Accessibility links

"Алалап отыр". Қазақстанда дербес деректерді қорғау туралы заң орындала ма?


Қазақстандықтардың дербес паспортының немесе тұрғылықты мекенжайының деректері желіге тарап кетуі қазір ешкімді таңғалдырмайтын болған. Қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар дербес деректерді жариялау әрекеті жазасыз қалып отыр, себебі заң бәріне бірдей қолданыла бермейді дейді. Ауқымды деректерге ие мемлекет бұл заңды қолайсыз адамдарға қысым көрсету үшін пайдаланады да, өз құрылымдары заң бұзса, көз жұма қарайды.

ДЕРБЕС ДЕРЕКТЕРДІ ТАРАТУ: ЖАЗАСЫЗ ҚАЛҒАНДАР ТУРАЛЫ БІР МЫСАЛ

"АҚШ агенті", "биліктің жобасы", "салафиттердің қорғаушысы", тіпті "алғашқы гей-мұсылман". Қарағандылық заңгер Жасұлан Айтмағанбетовке тағылмаған айдар қалмаған шығар. Оны тарататындар – әлеуметтік желіге қоғам белсендісі туралы роликтер жариялайтын аноним авторлар. Ақпараттық шабуылдар Айтмағанбетовті қараулаумен шектелмейді. Желіге оның дербес деректері мен отбасы, яғни жұбайы мен балалары туралы жеке мәліметтер – телефон номерлері, мекенжайы, жеке сәйкестендіру номерлері (ЖСН), құжаттарының көшірмесі тарап кеткен.

Айтмағанбетов полициядан Қылмыстық кодекстің №147 "Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғауын сұрайды.

– Дербес деректерімді таратып, пайдаланып жүрген адамды анықтауды талап етемін. Ол қиын емес. Түрлі топтарға мен туралы бейне таратқан телефон номерін де көрсеттім, – дейді қоғам белсендісі. – Жауап жоқ. Бірақ мен әркімнің жеке өмірін, өзінің және отбасының құпиясын, ар-намысы мен абыройлы атын қорғауға кепілдік беретін Конституцияның 17-ші және 18-баптары бойынша адам құқығы қорғала ма деген сұрағыма жауап алғанша тоқтамаймын.

Айтмағанбетов дербес мәліметтері үшінші адамның қолына қалай түскенін анықтау мақсатында ішкі тергеу жұмыстарын жүргізуді талап етіп, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне, Жоғары сотқа арыз жазған. Әзірге жауап жоқ.

Қарағандылық заңгер әрі қоғам белсендісі Жасұлан Айтмағанбетов.
Қарағандылық заңгер әрі қоғам белсендісі Жасұлан Айтмағанбетов.

Ол ішкі істер министрінің қабылдауына жазылғаннан кейін іс аздап ілгерілей бастайды. Бұған дейін "қылмыс құрамы болмауына" байланысты номенклатуралық іс ретінде тұрып қалған арыздарының біріне тамыз айында "жан бітеді". Алайда одан әлі нәтиже шыққан жоқ.

– Мұны ұйымдастырып отырғандардың қолы ұзын, кез келген ақпаратты, тіпті оператордың хабарламасын қолды қыла алады. Қатардағы адамның мұндай мүмкіндігі де, дербес деректерді – жеке құжаттарды, балалардың анықтамасын, мемлекеттік мекемелер мен сот құжаттарын алуға рұқсаты да жоқ. Дербес мәліметтерді жариялағанымен қоймай, фактілерді бұрмалап, өтіріктер құрастырып, мазақ қылады. Біресе, әйелімнің номерін жезөкшелерге арналған сайтқа жариялайды да, түн ортасында біреулер хабарласады, біресе сату туралы ақпарат жариялап, біздің номерлерімізді көрсетеді, – деп ашуланды Айтмағанбетов.

Шабуылдың себебін өзінің азаматтық белсенділігімен байланыстырады. Ол көтерген мәселелер арасында мемлекет қаражатын жұмсау, бюджетті игеру сияқты проблемалар бар. "Қоғамдық ұстанымым билікке кедергі келтірген сияқты", – деп топшылайды ол.

Тамыз бен қыркүйек айларында күдікті адамдар жиналып жатыр деген "дабыл" түскенін сылтауратқан полиция қызметкерлері оның кеңсесіне бірнеше рет баса-көктеп кіріп келген. Полицияның кезекті бір келгені бейнажазбаға түсіп, жарияланған. Қыркүйекте полиция аноним шағым түсті деп тағы келген. Оны бөлімшеге апарып, тергеп, босатып жібереді.

Өз айтуынша, жуырда түн ортасында біреу оның қызмет номерімен басқа құрылғыдан Telegram-ға тіркеліп, кейін қашықтан қосымшаны өшіріп тастаған. Ол Қарағандыдағы полицейлерге шағымданғаннан пайда жоғын түсінеді де, мұны "бөгет жасау әрекеті" деп есептеп, ІІМ-ге арызданған. Айтмағанбетов министрліктен шағымын төменгі сатыдағы құзырлы органдарға жібермеуін өтінген. Арыз қыркүйектің аяғына дейін қаралуы тиіс.

ЖУРНАЛИСКЕ "ДЕРЕКТЕРДІ ТАРАТТЫ" ДЕГЕН АЙЫП ТАҒЫЛДЫ

Талдықорғандық журналист Сандуғаш Дүйсеноваға келгенде дербес деректерді қорғау туралы заң мүлде басқаша жұмыс істейді. Тамыз айында оны құзырлы орган кісі өлтірді деген айып тағылып, іздеуде жүрген адамның ЖСН-ын заңсыз таратты деген күдікпен қамауға алды. Шын мәнінде Дүйсенова іздеудегі адамның мәліметтерін осыдан бір жарым жыл бұрын, өз айтуынша, оны қолға түсіруге көмектесу мақсатында жариялаған.

Биыл 11 тамызда оны полиция бөлімшесіне шақырып, жауап алған, содан соң тыржалаңаш шешіндіріп, тінту жүргізген. Куәгер мен әйел-полицей қатысқан тінту әрекеттері бейнежазбаға түсіріледі. Бірнеше сағаттан кейін оны ешқайда кетпеу туралы қолхат алып босатқан.

Дүйсенова әлеуметтік желідегі парақшасына тінту барысында осындай қорлау мен мазаққа ұшырағанын жазды. Полицияның бұл әрекеті қоғамның наразылығын тудырды. Содан соң бірнеше күннен кейін журналиске қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Прокуратура "жәбірленушіге елеулі зиян тигенін растайтын жеткілікті нақты деректер анықталған жоқ" деп хабарлады.

Алайда бұл іс мұнымен тынған жоқ. Прокуратура материалдарды "әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның қарауына жолдағанын" айтты. Дүйсенова әкімшілік сот алдында жауап беруі мүмкін.

Сандуғаш Дүйсенова – Қаңтар оқиғасы кезінде елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Талдықорған қаласындағы орталық алаңда құлап жатқан ескерткіші бейнеленген фотоның авторы. Ол өзін 2022 жылғы сайлауда президенттікке және биыл парламент депутаттығына ұсынған.

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың демонстранттар тұғырынан құлатқан ескерткіші. Талдықорған, 5 қаңтар, 2022 жыл. Фото авторы – Сандуғаш Дүйсенова.
Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың демонстранттар тұғырынан құлатқан ескерткіші. Талдықорған, 5 қаңтар, 2022 жыл. Фото авторы – Сандуғаш Дүйсенова.

Тағы бір қызықты кейс – астаналық журналист Гүлбану Әбенованың жағдайы. Ол дербес мәліметтері, соның ішінде жылжымайтын мүлік нысандарының мекенжайы мен автокөлігінің маркасы тіркеу номерімен бірге әлеуметтік желіге тарап кеткенін хабарлады. Мұны тоқтатуға тырысқанымен, ештеңе шықпаған. Ол мүліктері мен жақындарының жылжымайтын мүлігі туралы ақпараттарды әлдекімдер жария еткенін өзінің кәсіби қызметімен байланыстырады.

"Қызметіме нұсқан келтіруге тырысқандардың артында қандай күш, кімдердің мүддесі тұр? ІІМ архивінен менің автокөліктеріме қатысты 25 жыл ішіндегі қандай ақпаратты алғысы келді? Дербес деректерім – кадастр номері бар пәтерлерім, соның ішінде осыдан 22 жыл бұрын Астанаға көшерде сатып жіберген Алматыдағы пәтерім туралы жазба қылмыскерлердің қолына қалай түскен?" – деп жазды Facebook-тегі парақшасына Әбенова.

Журналист қызметтік тергеу жүргізуді өтініп, Цифрлық даму министрлігіне жүгінгенін жазды. Өтінішін тіркелген, заң бойынша, қыркүйектің аяғына дейін жауап берілуі тиіс.

"АЛАЛАУҒА ЖОЛ БЕРІП ОТЫР"

"Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры құрылтайшыларының бірі Роман Реймер "Дербес деректер мен оларды қорғау туралы" заңның өзі қисынды, дербес деректер операторларына – жеке және заңды тұлғаларға көп талап қояды, алайда құқық қолдану тәжірибесіне келгенде проблема бар, ондағы ерекшеліктерге бола бүгінде заң "ішінара қудалау" құралына айналған деп есептейді.

– Өкінішке қарай, "Дербес деректер туралы" заңды елдің дамуына және саяси құрылымына ерекше көзқарасы бар ұйымдарға немесе жеке тұлғаларға қатысты ішінара қолданады, – дейді Роман Реймер. – Билік заң бұзғанды әкімшілік немесе, Дүйсенованың жағдайындағыдай, қылмыстық жазаға тартуы мүмкін. Алайда заңды жақсылап оқысаңыз, содан соң, мәселен, мемлекеттік органның немесе "Аманат" партиясының сайтына кірсеңіз, олардың дербес деректермен қалай жұмыс істейтінін көресіз және қандай да бір заңбұзушылыққа жол бергеніне көз жеткізесіз. Тек неге екенін қайдам, оларға келгенде қолы қысқа. Ал Сандуғаш Дүйсенова сияқтыларға шамасы келеді. Цифрлық даму министрлігінің ресурсы жетпейді дегенге ақымақ адам ғана сенеді. Меніңше, бұл жерде заңды ерекше көзге түскен ұйымдарды немесе белсенділерді қудалау құралы ретінде қолданады десек, шындыққа саяды.

2022 жылғы президентті сайлау қарсаңында "Еркіндік қанаты" қорына дербес деректерді заңсыз таратты деген айып тағылды. Астана тұрғыны бақылаушы ретінде сауалнама толтырғанда көрсеткен деректері бөтен біреулердің қолына түскенін айтады.

Алдыңғы сайлау науқандары барысында әртүрлі қалалардың сайлау учаскелерінде заң талаптары бұзылғанын әшкерелеген қоғамдық қор бұл айыпты ұйымды қаралау науқаны деп есептейді. Бұл кейс дербес деректерді қорғауға келгенде алалауға жол беретінін көрсетеді дейді Реймер.

– Бір азамат біздің үстімізден дербес деректерді "нашар" қорғайды деген шағым түсірген. Жарты жылдан бері басымызды қатырып келеді. Оның арызы дереу қарастырылып, шұғыл тексеріс басталып кетті. Бірақ неге екенін, Жасұлан Айтмағанбетовтың оқиғасы сияқты дербес деректерді тарату жөніндегі кейбір фактілер дәл бұлай тергелмейді, – дейді Реймер.

Қазақстанда "Дербес деректер мен оларлы қорғау туралы" заң 2013 жылы қабылданған. Сол кезде осыған сәйкес бірқатар басқа заңдарға, соның ішінде Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілген. Бірақ дербес деректерді заңсыз тарату жағдайының бәрінде бірдей қылмыстық іс ашылып, жаза қоданылмайды.

Мысалы, 2019 жылы 11 миллион қазақстандықтың дербес деректері – ЖСН, телефон номері, тұрғылықты мекенжайы, ашық дереккөзге түсті. Ол Орталық сайлау комитетінің базасы болып шықты. Сол кезде қылмыстық іс қозғалған, алайда "қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты" істі тоқтатты.

Киберқұқық саласындағы заңгерлерді біріктіретін ұйым – "Қазақстан цифрлық құқықтары орталығы" ақпаратына сүйенсек, әкімдіктер мен "QazTiQet" серіктестігі мемлекет қаржыландыратын спорт және шығармашылық секцияларға қатысқан қазақстандық балалардың дербес деректерін заңсыз жинап, өңдеген. Дербес дерек иелерінің (балалардың) не олардың заңды өкілдерінің келісімі алынбаған. Бұл дегеніміз – "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңды өрескел бұзу әрекеті. Цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті әкімшілік іс қозғау мәселесін қарастырып жатқанын хабарлаған. Бірақ әкімдікке қатысты істі тергеу туралы ақпарат әлі шыққан жоқ.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2023 жылы тамызда тергеу органдары өндірісіне "Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу" бабы бойынша 50 іс түсіп, олардың жетеуі сотқа жіберілген. Салыстырсақ, 2022 жылдың тамызында осы бап бойынша өндірісте болған 38 істің үшеуі сот органдарына берілді.

Қоғам белсендісі Жасұлан Айтмағанбетовтің дербес деректерін тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғала ма және ол сотқа жете ме, жоқ па – белгісіз. Қарағандылық заңгердің айтуынша, қаскүнемдерді ешкім іздеп жатпағанға ұқсайды.

– Бұрын ұялы телефондар ЖСН бойынша тіркеледі және, ең болмаса, соның арқасында қылмыскерлерді табуға болады дейтін. Бос сөз! Ешкімді де таба алмайды. Шабуыл, желіге дербес деректерді таратып жіберу күшейіп келеді, бірақ ешкім ешқандай шара қолданар емес, – деп наразы болды белсенді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG