Бангладеш премьер-министрі елден кетті, президенті парламентті таратты

Шейх Хасина

Бангладеш премьер-министрі Шейх Хасина қызметін доғарып, наразылық кезінде елінен кетті. Бұл туралы жергілікті Prothom Alo газеті хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Хасина әпкесімен бірге әскери тікұшақпен Үндістанға ұшып кеткен, ал Бангладештегі наразылар оның резиденциясына басып кірген. Хасина кетер алдында үндеу жазғысы келген, бірақ оған мүмкіндік болмаған.

Наразылар Хасинаның қызметтен кеткенін талап етті. Ақпарат құралдарының мәліметінше, әскерилер оған 45 минут уақыт берген.

Бангладеш армиясының басшысы Уокер-уз-Заман саяси партиялар жетекшілерімен және мәртебелі оқытушылармен кездесіп, жұртқа үндеу жолдады. Ол уақытша үкімет құрылады және наразылықта күш көрсеткендердің бәрі жазаланады деп мәлімдеді. Уз-Заман наразылықты тоқтатуға шақырды.

Бангладеш президенті Мұхаммед Шахабуддин парламент тарайды, уақытша үкімет құрылады және парламент сайлауы қашан өтетіні жақында белгілі болады деді.

Ел астанасы Даккада мыңдаған адам қаладағы орталық ауданға қарай шерулетіп барды. Олардың арасында әйелдер де көп.

Бангладештегі наразылық, 4 тамыз, 2024 жыл.

4 тамызда Даккада наразылық қайта басталып, кем дегенде 95 адам мерт болған. Олардың ішінде 18 билікшіл белсенді, 14 полиция қызметкері және бір журналист бар, көп адамның кім екені әлі анықталмады. Тағы жүздеген адам жараланған.

Бангладештегі студенттер ел тәуелсіздігі үшін соғысқан ардагерлердің туыстарына жұмыс квоталарын алып тастауды талап етіп шыққан, оның арты үкіметке қарсы наразылыққа ұласты. Шілденің аяғында сот шешімі бойынша квоталар қысқарған. Сол кезде наразылықтан 200-ге жуық адам қаза болды.

Кейін наразылар үкіметке тиесілі ғимараттарды, депутаттардың үйін және полиция учаскелерін қиратып, 15 жылдан аса уақыт билікте отырған Бангладеш премьер-министрі Шейх Хасинаның қызметтен кетуін талап етті. Ол қаңтарда қатарынан төртінші мерзімге тағайындалған еді. Наразылар жұртты жексенбіде (Бангладеште жұмыс күні) жұмысқа шықпауға және салық пен коммуналдық төлемдерді төлемеуге шақырды.

Бангладеш билігі тәртіпсіздікті тоқтату үшін Дакка мен басқа аудандарда комендант сағатын енгізіп, интернетті 14 сағатқа өшіріп, сәрсенбіге дейін демалыс жариялады. Биліктегі партия наразылықтарға оппозицияны айыптап, наразыларға келіссөзге отыруға дайынбыз деді.

Наразылықтар кезінде 11 мыңнан аса адам қамалған. Қазір Дакка қаласындағы әуежай жұмыс істемей тұр, наразылар жолдарды жауып тастаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бангладеште полициямен қақтығыста ондаған адам қаза болды, жүздеген адам жараланды