Қазақстандық шоумен Тұрсынбек Қабатов "ұсақ бұзақылық жасады" деген айыппен 5 күнге қамалды. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты мен жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.
Іс материалдарындағы ақпаратқа қарағанда, Қабатов 2 маусымда таңертең мас күйінде Алматы – Астана рейсінде балағат сөз айтқан. Сотта Қабатов бортсеріктердің жұмысына көңілі толмағанын, осыған байланысты сөз айттым деген. Бірақ ол ұшақта балағат сөз айтқан-айтпағанын білмейді, дегенмен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін кешірім сұраған.
Сотта куәгерлер Қабатовтың рейсте мас болғанын және балағат сөз айтқанын растаған. Қабатовты бес күнге қамау туралы сот шешімі әлі күшіне енген жоқ.
Тұрсынбек Қабатов – қазақстандық әзілкеш, асаба әрі шоумен. Ол 2015 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан еңбек сіңірген қайраткер атағын алған.
2021 жылы ҰБТ-ға Қабатовтың қызының орнына басқа адам кірді деп шу болып, шоуменнің басы дауға қалған еді. Қабатов бұл оқиғаға репетиторларды айыптап, тест тапсыруға қызының орнына басқа біреуді кіргізу ойында болмағанын айтқан.