Accessibility links

"Қабатов тергелген жоқ". ҰБТ-ға жалған құжатпен өзге адам кіргізу оқиғасының жай-жапсары


Шоумен Тұрсынбек Қабатов "Самғау" театр фестивалінде. 2019 жыл. Сурет "Nomad City Hall" мемлекеттік мекемесінің сайтынан алынды.
Шоумен Тұрсынбек Қабатов "Самғау" театр фестивалінде. 2019 жыл. Сурет "Nomad City Hall" мемлекеттік мекемесінің сайтынан алынды.

Нұр-Сұлтанда мектеп бітірген төрт түлек өз орындарына басқа адам кіргізіп, ҰБТ тапсыруға тырысқан. Олар сынаққа өзге адамды кіргізу үшін жалған жеке куәлік жасатқан. Өтірік құжат жасатқан барлық түлектің аты-жөні белгісіз. Бірақ қоғам талқысына шоумен, "Көңілді тапқырлар клубының" (КВН) қатысушысы Тұрсынбек Қабатов пен оның қызы ілінді. Жұрт қылмыстық іс тек жалған құжат жасағандарға қозғалып, ал жасатқандар жазасыз қала ма деп алаңдайды. Азаттық тілшісі оқиғаның анық-қанығын білуге тырысты.

"БІР АДАМ КІНӘНІ ӨЗ МОЙНЫНА АЛЫП ОТЫР"

Қазақстандықтардың желідегі белсенділігі болмаса ҰБТ кезіндегі бұл заң бұзушылықты ешкім білмей қалар еді. 15 тамызда адвокат Абзал Құспан Facebook парақшасында Тұрсынбек Қабатовтың астанадағы "үздік мектептердің бірін" бітірген қызы ҰБТ тапсыруға өзі кірмей, орнына С. есімді қызды кіргізгені жайлы жазды.

Құспанның полициядағы дереккөзі Қабатовтың қызы "жауапқа тартылмай қалады" деп "алаңдаушылық білдірген". Адвокаттың посты қоғамда резонанс тудырып, оның жазбасының астында 1400-ден аса пікір жазылды.

– Бұл туралы екі ай бұрын емес қазір жазып отырмын. Істі тоқтатумен келіспеймін. Қабатовқа ешқандай тағар мінім жоқ. Оның ар-намысына тиіп жатқан жоқпын. Оның қызы жалған құжат жасағаны үшін жауапқа тартылуы тиіс еді. Оның ісі Қылмыстық кодекстің 385-бабы 3-бөлігіндегі, яғни "Жалған құжат пайдалану" бабымен қаралуы керек (Ең көп жаза – 40 күнге қамау), - деді адвокат Құспан Азаттыққа.

Полиция бұл істі 2021 жылдың 13 маусымынан бері жүргізіп келе жатқаны анықталды. Сол күні Ұлттық тестілеу орталығы Алматы ауданы полиция басқармасына хабарласып, "ҰБТ кезінде жалған жеке куәлік жасаған түлектер анықталғанын" айтқан.

Сол күні полицияға сегіз адам – төрт түлек және олардың орнына тест тапсыруы тиіс төрт студент жеткізілген. Бұл заң бұзу фактісін Face-ID жүйесі анықтаған.

Жалған құжат жасау фактісі бойынша Нұр-Сұлтанның 22 жастағы тұрғыны күдікке ілінген. Күдіктінің үйін тінту кезінде компьютер мен жеке куәлік жасаған аппарат табылған.

Полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 385-бабы 1-тармағы бойынша ("Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу") іс қозғаған.

Күдіктінің қылмысы дәлелденсе, бұл бап бойынша ол екі жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

– Тергеу аяқталып келеді. Бір адам құжатты өзім дайындадым, өзім бердім деп барлық кінәні өз мойнына алып отыр. Осы аптада іс сотқа жіберіледі. Тұрсынбек Қабатов тергелген жоқ. Оның қызының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Жалған құжатты пайдаланып үлгермеген. Тергеу құпиясын сақтау үшін істің басқа жайттары айтылмайды, - деді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Эльмира Шәуленова.

Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік 16 жастан, кейбір аса ауыр қылмыстарда 14 жастан басталады. Адвокат полиция бұл істе "әрекетсіз" отыр деп санайды.

Адвокат Абзал Құспан
Адвокат Абзал Құспан

– Астанадағы полиция департаментінің істі дұрыс емес. Бұл жерде тағы бір ескерілмей қалған жайт бар. Жемқорлық фактісі құқық қорғау органдары тарапынан жалғасын тапқан. Егер Қабатовтың қызы А. мен студент С. біле тұра жалған құжатты қолданса, полиция неге қылмыстық іс қозғалмағанын анықтауы керек еді. Мен кез келген полиция басшысымен бұл жөнінде дебатқа шыға аламын. Ал олар дебатқа шыға алмайды. Себебі олардың жасырып отырған жайттары бар, - дейді Абзал Құспан.

Адвокат бұл істе ешқандай тарапқа қорғаушы емесін айтады.

- Ақпаратты полицейлердің өздері жіберді. Полициядағылар "барлық еңбек далаға кетті, басшылық істі қысқарту туралы тапсырма берді, қысқарттық деп отыр".

Құспан қазір посты үшін өзін желіде жазғырып жатқанын айтады. Қабатовтың әйелімен сөйлескен соң адвокат желіде бұл іс туралы бірдеңе жазудан тартынып қалған.

- Олар емес, мен заң бұзған сияқтымын. Қабатов тарапынан маған ешқандай қысым жасалған жоқ. Алғашқы күні [Қабатовтың әйелі] Мөлдір хабарласып, жағдайды түсіндірді, бұл іске қатысы жоғын, кінәсіз екенін айтты. Ешқандай реніш болған жоқ. Мен постымды алмайтынымды айттым. Ол да алып таста деп сұраған жоқ. Мен енді бұл туралы жазбайтынымды, қолымда бар құжаттарды шығармайтынымды айттым, - деді қорғаушы.

"МАҒАН АЙТПАЙ ОНДАЙ ТІРЛІККЕ НЕГЕ БАРДЫҢ?"

16 тамызда Тұрсынбек Қабатов Instagram парақшасында қазақстандықтарға қайырылды. Ол бұл оқиға отбасына ауыр тигенін айтып, қолдағандарға алғыс білдірді және өзін Нұрбек деп таныстырған репетитормен болған 10 минуттық әңгімені жариялады. Қабатов "репетитордан" есеп алып, желідегі шуға жазғырады. "Репетитор" ақталып, кешірім сұрайды. Бұған қоса, ол Қабатовтың қызына алдын ала ескертіп, клавиатураның астында жалған жеке куәлік жататынын айтқанын қайталайды.

Екеуара әңгіменің үзіндісі:

Тұрсынбек Қабатов: Нұрбек, болатын жағдайды сен неге маған айтпай, мамасына айтпай, ондай тірлікке бардың? Екіншіден, қыз кім? Оны кім тапты? Сен ба тауып жүрген?

"Репетитор": Сіздерді енді тосыннан қуантайын деген ой болған ғой негізі...

Әңгіме соңында Қабатов әңгімені видеоға жазып алғанын айтып, одан жариялауға рұқсат сұрайды. "Репетитор" келіседі.

Жарияланған видеоның хронометражы – 10 минут 6 секунд. Ал Қабатовтың смартфонында әңгіме кемі 12 минут 15 секундқа жалғасқанын байқауға болады.

"140+1" ОРТАЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЫҢҒАЙЛЫ РЕПЕТИТОРЛАР

Қабатовтың қызы ҰБТ-ға дайындалған Нұр-Сұлтандағы "140+1" білім беру орталығының атқарушы директоры Бауыржан Жәдігеров басында "іске қатысымыз жоқ" деп пікір білдіруден бас тартқан. Кейін Қабатовтың өзі жеке қайырылғанын, Нұрбек деген репетиторды табуға көмектескенін айтты.

Бауыржан Жәдігеров.
Бауыржан Жәдігеров.

— Тұрсынбек Қабатовпен жақсы араласамын. Ал анау жігіт бізде жұмыс істеген жоқ, біздің қызметкер емес. Білім саласында жұмыс істегендіктен ол адамды өзім таптым. Ол қоңырауға жауап бермей қашты. Сондықтан Тұрсынбек онымен менің телефоным арқылы сөйлесті. Ал жалпы біздің орталықта басқа Нұрбек деген мұғалім жұмыс істейді, - деді ол.

Бауыржан Жәдігеров "репетитордың" телефон нөмерін беруден бас тартты.

– Тұрсынбек Қабатовтың қызы көктемде біздің орталықта оқыды. Басында ҰБТ-ға дайындалды, кейін шетелге оқуға тапсырамын деп кетіп қалды, - дейді Жәдігеров.

"АТА-АНАЛАР ДА ЖАУАПҚА ТАРТЫЛУЫ ТИІС"

Қоғамдағы түрлі шуларды зерттеп жүрген журналист Гүлбану Әбенова білім беру орталығының басшысы жағдайды жасыруға тырысып отыр деп санайды.

Гүлбану Әбенова.
Гүлбану Әбенова.

– Бауыржан Жәдігеровтің айтқанына сенбеймін, себебі олардың Instagram парақшасына қарасақ Нұрбек Қанай солардың орталығында жұмыс істеп, жарнамалаған. Сол парақшада Нұрбек Қанайдың Қабатовтың қызының орнына тест тапсырған қызға ұқсас адаммен суреті де бар (Әбенова репетитордың Instagram парақшасынан скриншоттар жариялаған). Бұл қыздың Нұрбектің кімі болып келетінін білмеймін, бірақ екеуі бірге қылмыстық заң бұзушылық жасаған деп ойлаймын. Жәдігеров өздерін айыптамас үшін жауапкершіліктен қашып отыр, - дейді Әбенова.

Журналист Әбенова шоумен Қабатов кәмелетке толмаған қызының әрекеті үшін өзі жауап беруі керек деп санайды.

– Қабатов ештеңе білмегенін айтады. Бірақ ол баласының жеке куәлігін кімге беріп жатқанын сұрауы керек еді. Қызы ата-анасына жеке куәлігін біреуге бергенін айтпады дегенге сенбеймін. Олар да жауапкершіліктен қашып отыр. Осы іс бойынша ұсталған төрт баланың да ата-анасы жауапқа тартылуы тиіс, - дейді журналист.

Әбенова Қабатов жайлы осыған дейін де бірнеше журналистік зерттеу жариялаған. Журналист шоуменнің "Nomad City Hall" мемлекеттік мекемесін басқаратындықтан, бюджеттік қызметкер болғандықтан оның ісіне көп назар аударғанын айтады.

– Оның қазақ аудиториясына ықпалы көп. Біздің ұлттық болмыстарымызды әзілге қосып, сахнада тәрбиелеуге тырысады. Көп адам үшін ол кумир. Оны жақсы көреді, сенеді және оның айтқанын істейді. Сондықтан ол жай ғана комик емес, мәдениет қайраткері, - дейді Әбенова.

Шоумен Қабатов 2015 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан еңбек сіңірген қайраткер атағын алған, ал 2018 жылы астанадағы комедия театрының жетекшісі болып тағайындалған.

Тұрсынбек Қабатовтан пікір алу мүмкін болмады. Азаттық тілшісі екі нөмеріне де хабарласқанымен, жауап болмады. Жұмыс орнында да табылмады. Театр директорының орынбасары Александр Майер Қабатовтың еңбек демалысына өтініш жазып кеткенін жеткізіп, басқа ештеңе айтқысы келмеді.

Білім және ғылым министрінің штаттан тыс кеңесшісі және Ұлттық тестілеу орталығының экс-директоры Дидар Смағұл Nege.kz сайтына берген сұхбатында "Еліміз бойынша биыл 18 адам тестке заңсыз кіргісі келгені анықталды. Түркістан мен Алматы облыстары және Көкшетау қаласында сынаққа бөтен адамды кіргізу фактісі тіркелген. Бірақ осы күнге дейін бірде-бір іс аяғына дейін жеткен жоқ. Біз полицияға хабарласып, ақпарат бергенімізбен "мынадай нәтижеге жеттік" деп айта алмаймын" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG