Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Йеменнің батысындағы Ходейда қаласы мен Рас-Исса портындағы хуситтердің – "Ансар Алла" радикал тобының нысандарына әуеден шабуыл жасағанын хабарлады. ЦАХАЛ мәліметінше, шабуылға ондаған ұшақ, соның ішінде жойғыш ұшақтар қатысқан.
Израиль шабуыл жасаған электр станциялары мен порт арқылы хуситтер аймаққа Иран қаруы мен мұнайын жеткізеді. "Әл-Жазира" телеарнасы Израиль шабуылы салдарынан порт терминалындағы бір мұнай резервуары өртенген деп хабарлады.
ЦАХАЛ хуситтер жақында Израиль аумағына баллистикалық ракеталар ұшырды, соған қарымта ретінде соққы бердік деп мәлімдеді.
Хуситтер бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігі Израиль шабуылынан төрт адам қаза тауып, 30-ға жуық адам жараланды деп айтты.
28 қыркүйекте хуситтер Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ-тан келген кезде Израильдің Бен-Гурион халықаралық әуежайына шабуыл жасағанын хабарлаған. Кейін ЦАХАЛ әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі Йеменнен ұшырылған әскери ракетаны атып түсірді деді.
Хуситтер Йемен аумағының басым бөлігін бақылауда ұстап отыр. Былтыр қазанда олар АҚШ пен Еуропа Одағы "террористік ұйым" деп таныған палестиналық ХАМАС радикал тобының Израильге қарсы соғысына қосылатынын мәлімдеген. Содан бері хуситтер Израиль аумағын үнемі атқылап, дрондар жіберіп келеді. Шілдеде Йеменнен Иран өндірісінен шыққан дрон ұшырылып, Тель-Авивке түсті. Салдарынан бір адам қаза тауып, он адам жараланған.
ПІКІРЛЕР