Оңтүстік Кореяның өнеркәсіп министрлігі Ресей мен Беларуське жіберуге тыйым салынған тауарлар тізіміне тағы 243 тауар қосатынын айтты. "Рёнхап" агенттігінің хабарлауынша, тамыздың аяғына дейін Оңтүстік Кореяның Мәскеу мен Минскіге жіберуге тыйым салған тауарлар тізімінің саны 1402-ге дейін көбейеді.
Министрліктің мәліметінше, бұл тізімге оптикалық құралдар мен датчиктерге арналған бөлшектер, металл кесетін жабдықьар кірген.
Оңтүстік Кореяның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Чан Хо Чжиннің айтуынша, Ресейге экспорт бақылауын күшейтудің негізгі себебі – Мәскеу мен Пхеньянның жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қоюы. Келісім аясында екі елдің біріне шабуыл жасалса, Ресей мен Солтүстік Корея бір-біріне әскери көмек көрсетеді.
Сеул бұған жауап ретінде Украинаға қару-жарақ жеткізу мәселесін қарастыратынын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Оңтүстік Корея Мәскеу мен Пхеньян келісімінен кейін Украинаға қару жеткізуі мүмкінЖақында Пхеньянға сапарлап барған Ресей президенті Владимир Путин Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынға ресейлік Aurus лимузинін сыйлаған. Пхеньян өкіметіне Aurus сыйлау – санкция талабын бұзатын әрекет саналады, өйткені бұған дейін қабылданған санкциялар Солтүстік Кореяға люкс автокөлік жеткізуге тыйым салған-ды.
Reuters агенттігі бұл көліктегі көптеген бөлшек Ресейге Оңтүстік Кореядан жеткенін анықтады. Агенттік Aurus-тың ең ірі жеткізушілерінің бірі – Оңтүстік Кореяның компаниялары болған дейді. Украинада соғыс басталғаннан кейін Оңтүстік Кореядан тауар жеткізу тоқтаған жоқ, 2022 жылғы ақпаннан бастап жеткізген тауарлар құны кем дегенде бес миллион долларға жеткен деп жазды Reuters.
2024 жылы ақпанда АҚШ Татарстандағы Aurus зауытына санкция салған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Associated Press: Ресей мен Солтүстік Корея келісімі Путиннің Батыспен текетіресін жаңа деңгейге көтерді