Оңтүстік Корея Мәскеу мен Пхеньян әріптестік және қорғаныс туралы келісім жасасқаннан кейін Украинаға қару-жарақ жеткізу мәселесін қарастырмақ. Бұл туралы баспасөз мәслихатында елдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Чан Хо Чжин мәлімдеді деп хабарлады "Рёнхап" агенттігі.
"Үкімет бұл келісімге алаңдайды, келісімге қол қоюды айыптайды" деді Чан. Ол Солтүстік Кореяның әскери жағынан күшеюіне тікелей не жанама түрде ықпал ететін кез келген әріптестік БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын бұзады деп мәлімдеді.
Оңтүстік Корея – әлемдегі ең ірі қару-жарақ жеткізуші елдердің бірі. Бірақ Сеул Украинаға қару бермеген. Жақында Владимир Путин Ресей Оңтүстік Кореяның Украинаға тікелей қару-жарақ бермейтінін "жоғары бағалайды" деп айтқан.
Халықаралық бірнеше БАҚ Вашингтон Украинаға снарядтар беру үшін Оңтүстік Кореяның снарядтары АҚШ-қа жеткізілуі мүмкін деп жазған.
"Рёнхап" сөйлескен Оңтүстік Корея президентінің кеңсесіндегі аты аталмаған дереккөз агенттікке қару жеткізу мәселесін қайта қарау туралы ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады. Оның айтуынша, Сеул бұл мәселе бойынша әлі ашық пікір білдірмейді.
"Нақты шаралар туралы кейінірек хабарланады, біз жоспарларды алдын ала айтқымыз келмейді және бізге Ресейдің реакциясы қызық" деген шенеунік журналистерге.
19 маусымда Пхеньянда келіссөз өткізген Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. Құжат екі елдің біріне агрессия болған жағдайда өзара көмектесуді көздейді.
Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасындағы соғыс 1950 жылдың 25 маусымы мен 1953 жылдың 27 шілде аралығында болды. 1953 жылы Корей соғысында атысты тоқтату туралы бітім жасалғанымен, бейбіт келісімге әлі күнге дейін қол қойылмаған.
ПІКІРЛЕР