Төрт институт Орталық референдум комиссиясын АЭС бойынша референдум жайлы сауалнама жүргізетінін хабардар еткен. Олар – биліктегі Amanat партиясының "Қоғамдық саясат институты", "СОЦИС-А" институты, "Демократия институты", "Еуразия интеграция институты".
Төрт институт та бұған дейін президент, парламент сайлауында сауалнама жүргізіп, дауыс беруден кейін экзит-полл жариялаған. Биылғы референдумда да осы төрт заңды тұлға сауалнама жүргізуге құқық алды.
Бұған дейін АЭС туралы референдумға байланысты сауалнама жүргізген төрт азамат пен екі заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылған. Бас прокуратура айыппұл алғандар Орталық референдум комиссиясын сауалнама жүргізетіні туралы алдын ала хабардар етпеген деді.
"СОЦИС-А" институты таратқан ақпаратқа сәйкес, олар 11-12 қыркүйекте халық арасында телефонмен сауалнама жүргізген. Мың адамға "АЭС салу бойынша референдумға қатысасыз ба?", "Қазақстанда АЭС туралы қандай ақпарат қызықтырады?", "Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?" деген сұрақтар қойған.
Институт мәліметінше, сауалнамаға жауап бергендердің 55,8 пайызы азаматтық ұстанымын көрсетуге, АЭС салу мәселесіне байланысты дауыс беруге ниет танытқан. 60,4 пайызы АЭС құрылысын қолдаған.
"СОЦИС-А" ақпаратынша, халықты денсаулық қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау, құрылыстың техникалық жағы және жұмысшылардың кәсіби деңгейі алаңдатады.
"Сайлау туралы" заңға сәйкес, Қазақстан заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірді зерттеу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттар көшірмелерін қоса беріп, Орталық референдум комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар етіп сауал жүргізуге құқылы.
Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша халық пікірі сан алуан. АЭС-ке қарсылар ескі инфрақұрылымды жаңартып, энергия тиімділігін арттыруға болады, жасыл энергия нарығында да потенциалды жобалар көп дейді.
АЭС-ті жақтайтындар Қазақстанда энергия тапшылығы барған сайын ушыға бермек, атом энергиясы жылу және су электр станцияларына балама бола алатын тұрақты энергия көзі, жел мен күн энергиясы өндіретін қуат тұрақсыз деген уәж айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АЭС референдумы: халықтың экологиялық құқығы сақталып жатыр ма?