БАҚ: Малайзия БРИКС-ке қосылуға өтініш берді

Малайзия БРИКС ұйымына қосылғысы келетінін айтып, оған төрағалық етіп отырған Ресейге ресми өтініш жолдады деп хабарлады Bernama агенттігі.

"Малайзия Ресей төрағалық етіп отырған БРИКС ұйымына қосылуға я оған стратегиялық серіктес құқығы бойынша қатысуға ресми өтініш жіберді", – деп хабарлады Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагимнің сөзіне сүйенген агенттік.

Премьердің айтуынша, Малайзияның ұйымға қосылу мәселесі 27 шілдеде Куала-Лумпурға сапарлап барған Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуде талқыланған. Малайзия үкіметі БРИКС-ке қосылу ойы жайында маусымның ортасында мәлімдеген деп жазды Bernama агенттігі.

Қазір БРИКС құрамына тоғыз мемлекет кіреді, оның ішінде Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай бар. Deutsche Welle жазуынша, жер шарындағы халықтың 45 пайызы (шамамен 3,5 млрд адам) осы ұйымдағы мемлекеттерде тұрады. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, әлемдегі экономиканың шамамен 28 пайызы да (28 трлн еуро) осы мемлекеттерге тиесілі.

Малайзияның БРИКС ұйымына қосылу туралы шешіміне Қытаймен сауда байланыстары және оларды одан әрі нығайтуға деген ұмтылысы әсер етті дейді Тасмания университетінің Азиялық зерттеулер профессоры Джеймс Чин. Мұндай ұйымға қатысу Малайзияға "халықаралық аренада маңызды дауыс" береді дейді Чин.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путинді тұтқындау ордері: "үнсіз қалғандар мен Мәскеуден сескенгендер". Соғыс жылдамдатқан отарсыздандыру