Accessibility links

Израильдің Бейрутқа соққысынан қаза болғандар 37 адамға жетті


Бейруттың оңтүстігіндегі қалашықта Ливан әскері Израиль соққы берген аумақты қарап жатыр. Ливан, 20 қыркүйек 2024 жыл.
Бейруттың оңтүстігіндегі қалашықта Ливан әскері Израиль соққы берген аумақты қарап жатыр. Ливан, 20 қыркүйек 2024 жыл.

Израиль әскерінің Бейрут оңтүстігіндегі қалашыққа 21 қыркүйекте жасаған соққысынан қаза болғандар 37 адамға жетті, арасында үш бала мен жеті әйел бар. Бұл жөнінде Ливанның денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Көлік министрі Әли Хамиенің сөзінше, кемінде 23 адам із-түзсіз жоғалған.

Жұма күні ираншыл "Хезболла" (АҚШ және бірқатар елдерде террористік ұйым деп танылған) тобы соққының салдарынан топтың 16 мүшесі опат болғанын айтты. Арасында жоғары лауазымды қолбасшылар Ибрагим Акиль және Ахмед Вахби де бар.

Израиль қорғаныс министрінің сөзінше, олардың қазасынан кейін "Хезболланың" әскери тізбегі іс жүзінде толық бұзылған".

"Соққы жасалған сәтте Акил мен Радван бөлімшесінің командирлері Дахия ауданының орталығындағы тұрғын үй ғимаратының жертөлесінде болды, ливандық бейбіт тұрғындардың арасына жасырынып, оларды тірі қалқан ретінде пайдаланды" деді ЦАХАЛ өкілі Даниэль Хагари.

Осы аптада Ливанда кемінде 70 адам қаза болды, 2023 жылдың қазан айынан бері қаза болғандар 740 адамға жетті. Reuters агенттігінің жазуынша, Израиль мен "Хезболла" арасындағы қақтығыс 2006 жылғы екінші Ливан соғысынан бергі ең ірі шайқас.

  • Израиль мен Ливан шекарасындағы жағдай былтыр қазанда ХАМАС Израильге шабуылдап, Газа секторында әскери қимыл басталғаннан кейін ушыққан. "Хезболла" мен Израиль күн сайын бір-біріне соққы жасап келеді.
  • Дегенмен аталған топ Израильмен ірі соғыс жүргізіп жатпағанын айтады. АҚШ пен өзге елдер екі ел арасындағы қақтығыс ірі соғысқа айналуы мүмкін деп алаңдаушылық білдірген.
XS
SM
MD
LG