Алматыда оннан аса белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Олар мұны АЭС референдумымен байланыстырады

Белсенділерді қолдап, Алматы қаласының полиция департаменті алдына жиналған адамдар. Алматы, 29 қыркүйек 2024 жыл.

29 қыркүйекте Алматы қаласы мен облысында кемінде 12 белсендіні полиция ұстады. Олардың үстінен "Қылмысқа дайындалу және оқталу", "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сот қаулысына сәйкес, кей белсендінің үйіне тінту жүргізілген. Белсенділердің адвокаттары төрт адам қамауға алынды деді. Қалғаны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Белсенділер тағылған айыптарға келіспейді.

Құқық қорғаушы Ринат Рафкаттың жазуынша, өткен демалыста Айдар Мүбараков, Нұрлан Темірғалиев, Фазылжан Сыдықов, Жанат Қазақбай, Нұргүл Жексембиева, Ақмарал Шатемірқызы, Галина Аккузова, Жеңіс Мақсұтов, Рақыш Тоқманбетов, Азат Төлеухан, Ерболат Әубәкіров, Нұрлан Жаулыбай ұсталған.

Адвокаттар Төлеген Берліқожа мен Ғалым Нұрпейісовтің Азаттыққа айтуынша, Мүбараков, Сыдықов, Қазақбай, Темірғалиев қазір қамауда отыр.

Қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбай белсенділер үстінен қозғалған істі Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша 6 қазанда өткелі отырған референдуммен байланыстырады.

– Билік қазір АЭС-ті халықтың басым бөлігі қолдамайтынына, оған қарсы екеніне көзі жетіп отыр. Сондықтан оны тоқтату үшін осындай репрессиялық қудалау, қысым көрсетіп, заңды теріс пайдалану әрекеттерін істеп жатыр, – деді қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбай.

Your browser doesn’t support HTML5

АЭС-ке қарсыларға кедергі, қолдаған студенттер. Астанадағы талқыдан репортаж

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Алматыдан бөлек, өзге аймақтарда да белсенділерге қысым күшейді деді. Айтуынша, Астанада да бірнеше белсенді ұсталғаны жөнінде хабар алған. Құқық қорғаушы билік мазасызданып, референдумның жақсы өтетініне күмән келтіріп отыр деп есептейді.

Алматыдағы белсенділердің ұсталуына байланысты мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Facebook-тегі парақшасында бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне қайырылып, сұрау салған. Депутаттың Азаттыққа айтуынша, құзырлы органдар бұл сауалдарына әлі жауап бермеген.

Азаттық белсенділерге байланысты Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбекке хабарласты. Ол ақпаратты анықтап жатқанын айтып, қоңырауды басып тастады.

Бір аптадан кейін, 6 қазанда Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесіне байланысты референдум өтеді. Онда "сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұрақ қойылады.

"Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – "Халық үніне құлақ асатын мемлекетке" тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз" деді 2 қыркүйекте халыққа жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда АЭС бойынша референдум 6 қазанда өтеді

Елде АЭС бойынша халық пікірі сан алуан. АЭС-ті жақтаушылар негізінен энергия тапшылығын алға тартса, АЭС-ке қарсылар атом станциясының қоршаған ортаға әсері мен өзге елдің технологиясына тәуелділік артуы мүмкін дейді.

Көпшілік АЭС салуды жақтаған жағдайда реакторды кім салатыны әзірге белгісіз. Қазақстан үкіметі тізімінде Ресей, Қытай, Франция мен Оңтүстік Корея компаниялар‎ы бар. Сарапшылар таңдау Ресейдің "Росатом" компаниясына түсе ме деп қауіптенеді.

2024 жылы Қазақстанның барлық ірі қаласында АЭС тақырыбына байланысты қоғам талқысы өтті. Талқылауға шақырылған спикерлер атом станциясын тұрақты энергия көзі деп мақтады, бұған қарсы азаматтар экологиялық қауіпсіздік мәселесін көтеріп, құрылыстың экономикалық тиімділігі мен АЭС салдарын сөз еткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АЭС референдумы: халықтың экологиялық құқығы сақталып жатыр ма?