Accessibility links

Астана саммиті: ШЫҰ Батысқа қарсы елдер блогына айнала ма?


Ресей президенті Владимир Путин, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қытай төрағасы Си Цзиньпин. Астана, 3 шілде, 2024
Ресей президенті Владимир Путин, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қытай төрағасы Си Цзиньпин. Астана, 3 шілде, 2024

Кешелі бері Қазақстан астанасында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің саммиті өтіп жатыр. Оған қатысуға басқа басшылармен қатар Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин келді. Осы жолы ұйым құрамына Беларусь қосылмақ.

Сарапшылардың айтуынша, Еуразия елдері клубының кеңеюі - Пекин мен Мәскеудің бұл аймақтық блокты Батыстағы институттардың баламасы ретінде көрсету әрекетінің бір бөлігі. Оның үстіне Астана саммиті Украинаға соғыс ашқаны үшін Батыс елдерінің санкциясына ұшыраған Ресей басшысы Владимир Путиннің халықаралық деңгейде оқшауланып қалмағанын дәлелдейтін мүмкіндігі.

КЕҢЕЮ, ТЕРРОРМЕН КҮРЕС, ИНВЕСТИЦИЯ ҚОРЫ

ШЫҰ-ға мүше елдер басшылары қатарына Беларусьті қосу жайын, терроризммен бірлесе күресудің жолдарын талқылап жатыр. Бұған қоса жиында Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселесі, Қазақстан ұсынған инвестиция қорын құру механизмдері талқыланады.

Бұл блокты ең алғаш Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан 2001 жылы жер дауларын реттеу үшін құрған, содан кейін ол аясын кеңейтіп, аймақтық қауіпсіздік, экономикалық даму мәселелерін де қамти бастады. 2017 жылы оның құрамына Үндістан мен Пәкістан, ал 2023 жылы Иран кірді. Биыл қатарына Беларусь қосылған соң ұйым тіпті ұлғая түспек.

ШЫҰ-ның 23 жылдық эволюциясы Қытай мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа тікелей байланысты болған.

ҚЫТАЙҒА ЖАҚЫНДАЙ ТҮСКЕН РЕСЕЙ

Бір кездері Мәскеу Қытайдың бұл ұйым аясындағы жоспарларын өзгертіп, тіпті оған тосқауыл қойып келді. Соның ішінде аймақтық даму банкін және еркін сауда аймағын құру бастамалары да өтпей қалды. Бірақ соңғы жылдары Си Цзиньпин мен Владимир Путин арасында тығыз қарым-қатынас орнады, әсіресе Ресей Украинаға басып кіргелі бері Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы олардың АҚШ-қарсы ұстанымының бір бөлігіне айналды.

Маусым айында Ресей үкіметі өкілдерімен кездесуінде Путин ШЫҰ сияқты ұйымдардың көмегімен "Еуразиядағы ұжымдық қауіпсіздіктің екіжақты және көпжақты қауіпсіздігінің жаңа жүйесін" құру туралы сөз етті. Және ол "Еуразия аймағында сыртқы күштердің әскери ықпалын" біртіндеп азайту керек дегенді баса айтты.

ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ФОРУМ

Қазақстан былтырғы шілдеден бері ШЫҰ-ға төрағалық етті. Ұйым төрағалығы Астанаға осымен төртінші рет ауысып келді. Былтыр Делиде онлайн форматта өткен саммитте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға төраға болатын бір жылдағы мақсатының бірі "Шығыс пен Батыс арасындағы геосаяси жікті болдырмау" деген және "әлемдік қауымдастыққа тұрақты бейбітшіліктің өз бағдарын" көрсетіп, "Әділ бейбітшілік пен үйлесім үшін әлемнің бірлігі" бастамасын ұсынатынын айтқан. Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Ерболат Сейлеханов мұны "жаһандық деңгейде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған сенім шараларын қалыптастыратын принциптері" айқындалған "жалпыға ортақ құжат" деп сипаттаған.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада. Астана, 3 шілде 2024 жыл.
Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада. Астана, 3 шілде 2024 жыл.

Ұйымның жыл сайын өтетін саммиттерінде көбіне осыған ұқсас құжаттар қабылданып тұрады. Украинаға жалғасып жатқан шабуылға байланысты бір жыл ішінде Ресейге қосымша санкциялар салынып, Батыс пен Ресей арасы бұрынғыдан да шиеленісе түсті. Сарапшылар ұйым тым ауқымды әрі мақсаттары әркелкі болғандықтан, оның жұмысында "тұщымды нәтиже жоқ" деп санайды.

Берлиндегі Карнеги орталығының сарапшысы Темур Умаровтың Азаттыққа айтуынша, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы геосаяси салмағын арттырып, халықаралық деңгейде көбірек көзге түсіп келе жатқанымен, ол әлі де символизмге көп арқа сүйейтін, салмағы жеңіл ұйым деңгейінде қалып отыр:

"Ол әлі де қазір қандай екенін, болашақта қандай болатынын бажайлап жатыр. Әзірге оның басты артықшылығы – аумағы мен бәрін қоса алғандағы ЖІӨ-сі, бірақ онда әзірге ешқандай тұщымды нәтиже жоқ".

Мандаты анық болмағандықтан, ШЫҰ аймақтағы өзге елдердің басшылары Си Цзиньпин мен Владимир Путинмен бетпе-бет жүздесетін дипломатиялық форум деңгейіндегі жиын деп санайтындар бар.

Қытай төрағасы Астанаға жиыннан бір күн бұрын мемлекеттік сапармен келіп, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Саммиттен соң ол Тәжікстанға барады.

Бұған қоса саммит аясында бүгін Ресей және Қытай басшылары бөлек кездеседі. Бұл олардың биылдыққа екінші басқосуы болмақ.

"ЫҢҒАЙСЫЗ ЖАҒДАЙДА ҚАЛҒАН" ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

Ресеймен қоса Батыс санкцияларына ілінген Беларусьтің оныншы мүше болып қосылуы ШЫҰ-ның бағдарын бұрынғыдан да түсініксіз етіп, ұйымның беделіне әсер ете түсті дейді Америкадағы Азия зерттеулері бойынша Ұлттық бюро сарапшысы Бейтс Гилл CNN-ге берген сұхбатында.

"Беларусь режимінің табиғатын, оның Ресейдің халықаралық құқық нормаларын өрескел бұзғанын және Украинаға шабуылын қолдағанын ескерсек, бұл ұйымның абыройы, легитимдігі және мандатына қатысты көп сұрақ туғызады" деді ол.

Әрі бұл Батыспен де жақсы қарым-қатынасты сақтап тұрғысы келетін Орталық Азия елдерін қиын жағдайда қалдырады деп санайды сарапшы:

"Бұл бір жағынан Орталық Азия елдерін өте ыңғайсыз жағдайда қалдырды. Олар өздері көпвекторлы дипломатия деп атайтын бағытты ұстанады. Олар Ресей не Қытай сияты бір ғана ірі державаға кіріптар болғысы келмейді" дейді Бейтс Гилл.

КІМДЕР ҚАТЫСЫП ЖАТЫР?

Саммитке ұйымға мүше емес Әзербайжан, Катар, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркіменстан, Түркия басшылары және Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антонио Гутерриш қатысады деп жоспарланған.

Жиынға Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қатыспайды, оның орнына елдің сыртқы істер министрі Субраманьям Жайшанкар болады.

Америкалық Atlantic Council зерттеу орталығының Қытай жөніндегі сарапшысы Нива Яудың айтуынша, Пәкістанмен қатты бәсекелесетін әрі Қытаймен арадағы ұзақ жылдан келе жатқан шекара дауы соңғы кездері өрши түскен Үндістанның бұл ұйымға деген қызығушылығы бәсеңдеп барады.

Оның айтуынша, Үндістанның сылбырлығы блоктың әлеуетін төмендетеді және Пекиннің болашақ жоспарларына кедергі болады. "Бұл ШЫҰ-ның беделін төмендетіп, Қытайдың ауқымды жоспарларының аясын тарылтады" деді ол Азаттыққа сұхбатында.

Азаттық Берлиндегі MERICS орталығының сарапшысы Ева Зайверттен Астанада өтіп жатқан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы саммитіне қатысты ой-тұжырымдарын сұрады.

"Ұйымның мандаты тым кең, тым ауқымды әрі құбылмалы"

Сарапшы Ева Зайверт
Сарапшы Ева Зайверт

Ева Зайверт: Біріншіден, [ұйымға] Беларусьтің қосылуы – маңызды оқиға, бұл күтілген жайт. Беларусь ұйымның оныншы мүшесі болады әрі ол ШЫҰ құрамына өтіп отырған толығымен Еуропа құрлығында жатқан алғашқы ел. Сондықтан мен мұны жіті бақылаймын. Сонымен бірге ШЫҰ саммитін, Беларусь қосылғаннан кейінгі ұйымда болатын өзгерістерді бақылаймын.

Екіншіден, ШЫҰ терроризм бойынша не әрекет жасайды, сол қызықты, себебі Ресейдегі соңғы террорлық шабуылдан кейін бұл жөнінде көп талқы болды. Меніңше, ШЫҰ терроризм, сепаратизм және экстремизммен күресте ынтымақтастықтың жаңа бағдарламасын қабылдағысы келетін сияқты. Сондықтан бұл оның күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі болады және оны да бақылап отырамын.

Үшінші мәселе, әрине, Ауғанстан. Меніңше бұл басты тақырып болады. Саммиттен бұрын олар аймақтық және халықаралық мәселелер бойынша ынтымақтасатынын айтқан, бұл жаңалық емес. Бірақ әрине бұл жерде әңгімек Ауғанстан және Ресей туралы. Сондықтан бұл – үлкен тақырып.

Қателеспесем, [ШЫҰ-ның бұдан бұрынғы саммитіндегі] декларациясында Ресейдің Украинадағы соғысы туралы ашық жазылмады. Бұл жолы бірдеңе бола ма, тұтас ШЫҰ Ресейдің Украинадағы соғысы бойынша қандай да бір ресми мәлімдеме жасай ма, соны да бақылап отырамын.

Азаттық: Меніңше, жұрттың көбі ШЫҰ-ның мандаты не екенін жете түсіне бермейді. Бұған ұйымның өзгеріп, дамып отыруы себеп болса керек. Бұл сұраққа қалай жауап берер едіңіз?

Ева Зайверт: Бұл – өте ауқымды мәселе. Мен де ұйымның мандаты тым кең, тым ауқымды әрі құбылмалы дер едім. Әрине, ШЫҰ әдетте Орталық Азияны басты назарда ұстайтын аймақтық қауіпсіздік ұйымы саналады. Оңтүстік Азияның елдерін алғаш қосып алған соң бұл [түсінік] өзгерді. Үндістан, Пәкістан, одан соң Иран, енді Беларусь [құрамына кіріп жатыр]. Яғни, аймақтық фокус [басым бола түсті], бірақ ШЫҰ әлі де негізінен Орталық Азияға назар саламыз деп отыр.

Бірақ мұның өзі бұлыңғыр. Ол сондай-ақ экономикалық ынтымақтастыққа, мәдени ынтымақтастыққа көңіл бөледі. Оның үстіне ол [Қытайдың] "Бір белдеу – бір жол" бастамасымен де тығыз байланысқан. Сондықтан мұнда инфрақұрылымға инвестиция салу туралы талқы да көп. Былтыр Қазақстан ұсынған ШЫҰ инвестиция қоры да тақырыбы да бар, содан бері не өзгергенінен бейхабармын, бірақ әрине, саммитте бұл да ортаға салынуы мүмкін. Сондықтан ШЫҰ нақты немен айналысады дегенді қолмен көрсету қиын,

Ресми тілмен айтсақ, мүше мемлекеттар арасында ынтымақтастыққа да жете көңіл бөлетін аймақтық қауіпсіздік ұйымы. Бұған қоса, әрине, аймақта өзара сенімді қалыптастыру деген үлкен миссия тағы бар.

Азаттық: Құрылғалы бері бұл аймақтағы екі үлкен держава – Қытай мен Ресей үстемдік ететін блок болып келді. Меніңше, ШЫҰ-ның дамуы не дамымай жатуы жылдар бойғы Пекин мен Мәскеу арасындағы динамикадан көрініс тапқандай. Соңғы екі жыл ішінде Си Цзиньпин мен Путин арасында жоғары дәрежелі кездесу жиілеп, онда ШЫҰ ерекше аталып жүр. Өткен айда ғана Путин өз министрлерімен сөйлескенде Еуразия жоспары аясында ШЫҰ-ның қаншалық маңызды екенін баса айтты. Соның ішінде ол сыртқы әскери ықпалды тықсыруға тоқталды. Осыдан туындайтын екі сұрақ бар. Бірінші: Ресей мен Қытайдың ШЫҰ-ға қатысты ұстанымы өзгеріп келе ме? Екінші: бұл қазір Батысқа қарсы әлдебір блокқа айналып келеді деп айтуға бола ма?

Ева Зайверт: Бұл да өте ауқымды сұрақ. Иә, меніңше Қытай мен Ресейдің [ШЫҰ-ға қатысты ұстанымы] өзгерді. Менің ойымша, олардың ШЫҰ-дан көбірек нәрсе күте бастады. Яғни, ШЫҰ алғаш құрылғалы бері үлкен өзгеріске ұшырады. Ол – Ресейден гөрі Қытай бастамасымен құрылған ұйым. Сондықтан Ресейдің бұл ұйымға ықыласы онша бола қоймады, оның үстіне Мәскеудің өз институттары бар, оларға Қытайдың араласуы міндетті де емес еді.

Сондықтан алғашқы жылдары Қытай жақын ынтымақтастыққа, соның ішінде әсіресе экономикалық байланысқа ерекше ден қойды. Ресей оған келгенде тартыншақтап әрекет етті.

Кейіннен Ресей бұл ұйымға ерекше ықылас білдіре бастады. Бұл алғаш рет ол Қырымды аннексиялаған кезде (2014 жылы – ред.) байқалды. 2022 жылы Украинаға толық шабуыл бастаған соң ол, әрине, жаңа әріптестер іздей бастады, яғни, Еуропадан, жалпы Батыстан басқа әріптестерімен қарым-қатынасты жақсартуға ұмтылды.

Сондықтан Ресей де соңғы бірнеше жылда, бәлкім тіпті кейінгі он жылда ШЫҰ-ға қатты қызыға бастады. Ресей алдыңғы шепке шықты. Қазір оны кеңейтуге Қытайдан бөлек Ресей де қатты талпыныс жасай бастады.

Оның үстіне, "ШЫҰ – Батысқа қарсы блок" деген түсінік үнемі Қытай емес, Ресейден шығады. Ал Қытай көптен бері мұндай имиджді қалыптастыруға құлықсыз болды, Батыс елдерін және серіктес елдерді "ШЫҰ Батысқа қарсы емес" дегенге иландыруға тырысып келді. Әрине, "ШЫҰ ешқандай үшінші тарапқа қарсы ұйым емес" деген сөз үнемі айтылып келді. Оның үстіне Ресей мен Қытай да екіжақты қарым-қатынаста үнемі осыған басымдық берді. Сондықтан Қытай ұзақ уақыт бойы ШЫҰ-ның Батысқа қарсы ұйым деп деп сипатталмауына күш салды. Бірақ меніңше ұйым құрамына Иран қосылғалы бұл өзгерді. Яғни осы сәттен бастап ШЫҰ Батыс не ойлайды деп бас қатырмайтын болды. Мәселен, 2018 жылы Қытайда сұхбаттар жүргізгенімде барлығы Батыс елдері ШЫҰ туралы не ойлайтынын анық білетінін түсінгенмін.

Аймақта және халықаралық деңгейде геосаяси ахуал өзгерген қазіргі жағдайда Қытай үшін Батыс мемлекеттерін [ШЫҰ Батысқа қарсы ұйым емес дегенге] сендіру соншалық маңызды болмай қалған сияқты. Сондықтан ұйым қатарына Беларусьтің кіруін осы контекстіде түсінуіміз керек.

Мақаланы әзірлеуде Азаттық журналисі Рид Стэндиштің материалы пайдаланылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG