Израиль 30 қыркүйек таңертең Ливан астанасы Бейрут қаласының орталығына әуеден шабуыл жасады. Бұл туралы Ливанның қауіпсіздік қызметіндегі дереккөзге сүйенген AFP агенттігі хабарлады.
Дереккөздің айтуынша, Израиль дроны "Хезболламен" байланысты сүнниттік "Әл-Жамаа Әл-Исламия" тобының мүшелеріне қарайтын көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерге шабуыл жасаған. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, бұл топ Израиль мен "Хезболла" арасындағы қазіргі қақтығыста маңызды рөл ойнады деп есептеледі.
Оқиға орнында түсірілген кадрларда көпқабатты үйдің бір қабаты қирағаны көрінеді. Шабуылдан кейін өрт болған.
AFP дереккөзінің мәліметінше, шабуылдан төрт адам қаза тауып, 16 адам зардап шеккен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Le Parisien: Израиль "Хезболла" жетекшісі жайлы ақпаратты Иран агентінен алғанКейін "Палестинаны азат ету жөніндегі халық майданы" қозғалысы Бейруттегі шабуылдан оның үш лидері қаза тапқанын хабарлады. AFP агенттігінің мәліметінше, қаза тапқандар арасында қозғалыстың қауіпсіздік қызметінің басшысы бар.
Израиль қорғаныс армиясы бұл хабарға әлі түсініктеме берген жоқ.
Бұл – Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс былтыр күзде шиеленіскелі бері Бейрут орталығына жасалған алғашқы шабуыл. Бұған дейін Израиль армиясы "Хезболла" нысандарын және Бейруттің оңтүстік жағындағы аудандарды атқылайтын.
30 қыркүйекке қараған түні Израиль армиясы ел авиациясы Ливанның шығысы мен оңтүстігіндегі "Хезболла" нысандарына бірнеше соққы жасағанын хабарлады. Израиль армиясы зымыран тасығыштар мен қару-жарақ сақталған қоймалар нысанаға алынды деді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Израиль Йемендегі хуситтердің мұнай резервуарына шабуылдады