Солтүстік Корея 2022 жылдың ортасынан бері Ресейге 13 мыңнан аса контейнер жіберген. Оңтүстік Кореяның барлау мәліметтеріне сүйенген Newsweek журналы олардың ішіне қару салып тасымалдаған болуы мүмкін деп жазды.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Солтүстік Корея қару-жарақты ел шығысындағы Наджин портынан жеткізген. Контейнерлер ішінде алты миллионнан астам 152 мм калибрлі артиллерия снаряды болуы мүмкін. Бұдан бөлек, Пхеньян 122 мм калибрлі артиллерия снарядын, қозғала алатын зенит зымыран кешендерін, танкіге қарсы ракеталар және басқа да әскери техника мен қару-жарақ жіберген деп жазды Newsweek журналы.
Теңіз арқылы жеткен жүк саны Оңтүстік Корея барлау қызметінің 2024 жылы ақпанда айтқан дерегінен екі есе көп. Сол кезде Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі Син Вон Сик Пхеньян Ресейге қару-жарағы бар жеті мыңға жуық контейнер жіберді деп айтқан еді.
Маусымда Bloomberg журналистерімен сөйлескен Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі Солтүстік Корея Ресей артиллериясына бес миллионнан аса снаряд жіберді деп мәлімдеген.
Мәскеу Пхеньяннан қару-жарақ алып, орнына энергетикалық ресурстар, тыңшы спутнигі мен ракета шығаруға технологиялар береді.
Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін Солтүстік Кореямен белсенді түрде байланыс орната бастады. 2023 жылы қыркүйекте Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Ресейге барған, 2024 жылы маусымда Владимир Путин Пхеньянға сапарлады.
Екі ел билігі де Солтүстік Кореядан Ресейге қару-жарақ жеткізіледі деген ақпаратты жоққа шығарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БҰҰ сарапшылары: Солтүстік Корея ракетасымен Харьковқа соққы жасалған