Мәскеу соты биыл наурызда "Крокус Сити Холлға" жасалған террористік шабуыл ісі бойынша тағы бес айыпталушының қамау мерзімін 1 желтоқсанға дейін созды. Бұл туралы Мәскеу соттарының баспасөз қызметі хабарлады. Айыпталушылардың есімі бүгінгі сот отырысына дейін айтылмаған.
Шахромжон Гадоев, Зубайдулло Исмоилов, Хусейн Хамидов, Мустаким мен Умеджон Солиевтерді "террористік ұйым жұмысына қатысты", "теракт жасауға дайындалды", "заңсыз қару сақтады" және "заңсыз жарылғыш заттар жасады" деп айыптаған.
22 наурызда Мәскеу іргесіндегі "Крокус Сити Холл" концерт залына қарулы адамдар шабуыл жасап, жұртқа оқ жаудырған. Шабуылдан 145 адам қаза болып, 550-ден астам адам зардап шеккен.
Мамырда Ресейдік Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) басшысы Александр Бортников терактіге байланысты 20-дан астам адам ұсталды деген. Тергеу мәліметінше, істегі 12 айыпталушы қатарында теракт жасағандарға үй, көлік, байланыс құралдарын берген адамдар да бар.
16 тамызда сот төрт айыпталушы – Далержон Мирзоев, Саидакрам Рачабализод, Шамсидин Фаридуни және Мухаммадсобир Файзовтың қамау мерзімін ұзартқан. Олардың бәрі - Тәжікстан азаматтары.
Тамызда басқа күдіктілер — Әлішер Қасымов, Исроил Исломов, Диловар Исломов және Аминчон Исломов қамауға алынғанына шағым түсірді.
Қазақстанда тыйым салынған "Ислам мемлекеті" террор ұйымы Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған терактіні мойнына алған. Ресей шабуылдың артында Украина тұруы мүмкін деп мәлімдеді. Киев оны үзілді-кесілді жоққа шығарды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Крокустан" соң еліне қайтқан тәжік мигранттары. Душанбе неге алаңдап отыр?