Астанада өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) саммитінде Беларусь ұйымға толыққанды мүше болып кірді. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
Журналистер шараны Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайынан бақылап отыр. Ал саммиттің өзі Тәуелсіздік сарайында өтіп жатыр. ШЫҰ мүше елдердің басшыларының кеңесі Қазақстанның төрағалығымен өтеді.
2015 жылы Уфада өткен ШЫҰ саммитінде Беларусь еліне бақылаушы статусы берілген еді. Араға 9 жыл салып Минск бұл ұйымға мүше болды. Қазір ШЫҰ-ға он ел мүше, тағы екі елде бақылаушы статусы бар, 14 ел ұйымның диалог бойынша серіктес саналады.
Кейбір сарапшылар ұйымның кеңеуін "Пекин мен Мәскеудің Батыс елдеріндегі ұйымдармен саяси салмақты теңестіруге талпынысының бірі" деп санайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Астана саммиті: ШЫҰ Батысқа қарсы елдер блогына айнала ма?Қазір Астанада өтіп жатқан саммитке Ресей президенті Владимир Путин, Қытай басшысы Си Цзиньпин және Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан басшылары қатысып жатыр. Бұған қоса, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Иран президентінің міндетін атқарушы Мохаммад Мохбер, Пәкістан премьері Шахбат Шариф бар. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш те саммитке келген.