Израиль әскері Газа секторынан былтыр 7 қазанда кепілге алынған алты Израиль азаматының мәйітін тапты. Марқұмдардың кім екені де анықталды. Олар: Это Эден Йерушальми, Ори Данино, Кармель Гат, Герш Гольдберг-Полин, Альмог Саруси және Александр Лобанов. Лобанов Израильмен қатар Ресейдің азаматы болып шықты.
Израиль қорғаныс әскерінің (ЦАХАЛ) баспасөз қызметінің хабарлауынша, алты азамат түгел жақында өлтірілген. Олардың мәйіті Газа секторының оңтүстігіндегі жерасты туннельден табылған. 27 тамыз күні кепілге алынғандардың бірі – Каед Фархан әл-Кади осы жерге жақын тұста босатылған. Әл-Кадиді босату алты адамның қазасына қатысы бар-жоғы белгісіз.
АҚШ пен Еуропа террор ұйымы деп таныған ХАМАС радикал тобы былтыр қазанда Израильге шабуылдап, салдарынан 1,2 мыңнан аса адам қаза тапқан. Жихадшылар 250-ден астам адамды Газаға қарай алып кеткен.
Кепіл тұтқынның 105-і былтыр қарашада атысты тоқтату режимі кезінде босатылған. Оларды Израиль түрмелерінде жаза өтеп жатқан палестиндерге алмастырған.
Қазір ХАМАС-тың қолында 100-ге тарта израильдік кепіл тұтқын бар. Оның 34-і мерт болған. Мұны Израиль әскері растаған. ХАМАС олардың мәйітін бермей отыр.
ПІКІРЛЕР