Израильдің әуе соққысынан Ливанның оңтүстігінде 182 адам қаза тапты

Израильдің Ливанның оңтүстігіне жасаған соққысы. 23 қыркүйек 2024 жыл.

23 қыркүйекте Израиль Ливанның оңтүстігіндегі "Хезболла" радикал тобының (АҚШ пен ЕО-да террорлық ұйым деп танылған) нысандарына әуеден үш жүзден астам соққы бергенін айтты. Ливанның денсаулық сақтау министрлігі соққыдан 182 адам қаза тауып, 700 адам жараланды деді. Оның ішінде қанша адам "Хезболла" мүшесі я бейбіт тұрғын екені белгісіз.

Бұл жолы Израиль алғаш рет Ливанның оңтүстігіндегі тұрғындарды үйлерден және басқа ғимараттардан кетуге шақырды. Тель-Авив әскерилер "Хезболлаға" "үлкен соққы" береді деп ескертті. Израильдің мәліметінше, ол жерлерде қару-жарақ сақталған.

"Эвакуация болғаны көрінген жоқ, ливандықтар өзі тұрып жатқан үйде "Хезболла" қаруы сақталғанын білмеген де болуы мүмкін" деп жазды Associated Press агенттігі.

Израиль Ливанның оңтүстігіне соққы жасаған кезде, Израильдің солтүстігінде Ливаннан келе жатқан зымырандар туралы дабыл қағылды.

22 қыркүйекте "Хезболла" тобы Тель-Авивтің алдыңғы күндері жасаған шабуылына жауап ретінде Израильге 150-ге жуық зымыран ұшырды. Тель-Авивтің шабуылынан ондаған содыр мен топтың командирлері қаза болған еді. Ливанның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, пейджерлер жарылғаннан және соққыдан әйелдер мен балалар да қаза тапқан.

"Хезболла" тобы Израильмен шектесетін Ливанда зор ықпалға ие. 2023 жылы қазанда АҚШ пен Еуроодақта "террористік ұйым" деп танылған палестиналық ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасаған. Келесі күні "Хезболла" тобы Израильге зымырандар ұшырған. Содан бері шекарада күн сайын атыс болады. Екі жақтан да мыңдаған тұрғын шекара маңындағы аудандардан эвакуацияланған.

Reuters агенттігінің жазуынша, қазір Израиль мен "Хезболла" арасында болып жатқан жағдай – 2006 жылғы екінші Ливан соғысынан бергі ең ауыр шиеленіс.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Израильдің Бейрутқа соққысынан қаза болғандар 37 адамға жетті