнде түсірілген суреті. Алматы облысы, 12 тамыз, 2023 жыл
Желден қуат өндіретін станцияның түнде түсірілген суреті. Алматы облысы, 12 тамыз, 2023 жыл

– Жаңартылатын энергия көздері тұтынушының қалтасына ауыр тиеді, жасыл энергияға көшкен елдерде тариф бірнеше есе қымбат деген тағы бір тұжырым бар.

– Кез келген энергия көзі жеткілікті дамымайынша, қымбат болады. Мемлекет басқа энергия көздерімен бірдей субсидия бөліп, қолдаса, арзандайды. Әрине, ұзақ мерзімге есеп жасап, 2050, 2080, 2100 жылдары не болатынын ойлану керек. Сонда қай энергия көзі тиімді екені анықталады.

Атом энергиясы жаңадан дами бастағанда, оның да бағасы қымбат еді. Бірақ мемлекет көп субсидия бөлді. Қазір жаңартылатын энергия көздеріне дәл сондай субсидия бөлсе, бірде-бір адам тариф қымбат деп ауыз аша алмас еді. Қазіргі тариф құны мемлекет шараларына, әсіресе, ұзақ мерзімді стратегияға байланысты.

Мемлекет субсидия бөлетін басым бағыттарды белгілеп, белгілі бір энергия көздерін дамытады. Сондықтан билік атом энергиясын тиімді етіп көрсеткісі келсе, АЭС-ке жұмсалатын шығындар бюджеттің әртүрлі тармағына бөлінеді. Халық электр энергиясы үшін бұрынғыдан аз ақша төлеуі мүмкін, бірақ салық төлеушілер бұл шығынды бәрібір өз қалтасынан өтейді. Бұл халыққа тегін түспейді.

"РОСАТОМ" ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛУГЕ НЕГЕ ЫНТЫҚ?

– Путин мен Тоқаев қарашадағы кездесулерінен бұрын сұхбат беріп (Тоқаев – ресейлік, Путин – қазақстандық ақпарат құралына), екеуі де Қазақстандағы АЭС құрылысы жөнінде пікір білдірді. Путин "Құрылысты бастау туралы шешім қабылданса, "Росатом" көмектесуге дайын" деді, Тоқаев "Түпкілікті шешім қабылданған жоқ, бәрі әлі қай күні өтетіні белгіленбеген жалпыхалықтық референдум қорытындысына байланысты" дегенді айтты. Путиннің сөзіне қарағанда, Ресей бұл жобадан дәмелі сияқты.

– Қос президенттің кейінгі мәлімдемелеріне қарасақ, АЭС құрылысы басталса, оны міндетті түрде ресейліктер салатындай көрінеді. "Росатом" Қазақстанға Назарбаевтың кезінде-ақ көз салған: тараптар келісімшарт дайындап, қол қоюға таяды. Кейін Қаңтар оқиғасы болып, бұл жоспар кейінге қалды. 2022 жылдың қаңтары болмаса, келісімшарт әлдеқашан қабылданар еді.

Қазір халықаралық жағдай мен Ресейдің әлем елдерімен қырғи-қабақ болып отырғанын ескерсек, бұл жобаға қызығушылық артты. Ресей билігі үшін көрші мемлекеттерде АЭС салу – саяси тәуелсіздік алудың бір жолы. Ресей көршілерімен келісе алмаса, соғысуға дейін баратынын көрдік. Ресей бір жылдан бері Украинадағы Запорожье атом электр станциясын оккупациялап отыр. Бүкіл әлем демін ішіне тартып, ядролық апаттан қауіптене бастады.

Ресей "Росатом" арқылы қалай ықпал етуі мүмкін?

– Айталық, атом станциясы жоқ, болашақта электр энергиясына сұраныс артуы мүмкін мемлекетке екінші бір ел келіп, "АЭС салып берейік, ақша береміз" дейді. Несие рейтингі төмен елдерге (Қазақстан туралы айтып отырған жоқпын) бұл ұсыныс ұнайды. Өйткені ондай мемлекеттер АЭС құрылысына қажет қаржыны басқа жерден таба алмайды. Ресей осыны біліп, Беларусь, Венгрия сияқты елдерге инвестиция ұсынып отыр.

Ресей әдетте құрылысқа 10 миллиард доллар көлемінде инвестиция бөледі, станция жергілікті үкіметке тиесілі болады немесе Түркиядағыдай "Росатом" АЭС салып, оған өзі иелік етеді. Электр энергиясын келісімшартта көрсетілген баға бойынша сатады.

"Росатоммен" әріптес болуға келісіп, Ресейден несие алған мемлекет алдағы 100 жылда ядролық отын, технология мен "Росатом" инженерлеріне тәуелді болады. АЭС қызметін тоқтатып, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу үшін тағы да "Росатомның" көмегі керек.

Бұл процесс оңай емес. Радиоактивті қалдықтардың сан түрі бар: экологтар бұл қалдық түрі қауіпті, өйткені көп радиация бөледі дейді. Атом электр станциясын кім салса да, ядролық қалдық үшін жауапкершілікті мойнына алмайды. Қазақстандықтар ол қалдықтардың қауіпсіздігі үшін өз қалтасынан ақша төлейді. Энергияны сіз өндіресіз, ядролық қалдық ақысын болашақ ұрпақ өтейді.

Қандай нұсқалар бар? Мысалы, "Росатом" өзі салған АЭС-те пайдаланылған ядролық отынды алып кетеді. Бірақ Ресей заңдары бойынша, олар отынды қайта өңдеген соң, қалдығын Қазақстанға жібереді. АЭС-тің эксплуатация мерзімі аяқталғанда, Балқаш маңында бірнеше мың тонна радиоактивті қалдық қалады. Оны игеру керек. Ештеңе істемесе, ерте ме, кеш пе, радиоактивті заттар ауаға, суға тарайды.

Әзірге әлемнің бірде-бір мемлекетінде радиоактивті қалдықтарды қаупі жойылғанша, тиімді оқшаулау технологиясы жоқ.

БАЛҚАШ КӨЛІ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯ

– Экология туралы сөйлесейік. Қазақстанда АЭС салу мәселесі толық шешілген жоқ, бірақ билік Балқаш көлінің жанындағы Үлкен ауылын таңдап отыр. АЭС реакторды суытатын су айдындарына қалай әсер етеді?

– АЭС реакторын суытуға көп су керек. Қазір климат жедел қарқынмен өзгеріп жатыр, жыл сайын орташа температура жоғарылап келеді. Соның салдарынан алдағы уақытта су тапшылығы басталады. Қазақстан су айдындарына мұқият болуы керек.

Атом технологиясын жақтайтындар АЭС суды көп ластамайды дейді. Бірақ радиоактивті қауіп көзі ұзақ уақыт жұмыс істейтінін, сол кезеңде қанша зиянды зат түзілетінін ескеру қажет. Ядролық реакторлар суыған соң, пайдаланылған суды қайтадан көлге құяды. "Росатом" сатып жатқан су-энергетика реакторынан шыққан суда радиоактивті тритий элементі бар. Бұл мәселенің шешімі жоқ, өйткені ластанған судан тритийді бөліп алу мүмкін емес.

Балқаш көлі. Үкімет көлдің жағасында орналасқан Үлкен ауылында АЭС салуды ұсынып отыр. Алматы облысы, 21 тамыз, 2023 жыл
Балқаш көлі. Үкімет көлдің жағасында орналасқан Үлкен ауылында АЭС салуды ұсынып отыр. Алматы облысы, 21 тамыз, 2023 жыл

Фукусимада дәл сондай жағдай болды: жақында Жапония мұхитқа радиоактивті су төге бастады. Олар басында тазартылған су төгіп жатырмыз деді, бірақ кейін суды тритийден тазарту мүмкін емесі анықталды. Жапонияның әрекеті көп елде қатаң сынға ұшырады.

1990-жылдары Владимир Путин билікке келмей тұрып, Ресейде атом энергиясын бақылайтын Госатомнадзор деп аталатын жеке, тәуелсіз орган болды. 1990-жылдардың аяғында Госатомназдор инспекторлары Калинин АЭС жанында тритий мөлшері рұқсат етілген шамадан бірнеше есе жоғары екенін анықтағаны есімде. Бірақ мемлекет ештеңе істеген жоқ, өйткені радиоактивті заттар қоршаған ортаға тарағаннан кейін бәрі бекер. Сондықтан климат қарқынды өзгеріп жатқан шақта тұщы су айдындарын сақтап қалу өте маңызды. Оны радиоактивті заттармен ластауға болмайды.

Балқаш тақырыбына оралсақ, АЭС-тен шығатын су көлдің температуралық режимін өзгертеді. Бұл тірі организмдерге кері әсер етеді. Станция құрылысы мен нысан жұмысынан Балқаштың экожүйесіне антропогенді жүктеме артады: адамдармен бірге қоқыс та көбейеді. Ұзақ мерзімді перспективада бұл көлге жақсылық әкелмейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG