Малидің өтпелі үкіметі Украинамен дипломатиялық қатынасты үзбек. Бұл туралы BBC-дің Орыс қызметі жазды.
Мали билігінің хабарламасына сәйкес, олар бұл шешімді Украина бас барлау басқармасының өкілі Андрей Юсовтың мәлімдемесінен кейін қабылдаған. Юсов шілденің аяғында Мали әскері мен ресейлік "Вагнер" жекеменшік әскери тобына шабуыл жасаған туарег тайпасы көтерілісшілеріне "Киевтің қатысы туралы" айтқан.
Өткен аптада Юсов көтерілісшілер шабуылға "қажет ақпарат" алды деп айтқан.
Мали үкіметінің өкілі Абдулайе Майга билік бұл мәлімдемеге таң қалды деп хабарлап, Киевті ел егемендігін бұзды деп айыптады.
Өткен аптада Мали әскері 25 шілдеде басталып бірнеше күнге созылған қақтығыста айтарлықтай адам шығыны болды деп мойындады. Мали әскері де, "Вагнер" жекеменшік әскери тобы да нақты қанша адам қаза тапқанын айтпады. Телеграм-арналар мен ақпарат құралдары "Вагнердің" адам шығыны 20-дан 80-ге дейін деген әртүрлі хабар таратты.
Туарег тайпасының өкілдері операцияға Украина арнайы қызметі қатысты деген ақпаратқа байланысты ештеңе айтпаған.
"Вагнер" мәліметінше, қақтығыс 22-27 шілде аралығында Тин-Заутин елді мекені маңында болған.
"Разгрузка Вагнера" телеграм-арнасының мәліметінше, Мали мен Алжир шекарасынан шамамен екі шақырым жерде жалдамалы жауынгерлер құмды дауылға тап болған. Жергілікті көтерілісшілер осы табиғи жағдайды пайдаланып, тұтқиылдан шабуыл жасаған.
"Вагнер" жалдамалы әскер тобы 2023 жылғы маусымдағы көтерілістен және осы топтың негізін қалаған Евгений Пригожиннің өлімінен кейін Ресей әскерімен келісімшарт жасамады, басым бөлігі Африкаға кеткен. Ресейдің Украинаға басқыншылығы басталғанға дейін "Вагнер" сол жақтағы қақтығыстарға қатысқан. Ресейдің ресми ақпарат құралдары "Вагнердің" Африкадағы ісі туралы ештеңе хабарламайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Вагнер" тобы Малиде жалдамалы сарбаздары өлгенін растады