Құқық қорғаушылар Моңғолияны Путинді тұтқындауға үндеді

Моңғолия туы

Моңғолия Ресей президенті Владимир Путинді елге кіргізбеуі керек немесе ел аумағына кіретін болса, Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) берген ордер бойынша тұтқындауға тиіс. Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының мәлімдемесінде осылай деп жазылған.

Путин 3 қыркүйекте Моңғолияға барып, Халхин-Гол өзенінде совет-моңғол әскерінің жеңісіне 85 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға қатысуы керек. Оны ел президенті Ухнаагийн Хурэлсух шақырған.

Путин ордер шыққаннан кейін Халықаралық қылмыстық соттың Рим статутын ратификациялаған елге алғаш рет сапарлайын деп отыр.

Былтыр наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің бала құқықтары жөніндегі уәкілетті өкілі Мария Львова-Белованы да тұтқындауға пәрмен берген. Сот екеуін де Украинаның оккупацияланған аймағынан халықты, соның ішінде балаларды күштеп көшіріп, әскери қылмыс жасады деп айыптаған.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Улан-Батор Путинге елге келетін болса, оны ұстамайтынын айтқан.

Құқық қорғаушылар Моңғолия Путинге елге келуге мүмкіндік берсе, оны қамауға алмаса, Халықаралық қылмыстық сот мүшесі ретінде халықаралық міндеттемелерді бұзады деді. Human Rights Watch Путинді қабылдау Ресей күштерінің құрбандарын ғана қорламайды, заң үстемдігінің маңызды қағидасын да бұзады деп есептейді.

Моңғолия 2003 жылы Халықаралық қылмыстық сот мүшесі болған. Шарт бойынша, Улан-Батор сотпен жұмыс істеуге, оның ішінде елге кіретін кез келген күдіктіні тұтқындауға және ұстап беруге міндетті.

Путин былтыр ХҚС-ке мүше Оңтүстік Африкадағы БРИКС саммитіне бармаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путин Моңғолияға барады. Кремль ХҚС-тың тұтқындау туралы ордеріне "алаңдамайтынын" айтты