Мексика үкіметі АҚШ пен Канаданың дипломатия өкілдіктерімен қарым-қатынасын уақытша тоқтатып қойды. Бұл туралы 27 тамызда елдің қазіргі президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор мәлімдеді. Мұндай шешімге америкалық және канадалық елшілердің президент қолдаған заң реформасы жобасын сынға алғаны түрткі болған.
Обрадор мемлекеттердің өзімен емес, елшіліктерімен арадағы қатынас уақытша тоқтап жатыр деді.
26 тамызда Мексика Конгресі төменгі палатасының бейінді комитеті Обрадор қолдайтын заң жобасын мақұлдаған. Оны қыркүйекте парламент бекітуі керек. Заң жобасына сәйкес, халық судьяларды, оның ішінде Жоғарғы Сот судьяларын дауыс беру жолымен сайлайды. Реформаны Мексиканың жаңа президенті Клаудия Шейнбаум да қолдаған, ол қызметіне қазанда кіріспек.
АҚШ-тың Мексикадағы елшісі Кен Салазар 22 тамызда судьялардың бұлай сайлануы Мексика демократиясына қауіп төндіруі мүмкін деді. Оның сөзінше, ұйымдасқан қылмыс дауыс беруге әсер етуі мүмкін. Ол әділет реформасы Мексика мен АҚШ арасындағы сауда қатынастарына қауіп төндіруі мүмкін деп ескертті. Канада елшісі Грэми Кларк судьяларды тағайындау жүйесіндегі өзгерістерге қарсы болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мексикадағы сайлауда Клаудия Шейнбаум алға шықты