Ресейлік "Вагнер" жекеменшік әскери тобы Африкадағы Мали мемлекетінің солтүстігіндегі Туарег тайпасы көтерілісшілерімен Алжир шекарасында болған қарулы қақтығыс кезінде жалдамалы жауынгерлері қаза тапқанын растады. Бірақ олардың нақты санын айтпады.
Соғыс туралы жазатын ресейлік телеграм-арналар "Вагнердің" адам шығыны 20-дан 50-ге дейін деген әртүрлі хабар таратты. Бұған дейін "Вагнер" қатарында болған дереккөз BBC-дің Орыс қызметіне кемінде 82 адам өлді деп жеткізген.
"Вагнер" мәліметінше, қақтығыс 22-27 шілде аралығында Тин-Заутин елді мекені маңында болған. Оған Мали қарулы күштерінің сарбаздары мен "Вагнер" тобының 13-жасағы қатысқан.
"Разгрузка Вагнера" телеграм-арнасының мәліметінше, Мали мен Алжир шекарасынан шамамен екі шақырым жерде жалдамалы жауынгерлер құмды дауылға тап болған. Жергілікті көтерілісшілер осы табиғи жағдайды пайдаланып, тұтқиылдан шабуыл жасаған.
"Вагнерге" қатысы бар ресейлік арналар Малиде түсірілді деген фотолар жариялады. Онда өліп жатқан адамдар мен өртенген техника қалдығы көрінеді. "Росич" арнасы тұтқынға алынды деген ресейліктердің видеосын жариялады. Мали көтерілісшілерінің кемі бір Ми-24 тікұшағына зақым келтірген деп айтылды.
"Вагнер" жалдамалы әскер тобы 2023 жылғы маусымдағы көтерілістен және осы топтың негізін қалаған Евгений Пригожиннің өлімінен кейін Ресей әскерімен келісімшарт жасамады, басым бөлігі Африкаға кеткен, Ресейдің Украинаға басқыншылығы басталғанға дейін "Вагнер" сол жақтағы қақтығыстарға қатысқан. Ресейдің ресми ақпарат құралдары "Вагнердің" Африкадағы ісі туралы ештеңе хабарламайды.
ПІКІРЛЕР