Сот Әблязовпен Zoom арқылы сөйлескен белсендінің бас бостандығын бір жылға шектеді

Нұрлыбай Татаев. Архив

14 тамыз күні Түркістан облысы Төле би аудандық соты "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деп күдікке ілінген азаматтық белсенді Нұрлыбай Татаевты бас бостандығын бір жылға шектеп, үш жылға қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салды, 100 сағат мәжбүрлі еңбекке міндеттеді. Татаев үкіммен келіспейді.

"Үкіммен келіспеймін. Қылмыс жасаған жоқпын. Апелляциялық шағым түсіремін" деді Татаев Азаттыққа.

Татаев аудандық соттың алдында үкімге наразылық ретінде бір күндік аштық жариялайтынын мәлімдеді.

Ол жарыссөзде "Әблязовпен амандасқаны" және "балалардың жәрдемақысын көтеру" туралы әлеуметтік мәселе көтеріп, әлеуметтік желіге тікелей эфирге шыққаны экстремистік қылмыс болса, айыпты мойындайтынын жеткізген.

Прокурор соттан Татаевты кінәлі деп танып, оны бас бостандығынан бір жылға айырып, 3 жылға қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салуды сұраған.

Прокуратура мәліметінше, "2021 жылы Татаев Қазақстан билігі экстремистік ұйым деп таныған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы және "Көше" партиясының жетекшісі Мұхтар Әблязовпен Zoom арқылы сөйлесіп, аталған ұйымның ісіне қатысқанын", кейіннен Facebook парақшасында "әр балаға 70 мың теңге талап ету үшін халық болып үндеу жариялауға шақыруды қамтитын видео жариялап" тыйым салынған экстремистік ұйымның жұмысын жалғастырған. Осылайша "тыйым салынған ұйымның ісіне араласып", заң бұзған (405-бап, 2-бөлігі).

Сот психологиялық-филологиялық сараптама Татаевтың сөзінде "экстремистік ұйымның қызметіне қатысу белгілері бар" деп қорытынды жасаған. Айыптау қорытындысына сүйенсек, Татаевтың өзі 2020 жылы ақпан айында Астанадағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза болған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің үйінен келе жатып, Әблязовпен Zoom арқылы байланысқа шығып, сөйлескенін айтқан.

17 шілде сот тергеуі басталғанда Татаевтың адвокаты оқиға үш жыл бұрын болғанын алға тартып, қылмыстық істі қозғау мерзімі өтіп кеткенін мәлімдеген.

Азаматтық белсенді Нұрлыбай Татаев алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған жоқ. Былтыр оған қарсы "есірткі, психотроптық заттармен заңсыз айналысу" және "ескірті сақтау" баптарымен қылмыстық іс қозғалып, кейін іс қысқарған. Мұны адвокат сот отырысы басталған кезде айтқан. Бірақ іс қысқарылуының себебін түсіндірмеген. Татаев ол кезде айыпты мойындамаған және бұл істі азаматтық белсенділігімен байланыстырған.

Нұрлыбай Татаев – кейінгі бірнеше жылда түрлі митингіге қатысып, билікті сынап жүрген белсенді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әблязов деген кім?" және "пенопластан салынған Керуен-сарай"