АҚШ палестиналық ХАМАС радикал тобының жоғары лауазымды алты жетекшісіне айып тақты. Айыптау қорытындысын 3 қыркүйекте АҚШ әділет министрлігі жариялады. ХАМАС тобы АҚШ пен Еуроодақта "террористік ұйым" деп танылған.
Айыпталғандар арасында ХАМАС басшысы Яхья Синвар мен топтың саяси лидері болған Исмаил Хания бар. Биыл шілденің аяғында Хания Тегерандағы резиденциясына жасалған шабуылдан қаза тапқан. ХАМАС бұған Израильді айыптаған.
ХАМАС лидерлеріне "шетелдік террористік ұйымға материалдық қолдау көрсету мақсатында сөз байласты", "АҚШ азаматтарын өлтіру туралы сөз байласты" және "жаппай қырып-жоятын қару қолдану бойынша сөз байласты" дейтін жалпы жеті тармақ бойынша айып тағылған. Оларды кінәлі деп тапса, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы немесе өлім жазасына кесілуі мүмкін.
"Бүгінгі тағылған айыптар ХАМАС қызметінің әр көрінісімен күресу жөніндегі күш-жігеріміздің бір бөлігі ғана. Бұл соңғы ісіміз болмайды" деді АҚШ бас прокуроры Меррик Гарланд.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Газа секторында кепілге алынған алты израильдіктің мәйіті табылдыАҚШ әділет министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, Синвар мен ХАМАС-тың басқа да жоғары лауазымды жетекшілері "7 қазанда қырғынмен аяқталған терроризм мен күш көрсету соғысын ұйымдастырды және қолдады" деп айыпталған.
"Осы айыпталған адамдар жетекшілік ететін ХАМАС террористері 7 қазанда 1200-ге жуық адамды, оның ішінде 40-тан астам Америка азаматын өлтіріп, жүздеген бейбіт тұрғынды ұрлап әкетті" деді Гарланд. – Өткен демалыста ХАМАС-тың тағы алты адамды өлтіргенін білдік, оларды ұрлап әкетіп, бір жылға жуық тұтқында ұстаған, арасында Израиль мен АҚШ азаматтығы бар 23 жастағы Херш Голдберг-Полин бар".
"Херштің қазасын, ХАМАС өлтірген әр Америка азаматының қазасын терроризм актісі ретінде тергейміз" деді ол.
Айыптау туралы Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату және кепілге алынған адамдарды босату жөніндегі жанама келіссөздер аясында айтылды. АҚШ араағайын елдермен Израильді келісімге келуге көндіруге тырысып жатыр. Бірақ Вашингтон Израильдің өзін қорғауға құқығы бар деп, ХАМАС әрекеттерін қатаң айыптайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "ХАМАС" лидерінің Тегерандағы қазасы Иран мен Израиль шиелінісіне қалай әсер етпек?