Жеке деректердің тарап кетуіне байланысты банктерде аудит жүргізіледі

Қазақстан банктерінде азаматтардың жеке деректерінің тарап кетуіне байланысты аудит жүргізіледі. Жеке деректі қорғауға байланысты заңнамаға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілмекші.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі осыған дейін енгізген ережеге өзгерістер енгізді. Құжат "Ашық үкімет" порталында жарияланды.

Жаңа ережеге сәйкес, меншік иелері мен операторлар ақпараттық қауіпсіздік мақсатында кемінде жылына бір рет аудит жүргізуі тиіс.

Электронды ақпараттық ресурстарда сақталған жеке деректер Қазақстан аумағында орналасқан арнайы мәліметтер орталығында сақталуы тиіс.

Қазақстандықтардың жеке дерегінің тарап кетуі соңғы уақытта үлкен проблемаға айналды.

Бұған дейін кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы (ЦАРКА) Қазақстан азаматтарының жеке дерегі тағы тарап кеткенін хабарлаған. Орталық мәліметінше, өткен аптада Telegram мессенджерінде қолданушы BreachForums атты хакерлер форумындағы деректің бәрін желіге жария еткен.

Форум 2022-2023 жылдары зиян тигізетін бағдарламалар мен ұрланған деректерді сатумен танымал болған. Оған Қазақстаннан 15 хакер тіркелген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Алалап отыр". Қазақстанда дербес деректерді қорғау туралы заң орындала ма?